Есіл қаласының тұрғыны жеке кәсіпкер Бархан Оспанова ұлттық нақыштағы киім-кешектер, қыз жасауы және ұлттық бұйымдарды тігумен айналысуда.
Қазақта «ниет қойған адамға жеке кәсіппен айналысуға ешқандай кедергі жоқ» деген аталы сөз бар. Бұған шалғайдағы аудан орталығында шағын өндірісімен өңірдің тыныс-тіршілігіне шама-шарқынша үлес қосып отырған жеке кәсіпкер Бархан Оспанованың тірлігі айқын дәлел. Тігін цехы сыртынан қарағанда жұпыны жекеменшік дүкендердің бірінің ішінде орналасқандығына қарамастан, жаңа тігілген ұлттық киім-кешектер мен төсеніштер бірден көрген адамның көзінің жауын алады. Мұнда тігін машиналары зырылдап, тоқтаусыз жұмыс істеуде. Шағын бөлмеде қаз-қатар ілулі тұрған ұлттық киімдер, өзге де әдемілеп жинап қойылған неше түрлі төсек орындар осындағы өндірістің біршама қуаттылығын аңғартқандай. Өтпей жатқан өнімдер дейтіндей емес, дайын өнімді сатып алып жатқандарды да кездестіресің. Әсіресе, қыз ұзату, келін түсіру сияқты ұлттық нақышта өтетін той-томалақтарда жиі пайдаланылатындықтан, тұрғындар тарпынан сұраныс мол.
– Қазір батыстық стильдегі киім кигің келсе, кез-келген дүкенге барып сатып аласың. Ал, ұлттық өрнектері бар, салт-дәстүрімізге сай киімдерді өкінішке орай, барлық жерден таба алмайсың, – дейді кәсіпкер.
Бархан Оспанова 2011 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында дүкенінің ішінен шағын тігін цехын ашқан екен. Бүгінгі күні кәсіпорында оннан астам адам еңбек етеді. Олардың барлығы өз ісінің майталман шеберлері. Тігіншілер негізінен, ұлттық нақыштағы ересектер мен балаларға арналған киім-кешектер, қыз жасауы мен ұлттық бұйымдардың түр-түрін тігеді. Есіл ауданындағы білім ордаларындағы мектеп формасы, аудандағы мәдениет үйіндегі шығармашылық ұжымдардың үстіндегі киімдері де Бархан Оспанованың шебер тігіншілерінің қолынан шыққан.
Қазіргі кезде, кәсіпкер аудандық еңбекпен қамту орталығы арқылы жұмыссыз жүрген тігіншілерді жұмысқа қабылдап, кезінде өзін аяғынан нық тұрғызған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуына үлес қосуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Есіл ауданы.
Бетті ұйымдастырылған Аслан ОСПАНОВ.