Қазақ халқы ежелден отбасы деген ұғымға ерекше мән берген. Оны жылылық пен сыйластықтың нышаны еткен.
Осынау мерекелік күнде біз жақындарымыз бен туғандарымызға қамқорлық танытып, оларға қолдау көрсету қажеттігін жас ұрпақтың санасына құя түсеміз. Тату-тәтті отбасы мүшелері өмірде кездесіп жататын қиыншылықтар мен ауыртпалықтардан мойымай өтуде бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетеді, қамқор болады. Қоршаған ортасына мұндай отбасылар жылылық, махаббат пен сүйіспеншіліктің қалай болатындығын айқындай түседі. Бүгінде осыны Көкшетау қаласында полиция қызметінде қажырлы еңбегімен көзге түсіп жүрген А.С.Метаевтың отбасынан да аңғаруымызға болады.
Азамат Сайлаубайұлы Метаев полиция подполковнигі, Көкшетау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөліміне жетекшілік етеді. Ал, оның жан жары Әсел Метаева – отбасының тірегі, кез-келген жағдайда отағасына қолдау көрсете алатын, сенімді серігі. Үлкен ұлдары Елордада С.Сейфуллин атындағы қазақ аграрлық университеттің студенті, «транспорттық техника және технология» бойынша білім алуда. Екінші ұлдары мектеп қабырғасында 9 сыныпта оқиды. Ақпараттық технологияларға бейім, алғыр бала, болашақта ІТ-маман болғысы келеді. Ал, отбасының еркетай қыздары әлі балабақшада тәрбиеленіп жүр, би үйірмесіне қатысады.
Жұптары жарасқан ерлі-зайыптылардың шаңырақ құрғандарына биыл 20 жыл. Олар бұрынғы Ленинград, қазіргі Ақжар ауданында танысып, табысыпты. Содан бері туған-туыс бауырларының, достарының арасында үлгілі, берекелі отбасы ретінде қалыптасқан ерекше орындары бар. Отанасы Әсел Метаева өзінің жеке ісімен айналысады.
«Отбасының ұйып отыруының ең басты кепілі бір-біріне деген сенім, түсіністік және қолдау мен қамқорлық» дейді ерлі-зайыптылар.
Азамат Сайлаубайұлы – жеке құрамды басқара алатын білікті басшы, адал дос, сенімді әріптес. Оның еңбек тәжірибесі мол, білімді азамат. Қызметкерлеріне қажет кезінде қол ұшын соза алатын іскер басшы екендігін сыйластықпен әріптестері де айтып жүреді. Үйінде, отбасы айналасында ол – адал жар, қамқор әке.
Азамат Сайлаубайұлы полиция басқармасында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол бір нәрсеге қол жеткіздім деп дандайсынбайды, бір орында тұрып қалмайтын, әкімшілік-құқықтық қызметінде жалпы білімін жетілдіріп отыратын, үнемі ізденіс үстінде жүретін талапты азамат.
Бағындырған биіктері үшін ең алдымен өзінің сүйікті отбасына риза. Өйткені, отбасы ол үшін сүйіспеншілік пен сыйластықтың, ынтымақ пен берекенің нышаны.
Ырысалды ШАМШИЕВА.