Абай даналығы – сал-серілер мекенінде
Сарыарқаның кең жазиралы төсінде қоныс тепкен сұлу Көкшенің киелі қойнауы табиғат байлығына ғана толы емес, жаратылысы ерекше тұлғаларға да тұнып тұр десек, қалт айтпағанымыз. Сол баға жетпес табиғи және рухани қазынаның ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына бұйыруының өзі үлкен бақ. Олай болса, «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген баба ұрпақтарының еншісіне бұйырған сол несібені көздің қарашығындай сақтау, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізу, қиянат келтірмеу – зор міндет.
Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығы республика бойынша кең көлемде аталып өтуде. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің басшысы Құдайберлі Мырзабек бастаған музей ұжымы биылғы мерейтой жылында дара Абайдың бар қазынасын зерделеп, ұрпақтың жадына сіңіру үшін «Құтты қонақ» жобасын қолға алу арқылы республика көлемінде аталып өтілетін іс-шараға алғашқылардың бірі болып үн қосты.
Қазақ елінде жарық жұлдыздай жарқ етіп туған ұлылардың рухы ұлтына, еліне, халқына сарқылмас азық. Сөзіміз дәйексіз болмасын, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының бір эпизодында, дана Абай мен Арқаның серісі атанған Біржанның кездесуі суреттеледі.
Қазақ руханиятында поэзияның пірі Шыңғыстауда Абай болса, Көкшетауда әннің пірі Біржан сал болғандығы барша жұртқа мәлім. Осынау тарихи кезеңнің парқына бойлап, зерделеудің нәтижесінде, тілге тиек етіп отырған асыл тұлғаларымыздың достығы тарих тақтасына сыршыл өлең, әуезді ән болып жазылып, кейінгі ұрпаққа өшпес өмірлік мектеп болып қалды.
Таяуда музей ұжымы Степняк қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №2 орта мектепке арнайы барып, Хәкім Абайға арналған іс-шара өткізді. Бұл мектепті білімнің қара шаңырағы деп атасақ та артық емес. Себебі, Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов мырза мен ақын, драматург, жазушы, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімжанов Баянғали Тақанұлы да өзге айтулы азаматтармен бірге осы қара шаңырақтан білім алған.
Біржан еліне жол-жөнекей табиғаттың әсем бейнесінен шабыт ала, көлік ішінде Хакім Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жарыса оқи отырып, Үлгі ауылына қалай жетіп қалғанымызды да сезбей қалдық. Ауылдың іргесінен көзімізге түскен бір топ саятшылар, қолдарында ұстаған қыран бүркіт, әр аңшының соңына екі-үш құмай тазылары мен қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының келісті келбетін танытқандай.
Бұл ауыл Біржан сал ауданына қарасты болғандықтан, Үлгі ауылындағы Казгородок орта мектебіне бас сұғып кетуді жөн көрдік. Ауыл ішінен өтетін күре жолдан мектепке қарай беттей бергеніміз сол-ақ екен, алдымыздан салт атты бір жігітті көріп, жолбасшымыз көлікті тоқтатты.
–Ассалаумағалейкум аңшы жігіт! Жол болсын!
Уағалейкумассалам! Жөн сұрасқаннан соң аңшы жігіт жолбасшымыздан:
– Жол жақтан келесіздер ғой, жол жөнекей бір топ аңшыларды көрген жоқсыздар ма»? –деп сұрады.
–Иә, көрдік. Түр-тұлғаңа қарағанда аңшылардан қалып қойғанға ұқсайсың, – деп басшымыз Құдайберлі Мырзабек әлгі жігітке қағыта сөз салды.
Биыл Абайдың 175 жылдығы екенін білетін боларсыңдар…
Әрине, барша елі болып атап өтетіндігін естіп жатырмыз.
Олай болса, Абайдың өлеңдерінен жатқа оқитының бар ма? – деп қалғаны сол-ақ еді:
Ой, ағай күлесіз бе, Абайдың өлеңін білмейтін қазақ, қазақ болғаны үшін ұялу керек қой,–демесі бар емес пе әлгі жігіттің. Осы кезде жолбасшымыз Құдайберлі Мырзабек:
– Бағана келе жатып, саятшылық құрып кетіп бара жатқан бір топ аңшыларды көзіміз шалғанда, бірден Абай Құнанбайұлының ,«Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деп аталатын өлеңі ойға оралған еді. Соны жатқа білсең айтып берші, – деді. Өзі де соны күтіп тұрған жігіт екен, заулай жөнелді. Жас жігіттің өлеңді оқуына тәнті болып, бағана ауыл шетінен көзімізге түскен бір топ аңшыларға қарай жол көрсетіп жібердік. Оны естіген аңшы жігіт астындағы ауыздығымен арпалысып, қамшы салдырмай тұрған жүйрігімен жүйтки жөнелді. Біз аяқ астынан болған оқиғаға шаттанып, мектепке беттедік.
Мектептің есігінен ішке ене бере, тұлымдары желкілдеген, жүздерінде ибалылық пен жылы шырай бар оқушылар жапа тармағай амандасып, жол берді. Қазақ халқында ежелден қалыптасқан жақсы бір дәстүр – ол үлкенді сыйлау. Ел арасында «жасына қарай отырады, жағына қарай сөйлейді» деген аталы сөз бар. Ал, бұл ауылдың жасынан үлкеніне дейін үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, сыйластықтың парқын түсінген жандар екендігі байқалды.
Алма Бекенова басшылық жасап отырған мектептің тынысы мен тіршілігіне қанығып, мектеп ұжымын аудан орталығында өтетін «Құтты қонақ» жобасының аясындағы «Абай даналығы сал-серілер мекенінде» деп аталатын тарихи-тағылымды іс-шараға шақырдық.
«Ауылым алтын діңгегім» дегендей, Үлгі ауылынан аудан орталығына апаратын жолға қайта шығып, сөзге кезек берген қызметкерлер ауылдың әдемілігі мен дархандығын әңгімелей отырып, уақыттың қалай зырғығанын сезбестен, Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласына келіп те жеттік. Аудан орталығындағы №2 Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектепке ат басын бұрып, ұлы Абайды ұлықтаған, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып отырған білім ордасына бас сұқтық. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ, дана Абайдың шығармаларынан көрме ұйымдастырылып, іс-шараға келген қонақтар мен оқушыларға таныстырылып жатқанының куәсі болдық. Мектептің төменгі қабатында Абайдың үлкен портреті салулы тұр. Бірінші қабаттан екінші қабаттағы мәжіліс залына өте бергенімізде, қарсы алдымыздан сатыдан түсіп келе жатқан бір топ оқушылар ұшырасып, ашық-жарқын жүздерімен амандаса жөнелді.
Басшымыз Құдайберлі Мырзабек оқушыларды көре сала, сөзге тартты:
– Армысыңдар, балалар! Биыл Абай аталарыңның туғанына неше жыл?
Балалар хормен:
– 175 жыл! – деген жауап қайырды.
– Өздері шапшаң екен, – деп бізге күле қарады басшымыз.
– Әрине, Біржан сал бабамыздың ұрпақтары ғой, – деп музейдің ғылыми қызметкері Табысбектің жауап бергені сол еді, балалардың шапшаңдығына сүйсінген Аягөз:
–Біржан салдың ұрпақтары осылай жауап бермегенде ше? – деп қалды.
–Ал балалар, сендермен бір қағытпа ойын ойнасақ қалай қарайсыңдар? – деп еді музей басшысы:
–Әрине, қандай ойын болса да, өз білімімізді көрсетуге дайынбыз,– деп сенімді жауап қайырған оқушыларға сынақ басталып кетті.
Сол сәтте Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары арасында Абайдың кез-келген өлеңін жатқа оқудан жарыс өткізіп, балалардың өнері мен білімдеріне тәнті болдық. Мектеп оқушыларының біздің сынағымыздан сүрінбей өткендеріне марқайып, мәжіліс залына өттік. «Құтты қонақ» жобасы аясындағы «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп аталатын кездесу кешінің басталуына сәл ғана уақыт қалған-ды. Мәлік Ғабдуллин музейі мен мектеп ұжымының бірлескен іс-шарасын көруге келген көрермендерге мәжіліс залы лық толды. Бірер минуттан соң, аталған іс-шара басталып, алғашқы сөз сөйлеу мәртебесі музей директоры Құдайберлі Рахымбекұлына беріліп, артынша сөз мектеп директоры Нұрбек Аманжолұлының ой-пікірімен жалғасты. Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдеріне тоқталып, жас ұрпақтың санасына Абайдың даралығы мен даналығын жеткізе білді қос шешен. Іс-шара барысында оқушылар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп, әндерін шырқап, қара сөздерін жатқа оқып берді. Соңында Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін жиналған қауым бірге қосыла орындады.
Сұлу Көкше өңіріндегі Ұлы Абайдың есімімен аталған білімнің қара шаңырағында өткен іс-шарадан соң, түскі үзілісті пайдаланып, сәл аяқ суытып алдық та, мәдениет үйіне бет алдық.
Біржан сал ауданы Степняк қаласындағы Мәдениет үйінің ұжымы «Құтты қонақ» жобасы аясында «Абай даналығы сал-серілер мекенінде» атты кешке қауырт та қарқынды дайындық үстінде екен. Біздің ұжымнан қатысушы құрамды тағатсыздана тосып отырған сәтте біз де есіктен ішке сау ете кіріп келдік.
Біржан сал бабамыздың еліндегі мәдениет үйі басшысы Мұхтархан Дәулет мырза қуана қарсы алып, «Абай даналығы сал-серілер мекенінде» атты іс-шараның басталар алдындағы қым-қуыт тіршілік ауанына еніп кеттік. Сахнада көрсетілетін әр қойылымның мазмұнды, мағыналы, халықтың жүрегіне жетердей жоғары дәрежеде көрініс табуы үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы театр режиссері Сабралы мырзаны алдырыпты. Режиссердің көзқарасымен сахна қойылымындағы әр кейіпкерлердің актерлік шеберлігін сахна өнерінің шыңына жетелей отырып, алдын ала құрылған сценарий желісімен, «келісіп пішкен тон келте болмас»,–дегендей, ретке келтірді. Әне-міне дегенше, Біржан сал ауданының жұртшылығы залға жиылып қалған екен. Сахна сыртындағы әр қатысушы, өздеріне жүктелген қызметтері мен берілген рөлдерін абыроймен атқарып шығуы басты міндет екенін жақсы түсініп тұрғандай.
Бір уақыт іс-шараның жүргізушілері ортаға шыққан сәтте зал сілтідей тынып, жүргізушілер Ұлы Абайдың даналығы мен данышпандығын, халықты өрге жетелеу жолында жарық күндей сәуле берген нақ асыл өзі екенін және ұлы дананың Біржан сал бабамызбен достық, сыйластық қатынаста болғанын көпшілікке сәтімен баяндап өтті. Іс-шараның жүргізушілері сөздерін аяқтай бере, сахна төріне Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов пен Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек шығып, «Құтты қонақ» жобасының тұсауы кесілді. Жас буынды тұлға болып қалыптасу жолында білім мен мәдениетке бастап жүрген осындай ағаларымыздың сүбелі сөздерінен соң, сахнада Абай мен Біржанның әндері мен әсерлі қойылымдары жалғасын тапты.
Осылайша Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында «Құтты қонақ» жобасы аясындағы іс-шараларды ойдағыдай өз мәресіне жеткізіп, елге қарай жолға шықтық.
Жобаның атауына сай, Біржан бабамыздың еліне дана Абайдың рухын құтты қонақ ретінде ала барып, дана, данышпан атамыз Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттап, дүбірлі жиынға мұрындық болғанымызға қуандық.
Бұл «Құтты қонақ» жобасының бастамасы ғана еді, себебі жоба Шығыста Абайдың елінде өз жалғасын табады.
Балым АЙТМАҒАНБЕТОВА,
Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері.
Суреттерде: іс-шарадан көріністер.