Мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі заңнамалық актілер «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары болып табылады.
Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның 9-бабы қолжетімділікке арналған, онда қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде табиғи айналасына, көлікке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді қоса алғандағы ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ, қалалық және ауылдық аудандарда халық үшін ашық немесе ұсынылатын басқа да объектілер мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелерді өз мойнына алады.
Бүгінгі күні қоғамымызда бар кедергілерді жеңу және мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ-ның ратификацияланған конвенциясының негізгі баптарына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын толық іске асыру үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді, әлеуметтік өмірдің, денсаулық сақтаудың, білім берудің, әлеуметтік қорғаудың, демалыстың барлық салаларында қолжетімді ортамен қамтамасыз ету үшін экономиканың барлық салаларының күш-жігерін біріктіру қажет.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті өз өкілеттіктері шегінде «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабының негізінде осы Заңның 25-бабына сәйкес мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
2016-2020 жылдардың нәтижелері бойынша 193 тексеріс жүргізілді, сонымен қатар, нысанға бару арқылы профилактикалық бақылау шаралары жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою үшін 170-тен астам актілер мен ұйғарымдар берілді. 30 лауазымды тұлға мен кәсіпкерлік субъектісі 4 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексерілген объектілердің 80 пайызы мемлекеттік органдар, өйткені мүгедектер алдымен мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметтерге жүгінеді. 2017-2020 жылдары аудандық, қалалық әкімдіктер, қалалардағы, аудандардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімдері, мәдени ойын-сауық нысандары, кітапханалар, денсаулық сақтау мекемелері – ауруханалар мен емханалар, спорт нысандары қамтылды.
Дүкендер, банктер, қонақүйлер, кафелер сияқты бизнес-құрылымдарының нысандарына қолжетімділік құқығы бұзылған азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінің өтініштері бойынша 40-қа жуық тексеріс жүргізілді. Мысалы, «Айгүл», «Береке» сауда үйлері, «Қазпошта» АҚ, «Green Which Hotels» серіктестігі, «Алмаз» санаторийі, «Халық банкі» филиалы, РИО сауда орталығы, Көкшетау әуежайы, Көкшетау, Бурабай, Макинск, Ақкөл станцияларының теміржол бекеттері, Көкшетау, Щучинск, Макинск автовокзалдары, Ақкөлдегі жолаушыларға қызмет көрсету пункті және басқаларына ұйғарымдар берілді, бұзушылықтар жойылды, бүгінде РИО сауда орталығы және Көкшетау қаласының әуежайы сияқты бизнес құрылымдардың ұйғарымдарды орындалуы қатаң бақылауда болып табылады.
Мүгедектерге қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызды дәлелі –«ескерту» сияқты әкімшілік шараның болмауы.
Кіріс топтарына, санитарлық-тұрмыстық орынжайларға, жол қозғалысында, объекті аумағына қолжетімділіктің сәйкес келмеуіне байланысты бір өрескел бұзушылық анықталған жағдайда лауазымды тұлға және кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес: лауазымды тұлғалар – елу (132 550), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдар – бір жүз жиырма (318 120), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз (530 200), ірі кәсіпкерлік субъектілері төрт жүз (1 060 400) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылады. Осы заң нормасына сәйкес бір жыл ішінде әкімшілік құқық бұзушылықты қайта жасаған кезде бұдан да жоғары әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Ақмола облысында тұратын жеке және заңды тұлғалардың объекті қолжетімділігінің сәйкес келмеуі бойынша құқығы бұзылған жағдайда Көкшетау қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 60 мекенжайы бойынша нақты фактілер (фото, бейнематериалдар) қосылған өтінішті (шағымды) ұсынуға болады.
Анықтама телефоны: 8 (7162) 25-09-87.