Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советовтың қатысуымен жазғы шомылу маусымындағы сақтық шаралары мен балалардың терезеден құлап кетуі оқиғаларына арналған брифинг болып өтті.
– Ақмола облысында демалу және балық аулау үшін пайдаланылатын 754 су айдыны бар. 1 маусымнан бастап суға шомылу маусымы ресми түрде басталды. Алайда, азаматтардың карантиндік шектеулерге, сондай-ақ, алдын-ала өткізілген сақтық шараларына немқұрайлы қарауы салдарынан, бүгінгі күні адамдардың тілсіз жаудан қайтыс болған 4 фактісі тіркеліп отыр. Олардың 2-і балық аулау кезінде және 2-і тыйым салынған, жабдықталмаған жерде шомылғанда қайтыс болған. Суға кеткен балықшылардың бірі – Целиноград ауданы, Талапкер ауылының тұрғыны. Ол Есіл өзенінің бойында балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан суға кеткен. Осы жылдың 13 мамырында Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылының 2002 жылғы тұрғыны Нұра өзеніне батып кетті. 20-шы мамырда Зеренді ауданының Қоскөл су айдынында 72 жастағы тұрғын балық аулау барысында сақтық шараларын сақтамағандықтан суға кеткен. Сондай-ақ, Ақкөл ауданының 1992 жылғы тұрғыны рұқсат етілмеген жерде шомылып жазатайым болды, – деді департамент бастығы Алексей Советов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің 61 кәсіби құтқарушысы, 4 құтқару бөлімшесі және Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде сүңгуір-құтқару бөлімшелері дайын. Сонымен қатар, техника мен жүзу құралдары, атап айтсақ, 16 бірлік автокөлік, 27 жүзу құралы, 2 катер, 12 моторлы қайық, 8 ескіш қайық, 5 резеңке қайық, сондай-ақ сүңгуір жабдықтары мен басқа да қажетті жабдықтар қолданысқа сақадай сай. Қауіпсіздік мәдениетін дамыту мақсатында жыл сайын балаларды жүзу дағдыларына үйрету қолға алынған.
– Суда адамдардың қаза болуының алдын алу шеңберінде радиода 78 хабар, жергілікті телеарнада 7 сұхбат, дем алушылармен және балықшылармен 2635 әңгіме жүргізілді, 2808 дана жадынамалар мен буклеттер таратылды, 144 әлеуметтік желілерде бейнеролик пен бұқаралық ақпарат құралдарында 28 мақала жарияланды, 55 көрнекі ақпарат стендтері орнатылды, 4 брифинг өткізілді. Сонымен қатар, жол полициясының бірлескен бөлімшелері 428 рейд жүргізді, соның нәтижесінде 38 адам, оның ішінде 10-ы алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді департамент бастығы.
Брифинг барысында үйде қараусыз қалған балалардың терезеден құлап кетуі туралы да айтылды. Осындай жағдайдың салдарынан жыл басынан бері біздің өңірімізде 2 оқиға тіркелген.
– Ағымдағы жылдың 26 мамырында Степногорск қаласында 2017 жылы туған бүлдіршін 5 қабатты үйдің терезесінен құлап түскен. Дәл осындай жағдай Сандықтау ауданы, Балкашино селосында да орын алған. 1 жасар балғын 3 қабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап қалған. Бұл балалар бүгінде ауыр жарақатпен ауруханада жатыр. Осындайда, балаларын қараусыз қалдырған ата-аналарды жазалайтын заңның жоқтығы қынжылтады. Иә, рас ешбір адам баласын үйде еріккенен жалғыз қалдырып кетпейтіні белгілі. Қалай дегенмен де, өмірдің бар байлығы бала емес пе? Осы орайда, өңіріміздегі көпқабатты үйлерде тұрып жатқан тұрғындардан балаларын терезелерге жақындатпауларын өтінеміз. Сондай-ақ, су айдыны маңында балаларды назардан тыс қалдырмауды, рұқсат етілмеген жерлерде шомылмауды, балық аулауға шыққанда сақ болуды, түн ауа суға түспеуді, ішімдік ішіп шомылмауларын сұраймыз. Алдағы уақытта да жағдайды қатаң бақылауға алып, назарда ұстайтын боламыз, –деді департамент бастығы.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.