Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! - АРҚА АЖАРЫ

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Қиын тағдыр иесі

Міне, биыл Ұлы Жеңіске 75жыл! Сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн! Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан ардагер ата-апалар, сіздерге мың тағзым! Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді ардақтау баршаның міндеті деп санаймын.

Себебі, ол кісілер ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсете отырып, адам төзгісіз қиыншылықтарды жеңіп, халықтың адал ұлдары мен қыздарына айналды. Осындай ерлердің бірі қымбатты елі мен жері үшін жан аямаған, бар саналы ғұмырында «Ердің аты елменен, ел қорғаны ерменен» деп өткен Ұлы Отан соғысының ардагері, біздің ұлы атамыз Балмұқан Аққошқарұлы Кенбаев. Балмұқан атамыз 1918 жылдың 15 мамырында қазіргі Бурабай ауданы Кіндікқарағай ауылында дүниеге келген. 1939-1941 жылдары 34-атқыштар полкында фин соғысына қатысқан.
Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталысымен Смоленск шайқастарына қатысып, одан Витебск маңында бомбалау кезінде контузия алған атамды немістер тұтқынға алған. Беларусь Республикасының Гродно қаласындағы лагерьде болып, сол жерден оларды Сараево қаласына жақын көмір шахтасында жұмыс істеу үшін Югославияға ауыстырған. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жау қолында жапа шеккен атамыз амалын тауып қашып шығып, сол Югославиядағы Броз Тито басқарған партизандар қозғалысына қосылған.1945 жылдың наурыз айында Югославия астанасы Белград қаласында жауап алуға тартылып, кейін қайтадан әскери ант қабылдап, Будапешт түбіндегі шайқастарға жіберілген. 1945 жылдың 27 сәуірінде Вена қаласы жаудан тазартылғаннан кейін Дунай арқылы Чехословакия Республикасы жағына аттанған. Атамыздың айтуы бойынша сол жылы 9 мамыр күні 20 гвардиялық дивизияның екінші атқыштар полкы американдықтармен кездескен. Содан кейін Сталиннің бұйрығы бойынша мұғалім ретінде оны Қызыл Армия қатарынан босатқан. Осылайша 1945 жылдың қараша айының соңында елге оралып, 1946 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1949 жылдың тамызына дейін Жаңатал бастауыш мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған.
Содан жас ұрпаққа білім беріп жүрген ұстазды 1949 жылы тұтқында болғаны үшін НКВД қамауға алып, 6 ай бойы тергеуде жатып, Жезқазған лагеріндегі түрмеге 25 жылға бас бостандығынан айырып жібереді. Себебі, жау қолына тұтқынға түсіп қалған жауынгерлерді сатқын санаған көзқарас тек Кеңес өкіметінде болды. Ал, халықаралық қауымдастықта соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарау дәстүрі қалыптасқан еді. Соғыс тұтқындарының Отанға қайтқаннан кейiнгi тағдыры да өте қайғылы болды. «Атамыз көзіне жас алып, «бәрі іріктеу лагерьлеріне жатып шықты, бұлардың тұтқынға арналған лагерьден айырмашылығы шамалы еді. Жасы мен денсаулық жағдайына қарай бір бөлігі демобилизацияланып, бір бөлігі ұзақ мерзімге еңбек лагерьлеріне жіберілді» деп айтушы еді» дейді әкем Еркін Қуандықұлы.
Атамыз ары таза, Отанға берілген адал жауынгер болған соң үмітпен өзінің ісін қайта қарау туралы Жоғарғы Кеңеске өтініш жазады. Содан 1951-1954 жылы істі қайтадан қарау туралы жауап келеді. Сөйтіп, 1954 жылдың қараша айының соңында атамыз ақталып, түрмеден босатылған. Бастан кешкен қорлық пен сұмдықтардан екінші мәрте контузияға ұшырап, Алексеевкада 6 ай ем алған соң оған 2 топтағы мүгедектік беріледі. Елге оралып, әрі қарай 20 жылдан астам қажырлы еңбек етіп, 1975 жылы зейнеткерлікке шыққан еді. Осы жылдар бойында атамыз көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ұлы Жеңістің 25, 30, 40, 50 жылдық, КСРО Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдық мерейтойлары Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың медальдарымен және көптеген грамоталармен марапатталған.
Атамыз Ұлмекен есімді аяулы әжеміз екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 18 немере-шөбере сүйіп, 2004 жылы 86 жасында өмірден өтті. Біз бүгінде Балмұқан және оның туған ағасы Баймұқан аталарымызды қазіргі жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде үлгі болатын қастерлі тұлғалар деп мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақ елінің балғын балаларының басты парызы – Ұлы Жеңістің маңызы мен мәнін қастерлей білу деп білеміз. Мен атам секілді ардақты, батыр адамның шөбересі болғаныма қуанамын әрі мақтанамын!
Мерей ҚУАНДЫҚОВА,
Көкшетау қаласындағы IT мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар