Марат Сырлыбаев,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім, ғылым, оқу саласына көп көңіл бөліп, қордаланған өзекті мәселелерді көтерді. Қазіргі уақытта еліміздегі жоғары білім жүйесі түбегейлі жаңғыртуға ұшырауда. Қоғамның болашағы тек қана бәсекеге қабілетті, сапалы мамандарға байланысты екендігін бүгінгі күн талабы айқындап отыр. Осы орайда, Шоқан Уәлиханов атындағы білім ордасының қаншалықты осынау заманауи үрдіске ілесіп келеді деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Университетіміздің академиялық саясаты мынадай негізгі міндеттерді айқындайды: инновациялық білім беру, оның ішінде оқытудың көп тілді және қос дипломды бағдарламаларын дамыту, әлемдік білім беру интеграциясына кеңінен тартылу, білім беру нарығындағы бәсекеге дайын болу, стратегиялық басымдықтарға ұмтылу болып табылады. Аталмыш талаптардың дәлелі ретінде ARES-2019 (AcademicRankingofWorldUniversities – EuropeanStandard) Халықаралық рейтингінің қорытындысы бойынша қазақстандық ірі университеттер арасында 17-ші орын алып, алдыңғы санаттарының бірінен көрінді. Еліміздің ТОП-20 жоғары оқу орындарының бас рейтингісінде зерттеу нәтижелері бойынша 2018 жылы біздің университет 14-орынды, 2019 жылы 12-орынды, ал, биыл 10-орынды иеленді. Бұл өте жоғары көрсеткіш, университет үнемі өсетін, дамитын организм ретінде өзінің оңтайлы динамикасын көрсете білді. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттігі туралы ұсынысына орай білім беру бағдарламалары жаңартылып, бірқатары республика бойынша үздік ондыққа кірді.
Ұстаз – кез-келген қоғамның рухани тірегі, жан азығы, ағартушы күші, айнасы десе де болады. Ұстазы мықты ел – алдыңғы қатарлы, озық ойлы ел. Осы тұрғыда жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеру туралы ұсынысты мен де қолдаймын. Шынында «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында бірқатар жеңілдіктермен бірге, мектеп мұғалімдерінің жалақысы артты да, жоғары мектеп жағдайы қарастырылмады. Жоғары оқу орнының бюджеті мемлекеттік грант, ақылы негізде білім алушылардан және ғылыми- зерттеу жұмыстарынан құралады. Ол үшін мемлекеттік гранттар құнын арттыру арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін президентіміз баса айтты: қазіргі кезде білім беру гранттарының орташа құны 340-420 мың теңгені құрайды, техникалық бағыттағы мамандықтар үшін 635 мың теңге. Келесі жылы осы грант құнын 1 миллион теңгеге жеткізуді ұсынады. Ақылы бөлімде білім алушының да төлем ақысы осы грант құнынан кем болмау керек деп есептейміз. Сонда ғана жоғары мектеп оқытушылар құрамының жалақысын көтеруге, оқу орнының материалдық базасын нығайтуға, әлемдік заманауи зертханалармен жабдықтауға, сапа көрсеткішін арттыруға мүмкіндік туады.
Нағыз мұғалім іргелі оқу орнында болаттай шыңдалады, бәйге аттай жаратылады, сосын барып додаға түспей ме? Президент білім саласының сапасын жақсарту үшін білім ордаларына қойылатын талаптың күшейтілетініне тоқталды. Осыған байланысты дипломды оңды-солды беретін оқу орындары жабылады деген сөзінің де жаны бар. Толық қосыламын. Министрліктің талабына сәйкес, келесі жылдан бастап оқу бітіру туралы дипломды жоғары оқу орны өзі береді. Мұның өзі білім нарығында бәсеке тудырып, жұмыс берушілердің сапалы мамандарға деген сұранысын күшейтеді, оқу орындарының қаншалықты білікті мамандар дайындап, білім көшінің шаңын қауып қалмауына, аталмыш өзгерістерге дайындығының қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Нәтижесінде жоғарыда айтылған сапасыз дипломдар беруді шектеуге, келеңсіз көріністерді жоюға мүмкіндік туады деп ойлаймыз.
Үндеуде білім саласындағы басқару органдарын жетілдіру туралы айтылды. Бізде 2011 жылдан Қамқорлық кеңесі жұмыс істеуде, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, білім беру, мәдениет, өңірдің қоғамдық ұйымдарымен, бизнес-құрылымдардың өкілдері және университет басшылығы кіріп отыр. 2016 жылы Университетте корпоративтік басқару органы болып табылатын Байқау кеңесі құрылды. Бүгінгі таңда Байқау кеңесі 7 адамнан тұрады, кеңесті министрліктің Жауапты хатшысы басқарады. Байқау кеңесі университеттің білім беру саясатының іске асырылуын, университет қызметінің нәтижелерін бағалайды, қаржылық және кадрлық мәселелер, даму жоспары және оны жүзеге асыру жағы қарастырылады. Сонымен қатар, үкімет қаулысына сәйкес республикамыздың барлық 27 мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам (КЕАҚ) болып қайта құрылды. Жарғы бекітіліп, қазіргі уақытта әділет органдарынан тіркеуден өтуде. Кейін директорлар Кеңесі құрылмақшы. Бақылау кеңестерінің жоғары оқу орындарында енгізілуі – республика жоғары білімінің жүйелі реформалары жолындағы кезекті және өте маңызды қадам екендігін айтқым келеді. Бәріміз білеміз, әлемнің жетекші университеттерінде алқалы корпоративтік басқару және университеттер қызметін қоғамдық қадағалау-бақылау кеңестері арқылы жүзеге асырылады, олардың құрамына ірі бизнесмендер, қоғам қайраткерлері және билік өкілдері кіреді. Құзыреттілігіне білім ошағының стратегия-
сын анықтау, оның даму бағдарламаларын, кадрлық және қаржылық мәселелерін шешу мен басқару жүйесіне ашықтық кіреді және бұл сыбайлас жемқорлықпен күресуге септігін тигізеді.
Батыстың жетекші оқу орындарының Кеңестерінде Нобель сыйлығының лауреаттары, белгілі саясаткерлер, ірі қоғам қайраткерлері бар. Олар университеттердің дамуына айтарлықтай инвестициялар, акциялар тартады, ірі ғимараттар, оқу-спорт кешендерін салуға септіктерін тигізеді. Өзім іс-сапармен АҚШ, Франция, Ұлыбритания елдерінде болғанда талай көрдім. Осы Кеңестердің мүшелері, белгілі меценаттар құны бірнеше миллиондық оқу кешенін, кампустарды сыйға тартқанына куә болдым.
Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қасым-Жомарт Тоқаев колледждердің академиялық дербестігін енгізуді, оқытудың кредиттік технология-
сына көшуді, жан басына қаржыландыруды енгізуді техникалық және кәсіптік білім жүйесінің маңызды реформалары деп белгіледі. Уақыт шынайылығы, нарықтың қазіргі даму тенденциялары, оқу орындарын бәсекелестіктің қатаң шеңберінде ұстайды. Білім беру қызметінің нарығындағы қазіргі, жетекші ойыншы болу – бүгінгі күннің міндеті. Колледж педагогтары заманауи кадрларды даярлау сапасына ынталы. Бұл «Жаңа кәсіптер мен құзыреттіліктердің атласын» енгізу шеңберінде жаңа мамандықтарды ашу мүмкіндігі, өзінің нәтижелілігін көрсеткен оқытудың тиімді технологияларын пайдалану, тәрбиелік бағдарламалардың кең ауқымы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес аттестаттаудан өту есебінен жалақыны ұлғайту мүмкіндігі.
Мемлекет басшысының мақаласы Ш.Уәлиханов университеті жанындағы көпсалалы колледждің ұстаздар ұжымын және студенттерін жауапкершілік пен кәсібилікті құрайтын жаңа жетістіктерге қол жеткізуге бағыттады. Жалпы, қандай мемлекет болмасын, оның негізгі капиталы – адам екені белгілі. Адам мен қоғамды ажырата алмайсың, екеуі бір бұлақтың көзінен арна алады. Мемлекет адамдардың кәсіби біліктілігі мен адами құндылықтарына сүйенеді. Осы орайда көнілге қонымдысы – мемлекеттік гранттарды бөлуде академиялық жетістіктермен қатар, келешекте білім алушылардың әлеуметтік-экономикалық негізін де, яғни, жастарға, студенттерге білім алу үшін барлық мүмкіндіктер қарастыру қажет екендігі айтылды. Өз басым студенттер мәселесіне қатты көңіл бөлемін, кезінде студент болдық, жатақханада тұрдық, ащы-тұщысын көріп өстік. Өзім де көп балалы отбасынан шығып, интернатта өстім, бірнеше облыстарда істедім, сондықтан жастар жанайқайы жаныма жақынырақ. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына әрқашан көңіл бөліп отырамын. Сондықтан, жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы отбасынан шыққан студенттерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, мүгедектік топтағыларға оқу ақысы, жатақхана мәселесінде әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Барлық білім алушыларға тегін медициналық қызмет көрсетеміз. Жуырда ғана жазғы, ашық спорт алаңын салып үлгердік.
Оқу корпустарында қолжетімді ортаны құру мақсатында пандустар, көтергіштер, шақыру кнопкалары, бас корпуста – мамандандырылған лифт, тактильді еден төсеніштері орнатылған, осындай үй-жайларға қойылатын талаптарға сәйкес әмбебап гигиеналық бөлмесі жабдықталған.
Студент жастардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, 2019-2020 оқу жылында студенттік жатақханаларда тұру құны айына 6900 теңгені ғана құрады. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап біздің университеттің студенттеріне, магистранттар мен докторанттарына нормаларға сәйкес шәкіртақы қосылды. Бұқаралық-мәдени шараларға әкімшілік қана емес, студенттік кәсіподақ арқылы да материалдық көмек көрсетіледі. Жатақхана салу мәселесін де қолға алып жатырмыз. Жер телімдері мен жобалық-қаржы құжаттары дайын. Қазіргі уақытта құрылысқа инвесторларды тарту жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Мемлекет басшысы қолға алған оң өзгерістердің бірі – мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру болып табылады. Тіл мәселесінің дамуын басты назарда ұстай отырып, оқу орындарындағы жастарды тілге үйретудің нәтижелілігін арттыру үшін Еуропа елдерінің озық тәжірибесіне сүйену керектігі де баса айтылды.
Мемлекеттік тіл мәселесі – өте маңызды, әрі жауапты іс. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамытып, оның қолдану аясын одан әрі кеңейту және мәртебесін көтеру мақсатында оқытудың тиімді де оңтайлы жолдарын сапалы ұйымдастыру қажеттігін тұрақты күн тәртібіне қоюымыз керек.
Кәсіби білікті мамандарды мемлекеттік тілде дайындаудың алғы шарты – жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттер өз мамандықтары бойынша ғылыми терминологияны толық игеруі тиіс. Егер студент жоғары оқу орнында мамандық негіздерін ғылыми тұрғыда меңгермесе, онда нағыз біліктілік деңгейіне жете алмайды. Бұл – қазіргі өмір шындығы. Тілдерді толық игергенде ғана жас маман күнкөрісіне қажетті еңбекке орналаса алады және өз мамандығы бойынша кәсіби қалыптасуын жетілдіріп, кемелденуге мүмкіндік алары сөзсіз. Өз басым мектепті қазақша оқыдым, қазақ тілді ортада өстім, балаларым өз тіліміздегі мектепке барады. Тіл мәселесін мен жақсы түсінемін және барынша қолдаймын. Бұл біздің стратегиялық бағытымыз.
Университетіміздегі мемлекеттік тілді оқыту мәселесіне тоқталар болсақ, оқу ордасындағы білім алушы студенттердің 70 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс тілінде білім алады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта көп тіл білу де керек деп ойлаймын. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап қуанатынымыз да белгілі. Әрине, әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік тіл бірінші орында болып табылады.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі қажеттілік. Осыны әрбір қазақстандық түсінсе екен.
Алдымызда тұрған келелі мәселелердің бірі – отандық ғылым саласы. Соның ішінде маған ерекше ұнағаны – аталған салаға бөлінетін қаржының арттырылатыны туралы шешім болды. Білім беру жүйесі лайықты нәтиже көрсетіп, елдің дамуына қарқынды үлес қосып отырған Еуропа елдері, Сингапур, тіпті көршілес Ресейдің өздері білімге қаржы бөлуден алдыңғы орында тұр. Ал, бізде алдыңғы қатарлы елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш көп төмен. Мәселе ашық түрде айтылды, бірқатар міндеттер қойылды, ендігі міндет осы істі іске асыру.
«Ғылым кадрларын даярлау үшін, ең алдымен, оларға жағдай жасау керек», – деді Президент. Бұл тұрғыда университет көп бейінді, сондықтан да, өңір өндірістерінің қажеттері үшін барлық ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындауға бағыт алып отыр. Өткен жылдан бастап университет ғалымдары жетекші инженер-өндірушілермен бірге, «Тыныс» акционерлік қоғамы және «Тиолайн» серіктестігі қажеттілігімен жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуде. Екі жобаның да ғылыми-зерттеу бөлігімен қатар өндірістік жағдайдағы тәжірибелік-конструкторлық бөлігі де бар. Біріккен ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша кәсіпорындар өзінің әрі қарай дамуын жоспарлап профессор-оқытушылар құрамына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оқытушылық-профессорлық құрамы қатарындағы ғылыми дәрежелері бар оқытушылар үлесін арттыру – бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін арттырудың маңызды факторларының бірі.
Ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстарға қойылатын талаптарды арттыру материалдық-техникалық базаны ұлғайтумен қатар жүреді. Тек 2019 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған жалпы қаражаттан шамамен 38 пайызы жабдықтар, шикізат және шығыс материалдарын сатып алуға пайдаланылды. Университеттің жалпы бюджетінен ғылымды қаржыландыру үлесі қазірдің өзінде бірнеше есе өсті.
Біздің Erasmus+Еуропалық бағдарламасына қатысуы университеттің жаңа заманауи зертханасын, яғни, «Су сапасының зертханасын» жабдықтауға мүмкіндік берді. «Көкшетауминводы» акционерлік қоғамымен де тұрақты ғылыми ынтымақтастықта байланыс жасаймыз.
С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институт базасында көп жылдар бойы селекция және тұқым шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік зертханасы жұмыс істейді, ол кадрлар даярлаудың ауыл шаруашылығы бағыты бойынша студенттер, магистранттардың және докторанттардың ғылыми қорытынды жұмыстарын жүргізу алаңы болып табылады.
Экономиканың аграрлық секторының міндеттеріне тәжірибелік зерттеулер жүргізуге арналған «Элит» оқу ғылыми-өндірістік кешені біз үшін маңызды зерттеу орталығы. Ғалымдардың кадрлық әлеуетінің және материалдық-техникалық жабдықталуының болуы тұрақты негізде республикалық гранттық жобаларын, сондай-ақ, шаруашылық келісім-шарт жұмыстарын орындау бойынша тапсырыстарды алуға мүмкіндік береді. 2019 жылы аграрлық-экономикалық институт базасында 16 жоба іске асырылды. Біз он жылдан астам уақыт бойы Еуропалық одақ бағдарламалары бойынша жобалардың белсенді қатысушысы болып табыламыз. «TEMPUS IV», «ERASMUSMUNDUS», «ERASMUS +» және біздің елімізде іске асырылған және іске асырылып жатқан бірлескен еуропалық білім беру жобаларының саны бойынша Қазақстанның 133 ЖОО-лары арасында 5-ші орындамыз. Өңірлік университет үшін бұл өте жоғары нәтиже. 2015 жылдан бастап «ERASMUS+» бағдарламасы шеңберінде 7 жобаны іске асырудамыз. «ACADEMICA» оқу бағдарламаларын жаңғырту және әзірлеу арқылы Орталық Азиядағы жоғары білімнің қол жетімділігі және үйлесімділігі», «EduEnvi» Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындарында мамандар даярлау кезінде қалдықтарды тұрақты басқару саласындағы құзыреттілікті арттыру, «PAWER» өңіраралық ұтқырлыққа және сәйкестікке, сапаға және қол жеткізу теңдігіне жол салу, «LMPI» кәсіпорындарда компьютерлік жүйелер мен желілерді дамыту, әкімшілік ету, басқару және қорғау бойынша бакалавриат және кәсіби магистратура бағдарламасы, «SARUD» тұрақты ауыл шаруашылығы және ауылдық аудандардың дамуы, «KUTEL» Қазақстан университеттері жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқыту сапасын қамтамасыз ету процестерін жетілдіргені үшін, «NICoPA» нақты егіншілік бойынша жаңа және инновациялық курстар. Осы халықаралық жобаға қатысу, әрине, біз үшін өте тиімді. Қарап отырсақ, жобаларды қаржыландыру 500 мың Еуродан асты, оның ішінде 200 мың Еуроға құрал-жабдықтар сатып алдық. Осы жоба аясында оқытушылар, студенттер мен магистранттарды оқыту курстары, зертханалар ашылып, ғылыми маңызы бар үлкен форум, конференциялар өткізілді.
«ERASMUS +» бағдарламасы бойынша 700-ден астам студент, 60 оқытушы біліктілігін арттырды, 6 оқу курсы әзірленді, 46 пән жаңғыртылды, 3 монография, 20-дан астам ғылыми мақала жарияланды.
«Алтынтау-Көкшетау», Ақмола облысы әкімдігі, «Эко-Dump» және «LS Kokshetau» серіктестері, Экология департаменттерінің жұмыс беруші ретінде білім беру бағдарламаларын талқылауға, бекітуге қатысуы, жобалардың тұрақтылығының жарқын көрінісі болып табылады. Жалпы, әрине оқу орнымыздың ғылым саласындағы табыстары қуантады, бірақ бәрі қаржыландыруға байланысты екені белгілі. Ғылым саласында қаржыландыруды 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің ғылымның 1 пайызына дейін жеткізу – отандық ғылымның жоғары деңгейге шығуына, бәскеге қабілетті ғылыми жобалар жасап, жаңалықтар ашып, елдің экономикасын көтеруге мүмкіндік берері сөзсіз.
Соңғы жылдары ғылымға жастардың келуі, жас ғалымдар дайындау барысы тоқырап қалғаны рас. Қаншама дарынды жастар жалақының аздығынан, әлеуметтік тұрғыда жеткілікті қамтамасыз етілмегендіктен басқа салаларға ауысуға мәжбүр болды. Президентіміздің доктаранттар стипендиясын 150 мың теңгеге дейін ұлғайту және жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыруды жалғастыру бойынша тапсырмасы – ізденуші жастарға үлкен мүмкіндік беріп ынталандырар еді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халық алдындағы есеп беру кездесуінде де жуырда жас ғалымдар үшін гранттық конкурстар жарияланатынын айтып өтті. Осы жерде айтарым, ғылым саласын тек қана қаржыландырумен шешу мүмкін емес. Біз әлемдік ғылыми кеңістікте тезірек және белсенді атсалысуымыз керек, яғни, алдыңғы қатарлы, озық оқу орындарында тағылымдамадан өту, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту, ұлттық ғылыми мамандарды өсіру үшін шетелдік ғалымдарды шақыру, тағы басқалары. Осы бағытта шешілмей жатқан да сұрақтар бар. Оны барлық ғалымдар жақсы біледі. Мысалы, халықаралық ғылыми танымдыққа ие болу, үлкен рейтингті журналдарға мақала – публикация жариялау үшін ғалымдарымыз «бәйгеге» түсіп әлек. Өйткені, әкімшілік талап сондай. Шын мәнінде біз осы «престижді» шетелдік журналдарда ғылыми еңбегімізді бастыру үшін қаншама ақша, ой-идеяларымызды экспорттап жатырмыз. Осы жүйені неге өзімізде ұйымдастырмасқа? Біз өзіміздің ғылыми бастамаларымызды әлемдік деңгейге дейін көтеруіміз қажет. Неге батыстық ғалымдар біздің ғалымдарымыздың еңбектеріне сүйенбейді, неге ғылыми тұжырымдарын пайдаланбайды. Мысалы, неге қазақ тілі, әдебиеті жөніндегі деректерді шетелдік басылымда әжептәуір ақша төлеп бастыруымыз керек? Бұл ерекшелігі бар, отандық ғылымға тән ұлттық ғылыми бағыт емес пе?! Тіл бойынша барлық білікті мамандар елімізде, өзімізде ғой… Айта берсек әрине, сұрақтар да, толғандырған түйінді ойлар да, күрмеуі көп толғақты мәселелер де жеткілікті.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, орта білім мәселесіне, көп ауысымды мектептердегі оқулықтар сапасына, оның авторларының жауапкершілігіне, балалар тәрбиесінің қауіпсіздігіне назар аударуда. Білім мен ғылым, өндіріс саласының тығыз байланысы сияқты бірқатар мәселелер бойынша да ой бөлісіп, нақты ұсыныстар жасады, тиісті тапсырмалар берді. Алдағы уақытта білім саласы бойынша оң нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін. Мақсат айқын, меже бар, күш-жігерді осы ауқымды сұрақтарды шешуге жұмылдырсақ – отандық білім мен ғылымның әлемдік деңгейде шарықтайтын сәті де алыс болмас.