Ар мен сабырдың Адамы
Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау, Қазақстанның негізгі Ата Заңы Конституциясын қабылдау, Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлау сияқты тарихи тұстың бел ортасында болған Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Сүлейменұлы Жанәділовтің есімі қоғам және мемлекет қайраткері деген дәрежеге әбден сыйып тұр.
Көгілдір әлемнің көгіне малынып тұрған сырлы да сырбаз Сырымбет таудың ұшар басының қалың нуының көк қарағайы мен ақ қайыңының жыры да, сыры да, мұңы да бір кейіппен баяу ырғалып, сыбдырласып, сыр ақтарған күйінен әлде бір әуенді іздеймін. Әлде бір әуенді… әлде кімді іздеймін… Іздеймін де елеңдеймін… Сол қалың нудың арасынан әне-міне сері Ақанның сұлу жүзі елес берердей, сол сері Ақанның әні естілердей елеңдеймін.
Жүйрік көңілдің жүрдек қиялымен шарықтаған ой көзінің ұшына ілігер Сырымбеттің сай саласындағы және ең даласындағы тұнып та, бұғып жатқан сырына қаныққын келеді. Кім бар айтар?! Кім қалды айтар сол сырды?! Сырымбеттің саласынан түлеп ұшқан талай бір қырандар мен сұңқарлар зеңгір көктің биігіне көтеріліп, біразы көзден де, көңілден де ғайып бола бастағандай. Сырымбеттің даласының шаңын шығарып, шашасына шаң жұқтырмаған талай бір жүйрік Құлагерлер де құлағалы қашан?! Алайда, сол қырандар мен сұңқарлардың, Құлагердей тұлпарлардың мекені болған қасиетті Сырымбеттің сымбаты мен тұрпатындай, ажары мен базарындай, биігі мен иініндей, өрі мен төріндей болып, Көкшетау атты елдің абыройы мен ары, жақсысы мен жайсаңы, айдыны мен айбыны, адалдық пен адамдықтың, кісілік пен кішіліктің тұлғасындай болып келе жатқан Болат Сүлейменұлы Жанәділов сынды ағаның барына көңіл шіркін шүкіршілік те қылады.
Сол шүкіршілік көңілмен сөйлей отырып, Болат аға Жанәділовтің өрелі жан дүниесі мен өнегелі өмір жолының жайынан сыр ақтарып, осы бір ар мен сабырдың адамы жайлы ой толғағанды жөн санадық. Өйткені, осы күні еліңде кімің бар дегенде, ең әуелі көңілге Болат ағаның оралатыны да ақиқат. Қашан болсын сабырынан аспайтын, меймана көңілі бір таспайтын қалпымен, сұлу да сыпайы мінезімен не жайында, кім жайлы айтса да орнықты ойын, ұтымды пікірін, адал сөзін айта білер ағаның ұлағатына үйірсек тарта берерің де болады. Адамы да, сөзі де ұсақталған, өткенінің өнегесі де жоқ, шірік кеудесінің ешкімге қажеті де жоқ, қаншама хамсаларын жазса да, не сөзінің, не аузының дуасы жоқ, алтынды мыстан айыра алмайтын, жібекті түте алмай жүн қылар, өзі өлген күні сөзі де бірге өлер қасиетсіздер мен тексіздер төрге шығып, басында миы, ісінде берекесі болмаса да біреулердің қолдау-қолпаштауымен төре болған, сөйтіп осы күні наданның сөзін айтып жүрген бей жандар саңырауқұлақша қаптаған мына заманда алдына аға деп барсаң ағаң да, сүрінсең тағаң да, жаурасаң жағаң да бола алар мына өмірде, мен тұрған мына Көкшеде Болат аға Жанәділовтің барғына қуанатыным да рас, имандай шындығым да осы!
Сонау сұрапыл соғыс басталар қарсаңында, яғни, 1940 жылдың 14 маусымында ардақты да аруақты Айыртаудың сырлы Сырымбетінде дүниеге келген Болат Сүлейменұлы Жанәділовтің ес біліп есейген кезеңдерін айтудан бұрын, әуелі азамат болып қалыптасқан және де сол азаматтық тұрғыдағы елі мен халқына жасаған жақсы да абзал істері жайлы айта білсек етті. Ағаның азаматтық ары мен абыройының алтын арқауы болған өмірінің кез-келген белесі тұнып тұрған үлгі мен өнеге екендігін ешкім де жоққа шығара да алмас еді. Әріде қалған 1965 жылы Қарағанды медицина институтын бітіріп, өзінің Көкшесіне қайта оралған Болат ағаның дәрігерліктен басталған ғұмыры күні бүгінге дейін сәтті жалғасымын тауып келе жатқандай. Бұрынғы Көкшетау облыстық ауруханасында басталған еңбек жолы әлі де сол ауруханамен ұштасып, әлі де байланысып келеді. Тіпті, Бұқпаның етегіндегі сол аурухана атаулыны Болат ағасыз елестетудің өзі де мүмкін емес. Өйткені, өзінің бар саналы ғұмырын, ақылы мен ойын, білімі мен біліктілігін сол аурухананың ахуалына арнап келе жатқан Болат ағаның бір өзі сол бүкіл аурухананың іргетасындай әсерге бөлейтіні және де бар.
Дәрігерліктің небір жолынан өтіп, іскерлігі де, ерік-жігері де шыңдалған ағаның 1973-1992 жылдар аралығын, Көкшетау облыстық ауруханасының бас дәрігері болған кезеңдерін ерлік жолы деп бағалауға да болар бәлкім. Бұл жылдар облыстық аурухананың материалдық-техникалық базасының бұрын-соңды болмаған дәрежеде нығайған тұсы. Жаңадан қаншама емдеу нысандары салынды. 1975 жылы ас әзірлеу бөлігі бар терапевтік аурухана салынып, пайдалануға берілді. Одан кейінгі іске қосылған хирургиялық бөлімше, тағы да басқа емдеу нысандарында Болат ағаның қолтаңбасы айқын танылар еді. Қазіргі диагностикалық орталық та осы Болат ағаның іскерлігінің және жеке басының абыройының арқасында салынып, орнығып қалғандығы да ақиқат.
Жарты ғасыр жан аямай жұмыс істеген Бөкеңнің облыстық ауруханаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 1965 жылдан бастап осы аурухананың еңсесін елден ерек көтеруге кәтепті қара нардай қызмет еткен кезін қалай мақтасақ та артық емес. Ол кезде облыстық ауруханада жан сақтау бөлімі жоқ болатын әрі білікті де білімді дәрігерлер көп болғанымен, анестезиолог жалғыз өзі ғана. Ауданда да осы саланың білікті маманы некен-саяқ. Облыс орталығындағы аурухана хирургтері Болат Сүлейменұлына қолқа салады. Жоспардағы ота болса бір сәрі, оқыс оқиғадан зардап шеккендер күні-түні дүмеп келіп жатады. Соның барлығына уақыт тапқан. Шаршадым, шалдықтым деген жоқ. Арада біраз уақыт өткен соң ауруханадағы медбикелерді наркоз беруге дайындады. Өз білімін де көтерді, өзгені де жетектеді. Облыстық ауруханада 1968 жылы жеке анестезиологиялық бөлімше құрылып, Болат Сүлейменұлы жетекшілік етті. 1970 жылы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Бір кездері Көкшетаудың облыстық ауруханасының дәрігерлерінің емдеу ісіндегі білгірліктеріне Қазақстанды қойып, сол кездегі Кеңестер Одағының не бір мамандары еріксіз сүйсініп, таңдай қағатын кезеңдер де болған. Бұл сол аурухананың бас дәрігері Болат Жанәділовтің өзінің де, өзгенің де кәсіби шеберлігін үнемі әрі ұдайы жетілдіру ісіне мән бергендігінің жемісі еді. Болат ағаның бір өзі Алматы, Мәскеу, Ленинград, Тәшкент, Минск сияқты ірі де іргелі өзге де қалалардағы небір атақты дәрігерлік мекемелердің мамандық жетілдіру курстарынан өтіп, әр барған сайын жаңа бір мамандықтың қыры мен сырына қанығып қайтып жүрді. Сол кездердің өзінде медициналық жүйесі жақсы дамыған Балтық жағалауындағы мемлекеттерде де болып, тәжірибе жинақтаған дәрігер Болат Жанәділов көзбен көріп, көңілге түйген иненің жасауындай жақсылықтардың бәрін Көкшесіне ала келетін. Бүкілдүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Украинаның Львов қаласында өткізген халықаралық семинарға қатысқан Болат ағаның Көкшетау облысының шаруашылықтарының, денсаулық сақтау мекемелерінің, сол кездегі партия-кеңес өкілдерімен кездесіп денсаулық сақтау саласына деген бүгінгі көзқарастың түбірінен өзгеру керектігін түсіндірумен болған кезеңдер де естен кете қоймас. Соның әсері мен жақсылығының нәтижесінде аудандарды былай қойып, Көкшенің ірі деген шаруашылықтарының өздерінде емдеу профилактикалық мекемелері жұмыс істей бастағандығы күні бүгінге дейін елдің есінде. 1990 жылы АҚШ-тың Уокеше қаласында болып, халыққа дәрігерлік қызмет көрсетуді ұйымдастырудың қыр-сырымен егжей-тегжейлі танысқаннан кейін де Болат аға өз елінің емдеу мекемелеріне біраз жақсы да игі жаңалықтар енгізе білді. Сол бір кезеңдер бас дәрігердің күні-түні еңбек етіп, тынымсыз ізденісінің кезеңі болды. Ол өз нәтижесін беріп те жатты. Болат Сүлейменұлы Жанәділов басқарған Көкшетау облыстық ауруханасы республикалық және одақтық денсаулық сақтау орындары тарапынан жақсы жағынан аталып, мұндағы тәжірибе өзгелерге үлгі ретінде ұсынылып та жүрді.
Болат аға бір ғана облыстық аурухананың айы оңынан тусын деген адам емес. Ол аудандағы да, ауылдағы да емдеу мекемелерінің дамып жетілуіне, әсіресе, шағын елді мекендердің адамдарына дәрігерлік көмектің қажет жағдайында жедел көрсетіліп тұруына да қамқорлық жасап, осы бір игі істі ұйымдастыра да білді. Дәрігердің жедел көмегі қажет болған жағдайда санитарлық авиация әзір тұратын. Облыстық аурухананың бір топ маман дәрігерлері бригада болып аудандарға шығып, сол арада сырқаттарға ем жасайтын, жергілікті жердегі дәрігерлерге көмек көрсететін, білмегендерін үйретіп, көрсететін. Осы бір жақсы үрдісті қалыптастыра білген Болат ағаны қазір дәрігерлердің барлығы да өз ағалары, өздерінің ұстаздары санайды. Адамға бұдан артық бағаның қажеті де жоқ болар бәлкім?!
Сол адамға берілер сол бағаның бақты бір тұсы 1990 жылы Болат Сүлейменұлы Жанәділовтің Қазақ Кеңестік Республикасының он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған тұсы деп және де атап көрсеткен ләзім. Бұл кезең жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңестер Одағының туының жығыла бастаған шағы болатын. Жариялылық пен демократия дегенді білмей жатып, соған сусаған пейілмен әркімнің ойына алғанын қылғысы келіп жаныға бастаған сол бір тұста мемлекеттің тағдыры да қылға байланған еді. Міне, біздің Болат ағамыз сол бір қылға байланған тағдыры бар мемлекеттің бүгіні мен болашағын болжағандардың, батыл қадам жасағандардың, тарихи шешім алғандардың қатарында болды. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау, Қазақстанның негізгі Ата Заңы Конституциясын қабылдау, Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлау сияқты тарихи тұстың бел ортасында болған Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Сүлейменұлы Жанәділовтің есімі қоғам және мемлекет қайраткері деген дәрежеге әбден сыйып тұр.
Дәрежелі деңгейдің сол биігіне асып та таспай, алқынбай да жұлқынбай өзінің бойына біткен ары мен адалдығының арқасында сабырлы да салиқалы бітім-болмысымен көтеріліп, өзі мен өзгенің, елі мен халқының абыройын аспандатып, асқақтатқан Болат аға Жанәділовтің тұлғалық тұрпаты да ауыз толтырып айтуға да тұрарлық. 1992 жылдың ақпан айында Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, одан кейін облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалып, осы бір тақта бес жылдай уақытын өткізді. Бірақ та сол уақыттың босқа өтпегендігі мен еш кетпегендігін ел біледі. Елінің жайы мен жағдайына әбден қанық Болат аға осы бір құзырлы биліктің құдіретімен халқына пайдалы біраз жақсы істерді атқарып та үлгерді. Соның бәрін бірдей тізіп шығу да мүмкін емес және оның қажеті де бола қоймас. «Мен істеді дегенше, мың істеді десеңші»,–дейтін қағиданы жаны қалап тұрар Болат аға сол бір тұстағы ісінің ең бір шоқтықтысы болып табылатын ұлттың рухын көтерген қазақ драма театрының ашылуын ғана ауызға алған-ды. Бұл да болса өрелі ағаның қарапайымдылығының бір қыры деп білдім.
Осы күнгі адамның абыройы мен кісілік дәрежесін төске тағар таңбалы белгілерімен бағалап-бағамдайтын заманауи үрдісіне сала сөйлер болсақ, Болат аға Жанәділовтің де омырауының ойсырап тұрмасы бар. Кеңестер Одағының және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Пирогов атындағы төсбелгінің иегері, КСРО-ның Халықтар Достығы ордені, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және де басқа да медальдары бар. Болат аға Жанәділов тәуелсіз еліміздің атақ-дәрежесінен де құралақан қалып қойған жоқ. Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 24 қазандағы Жарлығымен «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне –10 жыл», «Қазақстан Конституциясына –10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Бәрінен де өз туған жерінің бағасындай болып сезілер «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы Болат ағаның жанын жадыратып, көңілін көктемдей көркейтіп тұрары бар. Бұл абзал ағаның награда құмарлығынан болмаса керек. Бұл сол абзал ағаның өз елі мен өз жері Көкшесіне деген сүйіспеншілігі мен мәңгі құрметінің белгісіндей болып көрінер еді.
… Көгілдір әлемнің көгіне малынып тұрған сырлы да сырбаз Сырымбет таудың ұшар басының қалың нуының көк қарағайы мен ақ қайыңы жыры да, сыры да, мұңы да бір кейіппен баяу ырғалып, сыбдырласып, сыр ақтарған күйінен әлде бір әуенді іздеймін. Сол әуенді енді тапқандай болдым. Ол әуен Болат ағаның ғұмырының шертер күйі екен. Болат ағаның сол ғұмыр күйінің шырқау биігінен сол сырабдал Сырымбеттің топырағына кіндік қаны тамып, айшықты Айыртаудың баурайында балалығы қалған, киелі Көкшенің батасын алған, ойлы Оқжетпестің ойынан шығып, соның бәрінен де еңселі, бәрінен де киелі, бәрінен де құдіретті өз халқының көңіл төрінен орын алған Болат аға Жанәділовтің өз ғұмырындағы жанған бақыт шырағының нұры мен сәулесі алысқа тарап… алыстан жарқырап көрініп тұр. Болат ағаның жан-жары, алтын босағалы шаңырағының киесі, кіндігінен өрбіген ұлдары Ерланы мен Талғатының анасы, Абай, Бауыржан, Ермек сынды немерелерінің иманы жүзіне ұялаған әйбет әжесі Зәра Еспайқызы да тектінің ұрпағы екендігін дүниеден кеше озған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері жарықтық Бәйкен аға Әшімов те өзінің «Ел сенімі – ең қымбатың» атты ғұмырнамалық естелік кітабында жазып кеткен болатын. Бәлкім Болат ағаның бар ғұмырының бақыты мен бақуаты, ырысы мен ынтымағы, шаттығы мен қуанышы, берекесі мен дәулетінің бұлақ көзі өз шаңырағының босағасынан бастау алып, жарық әлемге таралып та жатқан болар! Сол жарық әлемдегі жарқын ғұмырыңыздың әуенді де әуезді күйінің қуанышы мен шаттығы мәңгі тарқамасын, ардақты аға!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі