Бурабай курортында биіктігі 42 метр шолу шеңбері және отбасылар мен балаларға арналған, сондай-ақ, экстремальды бағыттағы аттракциондар салынып жатыр.
«Бурабай даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірыңғай байланыс орталығының басшысы Азамат Баймұқановтың айтуынша, нысан құрылысы «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылуда. Шолу шеңбері мен түрлі қызықты аттракциондар Бурабай курортына келетін туристердің көңіл көтеріп, дем алатын сүйікті орнына айналмақ.
–Бұл жалпы құны 347 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жоба. Оны «Колесо удачи» серіктестігі жүзеге асыруда. Нысан Бурабай кентінің орталығындағы «Бурабай даму» серіктестігінің визит орталығы аумағында орналасады. Қазіргі кезде, жер телімі анықталып, шолу шеңберін монтаждау үшін алғашқы қазығын қағу жұмыстары жүріп жатыр. Коронавирус пандемиясы кедергі келтірмесе, аталмыш нысанды үстіміздегі жылдың шілде-тамыз айларында пайдалануға беру жоспарланған, – дейді Азамат Баймұқанов.
Салынатын аттракциондар да тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Бұл Бурабай тұрғындары мен қонақтарына курортты аймақтың табиғатын жыл бойы тамашалауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.