Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытудың әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» деген болатын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Осы сөздерді қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені, рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.
Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни, 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал, Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен оқырман қауым хабардар болса керек.
Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен, 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал, рәміздер жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар 1200-дей өтінім түскен. Сондай-ақ, конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Тұңғыш Елбасының рөлі ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Ол Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізді. Термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр. Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді. Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан, қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз. Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып, «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Жасыратыны жоқ, кейде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайлардың орын алатыны бар. Бір жақсысы, ондай оқиғаларды ұлтжанды азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын аудартып, оларға заңнамаға сәйкес шара қолданылады. Рәміздер әлемдік контексте қазақстандық қоғамның бейнесін қалыптастырады. Көп жағдайда Н.Назарбаевтың күш-жігерінің, ел саясаты мен экономикадағы, ғылым мен мәдениеттегі, әскери саладағы және спорттық аренадағы жетістіктерінің арқасында біздің елімізді еуразиялық кеңістіктегі табысты және серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде барлық халықаралық қоғамдастық біледі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елорда күніне орай ту көтеру рәсімі кезінде: «Қазақстанның туы жер бетінен жоғары көтерілген сәтте біздің жүрегіміз еліміз үшін, біздің Тәуелсіздігіміздің барлық жетістіктері үшін мақтаныш сезіміне толы болады!», – деді. Әсіресе, спортшыларымыздың жеңістері кезінде біздің әрқайсымыз да осындай сезімге бөленеріміз шындық. Бейбітшілік үшін маңызды шешімдер қабылданатын форумдарда біздің Туымыздың көтерілуі Қазақстанның әділдікті, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қорғаудағы пікірі ескерілетіндігін көрсетеді.
Ақмола облысында мемлекеттік рәміздерді қолдану жүйесіне ерекше назар аударылады. Облыс әкімінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі Комиссия мемлекеттік рәміздердің жай-күйіне және қолданылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады.
2020 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде алғаш рет «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттауға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы іске асырылуда. Мемлекеттік рәміздер жастардың патриоттық рухта тәрбиелеу тұрғысында ерекше маңызға ие. Барлық іс-шаралар мемлекеттік нышандарды қолдану арқылы өткізіледі. Мысалы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75-жылдық мерейтойына орай, еріктілер үш мыңнан астам Жеңіс лентасын таратса, Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу аясында екі мыңға жуық Мемлекеттік ту таратылып, Мемлекеттік рәміздер бар футболкалар дайындалды.
Өңірімізде «Менің туым! Менің Отаным!» патриоттық акциясы белсенді түрде өткізілуде. Осыған орай, мемлекеттік туды қоғамдық орындарда, туристік нысандарда (маршруттарда), сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында орналастыру бойынша алты мыңнан астам іс-шара өткізілді.
Щучье-Бурабай және Зеренді курорттық демалыс аймақтарының туристік тартымдылығын ескере отырып, өңірде мемлекеттік рәміздер элементтері бар кәдесый өнімдерінің алуан түрлері кеңейді.
2020 жылы Ата Заңымыздың 25 жылдығы мерекеленеді, ал, келесі жылы еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл мерейтойлар Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерімен тығыз байланыс-
ты. Өйткені, басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстан, Конституция негізінде әрекет ететін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі. Ал, Елтаңба, Ту және Әнұран – мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейтін ажырамас құндылықтар.
Алтынай ӘМІРЕНОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы