Облыс аумағында тексеріс жүргізілген нысандардың 90 пайызында мүгедек жандардың қолжетімділігі үшін орнатылған пандустар тиісті нормаларға сай емес және есту-көру қабілеттері нашар адамдардың қызмет алулары мүлде қарастырылмапты. Бұл туралы облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Қабдуәли Құлышев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мәлімдеді.
Елімізде мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту, кедергісіз орта құру бағытында бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқандығын естіп те, көріп те жүрміз. Алайда, сол атқарылып жатқан жұмыстардың санынан гөрі, сапасына көбірек мән бергеніміз жөн. Көп жағдайда, мүдделі органдар ешбір арыз-шағымсыз, тексеріс жүргізе алмайды. Мораторийге байланысты жеке меншік орындарға баса-көктеп кіріп тексеру заң талаптарына қайшы. Ал, арнайы тексеріс жүргізілген нысандар – мүгедек жандардың көп баратын орындары, яғни, мемлекеттік қызмет алу мекемелері.
2016-2020 жылдар аралығында 193 тексеріс жүргізіліп, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 170-тен астам актілер мен ұйғарымдар толтырылып, тиісті мекемелерге ұсынылыпты. Отыздан аса лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері 4 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда, дүкендер, банк-
тер, қонақ үйлер, дәмханалар сияқты бизнес-құрылымдарының нысандарына қолжетімділік құқығы бұзылған азаматтар мен заңды тұлғалар өкілдерінің өтініштері бойынша 40-қа жуық тексеріс жүргізіліпті. Мысалы, «Айгүл», «Береке» сауда үйлері, «Қазпошта» акционерлік қоғамы, «Green Which Hotels» серіктестігі, «Алмаз» шипажайы, «Халық банкі» филиалы, РИО ойын-сауық орталығы, Көкшетау әуежайы, Көкшетау, Бурабай, Макинск, Ақкөл станцияларының теміржол бекеттері, Көкшетау, Щучинск, Макинск автовокзалдары, Ақкөлдегі жолаушыларға қызмет көрсету пункті және басқаларына ұйғарымдар беріліп, аталмыш бұзушылықтар жойылды, ал, бүгінде РИО ойын-сауық орталығы мен Көкшетау қаласының әуежайы ұйғарымдарды әлі толық орындамаған, қазір бұл нысандар қатаң бақылауда.
Кіреберіс алаңдардың, санитарлық-тұрмыстық орынжайлардың, нысан аумағындағы арбамен жүретін жолдардың қолжетімділігіне байланысты бір өрескел қатаң бұзушылықтар орын алса, лауазымды тұлға немесе кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес жауапқа тартылады, лауазымды тұлғалар – елу (138 900 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар – бір жүз жиырма (333 360 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз (555 600 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері төрт жүз (1 111 200 теңге) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Осы заң нормасына сәйкес бір жыл ішінде әкімшілік құқық бұзушылықты қайта жасаған кезде бұдан да жоғары әкімшілік айыппұлдар салу қарастырылған.
–Біздің департаментке Есіл ауданының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек М.В.Михайленко арызданды. Ол мектепте ұстаз екен, алайда, білім ордасының алдында пандус болмағандықтан, жұмыс орнына кіре алмайды. Бұл іске біздің араласуымыздың арқасында мектепте пандус орнатылып, білім беру мекемесінің директоры жауапкершілікке тартылды. Тағы бір мысал, Біржан сал ауданының Үлгі ауылында жалғысбасты зейнеткер оған үйіне келіп, арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілмейтіндігіне шағымданды. Біздің тексерісімізден кейін оны есепке алып, оған әлеуметтік қызметші бекітті. Осындай олқылықтар жіберген мамандар жауапқа тартылды. Мұндай мысалдар өте көп. Біздің араласуымызды күтпей, кембағал жандарға жанашырлықпен қарап, адамгершілік тұрғысында жағдай жасауымыз керек, – деді Қабдуәли Қабыкенұлы.
Спикердің мәлімдеуінше, облыс аумағында тексеріс жүргізілген нысандардың 90 пайы-
зында мүгедек жандардың қолжетімділігі үшін орнатылған пандустар тиісті нормаларға сай келмейді және есту-көру қабілеттері нашар адамдардың қызмет алулары мүлде қарастырылмапты. Сондай-ақ, «Қолжетімді Қазақстан» жобасының өңірлік үйлестірушісі Гауһар Камелиновадан да 13 шағым түсіпті. Оның арыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарға кірудің қиындықтары айтылған. Мәселен, АТФ Банкі, KASSANOVA Банкі, «РИО» сауда орталығы, салық басқармасы, тұрмыстық-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, қалалық сот және тағы басқалары. Осы арыздан кейін жүргізілген тексерістерден соң, субъектілерге құқық бұзушылықтарды белгілі бір уақытқа дейінгі аралықта жою жөнінде ұйғарымдар берілген.
Бұл арыз-шағымдар шындығына келгенде ұсақ-түйектер секілді, алайда, адамгершілік тұрғысынан алсақ, жандары онсыз да жаралы адамдарға үлкен қиындықтар әрі кедергілер. Қоғам өзінің назарын мүгедектігі бар адамдардың сұранымдарына сәйкес олардың тәуелсіз өмір сүруіне жағдай жасауға аударуы қажет.
Егер кембағал жандардың жағдайын түсінбейтін басшылар мен лауазымды тұлғалар болса, өздеріне қарасты мемлекеттік ұйымға немесе қызмет көрсету орталығына арбамен барып, мүгедектер тәрізді бір күн бойы түрлі қызмет алып, тіпті санитарлық-тұрмыстық орынжайларына да кіріп көрсін. Мүмкін сонда ғана олар мүгедек адамдардың қолжетімділігі немесе кедергісіз қоғам деген мәселелерді түсінер. Мүмкін сол кезде пандустар талапқа сай жасалып, арбамен өтетін жолдардағы кедергілер жойылар.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа жарының» өз тілшісі.