Облысымызда 2020-2025 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үш ауысымды оқыту мәселесі біртіндеп шешілуде.
Облыстық білім басқармасының мәлметінше, 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламадағы міндеттер толық орындалды. Облыс бойынша үш жыл ішінде 58 мектепке дейінгі білім беру нысаны ашылды. Осының арқасында балалардың мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға орындалды. Сонымен бірге, өңірдегі мектептерде үш ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осы бағытта жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустары салынатын болады.
Өңірдегі білім беру нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге де көңіл бөлінуде. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша білім беру нысандарына ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Жоспар бойынша барлығы 127 жоба жүзеге асырылатын болса, оның ішінде 9 жоба құрылыс және қалпына келтіру бойынша, 29 жоба күрделі жөндеу жұмыстары және 89 жоба ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша қолға алынуда. Бүгінгі таңда 103 жоба бойынша мердігерлермен келісім-шарт жасалып, қалған 24 нысан бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұған қоса, «Ауыл бесігі» жобасы бойынша 7 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Аталмыш жобаларды жүзеге асыру шеңберінде өңірде 3,2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы, оның 1,6 мыңы жұмыспен қамту орталықтары арқылы іске асырылады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.