Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұлықты болсын - АРҚА АЖАРЫ

Қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұлықты болсын

(Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықованың бізге айтқан тәлімді әңгімесі).

Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен алмастыра алмайсың.
Бүгінде Зере Еспайқызы отбасылық құндылықтар, ұлттық салт-дәстүр, қазақ қызына тән болмыс, қоғамның қалыптасуындағы аналардың рөлі туралы өңірлік форумдар мен барлық аудандық, қалалық мектептер жанынан құрылған отбасылық клубтардың іс-шараларына қатысып, олардың ашылуына мұрындық болып, ұлағатты әңгіме айтып жүрген ел анасы десек те артық болмас. Зере Еспайқызы жетекшілік ететін Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Аналар кеңесі 2014 жылы құрылған. Содан бері отбасындағы татулық пен қыз бала тәрбиесі мәселелеріне мән беріп, ананың рөлін арттыруда жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыттары отбасы құндылықтарын сақтауға және насихаттауға атсалысу, отбасылық дәстүрлерді дамыту ісімен айналысу, отбасы мәртебесін көтеру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту болып табылады. Оған қоса, аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандар мен отбасыларына жәрдем беру істерімен де белсенді айналысады.
Жалпы алғанда, өңірімізде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен қаншама қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп жүргені баршаға аян. Бұл шаралардың басты ұйымдастырушысы, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы. Аталмыш бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтқан ол:
– Отбасы клубтары барлық аудандарда ашылды. 2014 жылдан бері «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында білім беру мекемелері мен колледждер, жоғары оқу орындарында 18 қыздар клубы жұмыс істеуде. Мұнда қыз балаларды туған жерді қадірлеуге, ұлт мәдениетін құрметтеуге және тігіншілікке, аспаздыққа баулиды. Танымал қоғам қайраткерлері дәріс оқып, мамандық таңдау, табысқа жету бойынша шеберлік-сыныптары өткізіліп тұрады. 2014 жылдың қараша айында Аналар кеңесінің республикалық форумында білім беру мекемелерінде қыздар клубын ашу жөнінде бастама көтердім. Содан бері қыздарымыздың болашақта парасатты ана болу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Абай атамыздың өзі болашақ отау құру мәселесінде отбасы құндылықтарына қатты көңіл бөлген. Жастардың сүйіспеншілік сезіміне, тұрақтылық пен адалдыққа, ата-ана мен баланың, қыз бала мен ананың арасындағы қарым-қатынастарға ерекше мән берген. Мәселен, биыл Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл. Осы орайда, әртүрлі шараларды өткізу арқылы Абай хакімнің елдікке, бірлікке баулыған қасиеттерін ұрпаққа ұғындыру тұрғысында көптеген шаралар өткізіп келеміз. Білім мен ғылымға үндеген жастардың санасын, ақыл-ойын кеңейтуге көңіл бөлген. Сонымен қатар, қыздар арасында клубтар ашылды. Қазіргі туындаған бір мәселе, «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп қараған жағдайда қыздардың теріс бағытқа түсіп кетуіне жол бермеуін қадағалау, оларға тәрбие жұмысын жүргізу біздің Аналар кеңесі мүшелерінің бір парызы деп білеміз.
Біздің өңіріміз бойынша қыздарға арналған 80 клуб бар. Мәселен, Атбасар аудандық Аналар кеңесі мен Атбасар қаласындағы №8 орта мектепте «Шаңырақ» отбасылық қарым-қатынас клубы, Зеренді ауданындағы «Балқадиша», Сандықтау, Целиноград аудандарындағы қыздар клубтары да үлкен мәнге ие іс-шаралар өткізіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Қосшы ауылында өткен ауқымды шара да атап айтуға тұрарлық. Клубтар арасында байқаулар да өткізіледі. Оған қоса, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжіндегі «Балқадиша», Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі «Айғаным», Көкшетау қалалық №17, №18 орта мектептер жанынан құрылған «Мәншүк», «Қыз Жібек», Краснояр кентіндегі қыздар клубы, №3 облыстық мектеп-интернатында отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Сырғалым», Көкшетаудағы «Нұрай» балабақшасында ата-аналармен жұмыс жүргізетін «Шаңырақ» сынды қыздар клубтарының жұмысын ерекше атауға болады. Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген тақырыппен онлайн түрінде бірнеше рет өткен шаралардың тәрбиелік мәні зор, – дейді кеңес төрайымы Зере Еспайқызы.
Міне, осылайша үнемі тәрбие мәселесінде белсенділік танытып келе жатқан Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Бақытты шаңырақ – қуатты мемлекет» тақырыбымен 2019 жылы Көкшетауда өткен облыстық форумының барысында да ұрпақтар сабақтастығы, отбасы құндылығын сақтау, аналар кеңесінің рөлін арттыру сияқты мәселелер сөз болғаны белгілі. Сол форумда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев әр өңірде тыңғылықты жұмыс атқарып келе жатқан Аналар кеңесінің елеулі еңбегін айрықша айта келіп, алда да тың мақсаттың тұрғанын жеткізген болатын.
Өңірімізде ұлттық құндылықты дәріптеу мен өскелең ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстап келе жатқан Аналар кеңесінің төрайымы барша жерлестерін халықаралық отбасы күнімен құттықтай отырып, ең бастысы, ана болғаннан кейін біздің бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпағымыз, саналы да тәрбиелі, ізетті болып өссе екен деген аналық ақ ниетін жеткізді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар