Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ашиды жаның!.. - АРҚА АЖАРЫ

Ашиды жаның!..

Араққа салыну – психикалық дерт

Биылғы жылдың 5 айында 421 азамат алкогольдік тәуелділікке байланысты арнайы есепке алынып, қазіргі уақытта облыс аумағында бұл тізімдегілердің саны 6132 адамға жетіпті. Мамандар ащы суға құмарлықтың арты психикалық дертке душар етеді деп дабыл қағуда. Алайда, мұндай жағдайға тап болған тұрғындар мен олардың жақындары дәрігердің көмегіне жүгінуге асығар емес.

Статистикаға жүгінер болсақ, жоғарыда атап өткен жалпы арнайы есепке алынған 6 мыңнан астам адамның 1440-ғы әйелдер қауымынан екен. Өте өкінішті жағдай. Отбасының арайын ашып, шаңырағының шаттығын келтіріп, ұйытқысы болып отыратын нәзік жандылардың осылайша ащы судың құлына айналып кеткеніне жаның ашиды. Олардың 84-і биылғы жылы есепке алынғандар. Мамандардың мәліметінше, жыл сайын жүзге тарта келіншек осылайша аты жаман есепке ілінеді. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 5 айында түрлі себептермен, ішінде нақты емделіп шыққандары бар, өзге облыс аумағына қоныс аударғандары бар 561 адам бұл есептен шығарылған. Олардың да 118-і әйелдер.
–Алкоголизм дегеніміз патологиялық тұрғыда ішімдікке тәуелділік. Ол физиологиялық, кейін психикалық ауытқуға әкеліп соғады. Әлеуметтік, отбасылық кикілжің,  психологиялық жан жарасынан жыл басынан бері 2 мыңнан астам көкшетаулық ішімдікке бой алдырған. Әдетте, адамдар өздерінің ащы суға тәуелді болып бара жатқандығын сезінсе де, мамандарға баруға аяқ баспайды, керісінше, кешігіп, әбден ушыққан кезде ғана жүгініп жатады. Бұл дерт екінші кезеңге өткенде адамның болмысы өзгере бастайды. Бірінші кезеңде күнделікті ішімдік тұтыну, отбасылық кикілжің орын алады. Ондайда араққа аса тәуелділік жоқ, алайда, оның туындау қаупі артады. Кейін, психологиялық, физиологиялық тәуелділік пайда болады. Ол қалай көрініс береді? Физиологиялық тәуелділік адамды үздіксіз ішімдік ішуге мәжбүрлейді. Спиртті өнім тұтынбаса, басы, денесі ауырады. Дұрысы, туыс-туғандары ертерек дабыл қағып, бірінші кезеңде-ақ маманға жүгіну керек, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының наркологиялық қызмет басшысы Ғалия Мұхамедиярова.
Екінші кезеңде мамандар медикаментозды түрде ағзаны қалпына келтіру бойынша ем жүргізіп, ішімдікке тәуелді болуға жақын қалғандарды одан айықтыра алады екен. Үшінші кезеңге өтіп кетсе, ол адамның құрдымға кеткені. Тәуелді жан бір жұтым ішімдік үшін көше кезіп кетуге әзір тұрады, үйіндегі барды сыртқа таси бастайды. Мұндай қауіпті дерттен маманның көмегінсіз құтылғандар мыңнан біреу ғана болады. Біздің облыста мұндай күрделі жағдайға душар болған адамдарға Зеренді ауданының Өзен ауылында орналасқан бұрынғы «Сенім», яғни, қазіргі облыстық психикалық денсаулық орталығының әлеуметтік оңалту бөлімшесі көмек көрсете алады. Шын мәнінде ішімдікке салынған, алкогольге тәуелді адамдардан күдер үзуге болмайды екен. Бұған осы орталықта емделіп шыққан адамдардың ынта-жігері дәлел.
–Бар ғұмырымның 22 жылы зая кетіпті. Осы орталық мамандарының арқасында өмірдің мән-маңызын түсіндім, сол үшін алғысым шексіз. Олар маған жеке басымдағы осы жағдайға тура қарауды үйретті. Қазір тәуелділіктен толық құтылдым деп ойлаймын. Отбасын құрып, жұмысқа орналастым. Тіпті, осы орталыққа арнайы келіп, өзім тәрізді өмірдің шырғалаңына түскен жандарға кеңес беріп жүремін, – деді есімін айтпауды сұраған, ащы суға тәуелділікті жеңген азамат.
Өкінішке орай, мұндайда шөлмектің түбіне бір үңілген жанның қайта шығарға дәрмені болмай қалатын кездер де көп. Мұндайда өзінен бастап, оның жақындары және кәсіби мамандар үш жақтап бірлесіп, әрекет етуі тиіс. Алайда, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды алсақ, маскүнемдікті психологиялық мәселе деп, жаман жолға түсушіге көмек қолын созудың орнына оны кінәлауға бейім тұратынымыз рас. Мұндайда, «жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, ағайын-туыс, дос-жаран арасында осындай жағдайға душар болғандарды сөз етіп, келеке қылмай, оған психологиялық тәуелділіктен айығуға жол көрсетіп, жәрдем жасау керек.
–Тәуелді адаммен қатар, оның жақындары да психикалық дағдарысқа түседі. Отбасы мүшелері, мәселен, жұбайлары да шектен тыс күдікшіл, уайымшыл болып кетеді. Бұл – мәселенің шешімі емес. Ондай тәуелділік сезілсе, әлгі адамдарың бірден маманға жүгінуіне қол жеткізу керек. Интернеттен неше түрлі дәрі-дәрмекті тапсырыспен алып, оны берудің қажеті жоқ, – дейді орталықтың әлеуметтік қызметшісі, тәуелділікпен күрес жөніндегі нұсқаушы Исламғали Краманов.
Биылғы жылдың 5 айында 421 ақмолалық ішімдікке салынғандардың тізіміне еніп, қазіргі уақытта 6132 адам арнайы есепте тұр деген жақсылық емес. Наркологтар олардың көбі сала мамандарына алғаш рет жүгінген адамдар дейді. Бұған да шүкір. Демек, бірден дабыл қаққан, тікелей маман көмегіне көңіл бөлгендердің саны артып келеді деген сөз.
Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің алкогольге тәуелділігіне келер болсақ, біздің қоғамда ондай жағдайлар жоқ емес. Бірақ, олар 2010 жылдан бері есепке қойылмайды. Себебі, мектептерде 16 жастан бастап, жоғары және арнаулы оқу орындарының барлық студенттері міндетті түрде наркологиялық тестілеуден өткізілген. Алайда, соңғы екі жылдың ішінде біздің облыстық психикалық денсаулық орталығы осындай аса қажетті наркотестілерді өз қаражаттары есебінен сатып алған. Министрлік соңғы жылдары оған қаражат бөлуді тоқтатыпты.
–Кәмелетке толмағандар мен студенттер арасында алкогольге құмартудың алдын алу үшін мұндай тестілерді өткізіп тұру аса маңызды. Себебі, олар тест өткенде оң нәтиже шықпауы үшін айналасындағы ащы суға тәуелді немесе наркотикалық бұйымдарды қолданатын таныстарының азғырғанынан бас тартады. Сондықтан, мұндай тестілеулерді өткізіп тұру өте қажет, – дейді орталықтың медициналық статисі Гүлмира Асқарқызы.
Жуырда Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушылары арасында арнайы наркотестілерді өткізуді 13 жас-
тан бастау қажеттігі туралы бұйрық шығарды. Ал, біздің елде керісінше, мұндай тестілеуді жүргізуге жағдай жасап, оны жасөспірім жастан бастауға тапсырма берудің орнына қаржысын қысқартып тастады. Егер мұндай тестілеулер білім ордаларында жасалынбайтын болса, алкогольге де, есірткіге де тәуелді адамдар көбейіп кетеді. Әрине, бетін аулақ болсын дейміз…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар