Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
НӘУБЕТ - АРҚА АЖАРЫ

НӘУБЕТ

(тарихшы Сара Камеронның «Ашыққан дала» атты кітабымен танысқаннан кейін туындаған ойлар)

Өткен жыл аяғында АҚШ-та америкалық тарихшы Сара Камеронның Қазақстандағы ашаршылық туралы «The Hungry Steppe», яғни, «Ашыққан дала» атты кітабы жарық көрді. Осы ақпарат тарасымен біз кітап авторын интернет арқылы тауып алып, байланысқа шықтық. 41 жастағы тарих ғылымдарының докторы Сара Камерон Мэриланд университетінің оқытушысы екен. Орысшасы кәдімгідей. Қазақшасы да бар көрінеді. Біз одан кітабын жіберуді сұрадық. Жаңа жыл өтісімен кітап біздің қолымызға тиді. Жас тарихшы Қазақстанда отызыншы жылдарда болған ашаршылықты зерттеуге 10 жыл өмірін арнапты. Соның екі жылын Ресей мен Қазақстанда өткізіп, осы екі елдегі 15 мемлекеттік архив материалын ақтарыпты. Нәтижесінде, Қазақстандағы алапат ашаршылықтың шығу себептерін, салдарларын жан-жақты көрсеткен 277 беттік көлемді монография жазған.

Біз америкалық тарихшының мәтініне қиянат жасамау үшін қазақшасымен қатар ағылшынша түпнұсқасын да қоса беріп отыруды жөн көрдік. Монография көшпенділер тұрмысына шағын шолудан кейін, Голощекиннің Қазақстанға бірінші хатшы болып келуінен және оның Сталинмен келісе отырып республикада «Кіші Октябрь» өткізуге кірісуінен басталады. Бұл науқан, яғни, «Бірінші бесжылдық» 1928 жылы 700 ірі байды кәмпескелеп жер аударумен басталып, бес жыл ішінде көшпелі қазақты түгел колхоздастырып, отырықшылыққа өткізумен аяқталуға тиіс еді. Сөйтіп, Сталиннің жеке нұсқауы бойынша социализм құруға кедергі «бай-құлақтар тап ретінде жойылып», «ішкі жаулардан» құлан-таза айыққан Қазақстан коммунизм құруға құлшына кірісуге тиіс еді. Бірақ А.Байтұрсынұлы бастаған алаш азаматтары мыңдаған жылдық дәстүрі бар көшпелі тұрмысты табан астында отырықшыландыруға атойлап қарсы шықты. Қазақтың шөл және шөлейт даласын игерудің жалғыз жолы көшпелі мал шауашылығы екенін Швецов пен Рыбников тәрізді ғалымдар да дәлелдеп бақты. Қыршын жас Оқу-ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов республикалық бас газетте Голощекинге бас салды. Асығыстық апатқа алып барарын болжап, көшпелілерді отырықшыландыруға біртіндеп кірісу керек деді. Голощекин орынбасары екінші хатшы Сұлтанбек Қожановты қызметтен алды. Оның орнына Мәскеуден Н.Ежовты әкеліп отырғызды. Н.Ежовтың кім екені белгілі. Голощекин қазақтың төбе шашын тік тұрғызған «кәмпеске» мәселесін 1927 жылы қарашада Қызылордада өткен Қазақстан компартиясының VI съезіне салды. Өзі 7 сағат сөйледі. Одан кейін сөз алған 27 жастағы Смағұл Сәдуақасов: «Мен жолдас Голощекиннің пікірімен келіспеймін!» деп бастады сөзін. Осы съездің ізін суытпай
С.Сәдуақасов «Большевик» журналында Голощекиннің ұрда-жық ұлт саясатын тас-талқан сынады. Голощекин оны дереу Оқу-ағарту комиссары қызметінен түсірді. Сөйтіп, Голощекин партия қатарын ұлт кадрларынан тазартты. Байтұрсынұлы бастаған топты түрмеге тықты. Смағұл Сәдуақасовты Мәскеуге оқуға «жіберді». Жап-жас Смағұл Сәдуақасов Мәскеу ауруханасында 1933 жылы 33 жасында жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қысқа ғұмыры аққан жұлдыздай болған осынау тұлға туралы Камерон тебірене жазады. 1928 жыл. Сонымен, Голощекин Қазақстанда «Кіші Октябрьді» бастады. «The assault on nomadic life began against Kazakh elites in 1928». Автор кітабының «Қоршауда қалған көшпенділер» атты тарауында: «1928 жылы көшпенділерге шабуыл қазақ элитасына қарсы шабуылдан басталды» дейді. Голощекин науқанын «шаш ал десе, бас алатын» жергілікті белсенділер асыра сілтеп асқындырып жіберді деген естеліктер келтіреді. «Қолына мандат тиген шолақ- белсенділер төсек тартып жатқан кәрі әжемнің астындағы көрпешесі мен басына ораған шәлісіне дейін тартып алды. Содан әжем араға екі күн салып жан тапсырды», – дейді сол заман куәгері Мұхаммед Шаяхметов. Өкімет ауқатты көшпенділердің алдындағы малына, дастарқандағы дәміне, үстіндегі киіміне қол салады. Қазақстан бойынша халық наразылығы бұрқ ете түседі. Сталин мен Голощекинге керегі де сол еді. «Тап жаулары бетін ашты» деп мылтығын оқтап ОГПУ атқа қонады. Яғни, Голощекин қолдан жасаған «революция» басталады. Көшпенділер қызыл әскермен қақтығыса жүріп Қазақстанды тастап қаша бастайды. Жазалаушы жасақтар оларды шекарада тосып алып ата бастайды. Қазақ Қазақстанды тастап Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанға көшті. Бұл «откочевкіні» тоқтатпаса, Қазақстанға қазақсыз қалу қаупі туды. Голощекин шекараны қатайтты. Көшпенділер қоршауда қалды. Архив дерегі бойынша, 1930 жылдың бірінші жартысында Қазақстан бойынша өкіметке қарсы көтеріліске 8 мың адам қатысқан. Халықтың малы мен астығына шабуыл үдей түседі. Оның басты себебі – Орталықтан келіп жатқан бұйрықтарда еді. Қазақстанның «мойынына ілулі» Ресейдің екі үлкен шаһары Мәскеу мен Ленинград азық-түліксіз қалды деп Орталық Комитет үстел тоқпақтап жатты. «Орталық Комитет хатшысы Павел Постышев Мәскеуді етпен қамтамасыз ету ісі тоқтауға жақын, қаланы етпен қамтамасыз етіп отырған Қазақстан мен өзге де аймақтарға қысымды күшейту керек!» деп пәрмен берді. «Қазақстан, көп ұзамай, Мәскеу мен Ленинградты негізгі етпен жабдықтаушыға айналды» дейді автор. Нәтижесінде, 1931 жылы Қазақстандағы мал басы 30 пайызға қысқарады. Салдарынан 1931 жыл басында Қазақстанда аштық басталады. Соған қарамастан, 1931 жылы шілдеде Сталин Голощекинге «64 000 тонна астық тауып Орталыққа жөнелт!» деп қаһарлы телеграмма түсіреді. «Бұдан біз Орталық Комитеттің ашыққан қазақтарды құтқаруға бас ауыртпай, индустриалды қалаларды азық-түлікпен жабдықтауға басымдық бергенін көреміз» дейді америкалық тарихшы. Мұндай жағдайда көшпенділер жай қырылғанша «жастығын ала өлуге» бел буады. Автор кітабында Созақ, Адай көтерілістеріне көбірек көңіл бөлген. Маңғыстауда көтерілісшілердің қарулы 15 тобы болғаны айтылады. 1931 жылдың қыркүйегі. Қазақ, түрікпен көтерілісшілерінен құралған баспашылардың Қарақұмда шоғырланған ең үлкен тобын қызыл әскер айропландары аспаннан оқ жаудырып жояды. Орта Азиядағы советтерге қарсы халық көтерілісінің соңы осымен бітеді. Ал ашаршылық 1931-32 жыл қысында асқынып, Қазақстанды жаппай жайлап алады. Осы жылы ОГПУ 261 000 орыс «кулактарын» Қазақстанға көшіреді. 1931 жылы ашылған КарЛАГ тұтқындары 1932 жылы 10 мыңнан асады. ОГПУ, сөйтіп, өзі ашыққан өлке жағдайын одан бетер ушықтыра түседі. Осы жерде сұрақ туындайды. «Қазақстанды жайлаған ашаршылыққа қатысты Мәскеу саясаты қандай болды?» деген. Архив құжаттарына сүйене отырып америкалық тарихшы ол саясатты былай түсіндіреді: «Мәскеу осынау әлеуметтік апатқа қатысты ұрда-жық тәртіптер енгізді. Олар: аштыққа ұрынғандарды сыртқа шықпасын деп шекараны жабу, аштықтан қалаға шұбырып келгендерді «керексіз элементтер» деп қаладан қуу, оларға азық-түлік таратуға немесе айырбастауға жаппай тиым салу және бұл тәріпті бұзғандарға қатаң жаза қолдану». «Босқындар тамақ табамыз ба деген үмітпен қалаларға, теміржол бекеттеріне және индустриалды мекендерге қарай шұбырды». Батыс Сібір крайкомына жергілікті партия ұйымдарынан түскен хаттарда босқын қазақтарға қарсы өлкенің негізгі тұрғындары тарапынан шовинистік шабуылдар болып жатқаны жазылған: «Көптеген жағдайда, себебі болмаса да оларды тек қазақ болғаны үшін ұрып-соғады»; «Батыс Сібір өлкесі қазақтарды күштеп шығара бастады. Кузбастың кенішті аймағы қазақтардан тазартыла бастады». Бұл жайттан хабардар Голощекин Батыс Сібір өлке басшысына хат жолдап босқындардың «ішіндегі арам шөптей байларға емес, кедейлерге көмек беруді» сұраған. Қазақстанда аштан қырылатын болғаннан кейін шұбырып шекара асқан қазақтарды Голощекин республикаға күштеп қайтаруды қолға алады. Қарақалпақ жеріне өткен босқындар арасында Қазақстанға қайтудан қорқып, өкімет өкілдерге «біз қазақпыз» демей, «біз қарақалпақпыз» деген оқиғалар да кездескен. Осылайша Сталин мен Голощекин қазақ даласына бес жыл ішінде жұмақ орнатамыз деп тозақ орнатқан. Айдың-күннің аманында ақырзаман орнатқан. Қазақ қоңыз теріп кеткен. Халық қасіретін суреттеуге тіл жетпейтін еді» деп жазады Камерон. Соның бірі – әке-шешесі аштан өліп, қараусыз қаңғып қалған балалар қасіреті. «Партия статистикасы бойынша, республикада қараусыз қалған балалар саны 1932 жыл басында 20 700 болса, 1933 жыл басында ондай қараусыз қалған балалар саны 71 000-ге жетті». Әрине, бұл деректер тек тірі қалып тізімге іліккендер туралы. Ауыл-аймағымен миллиондап қырылғандар жөнінде партиялық құжаттар жақ ашпайды. Өйткені, ашаршылық Сталин, Голощекин басқарған коммунистік партияның тарихтағы ең ауыр қылмысы еді. Ең сорақы қылмысы еді. Сондықтан да, компартия өзі құрдымға кеткен 90-жылдарға дейін «ашаршылық» дегеннің ауызына ұрды. Бұл тақырыпты айтуға, жазуға тыйым салды. Қазақ даласы аштан қырылып жатқанда партиялық элита ашықты деген дерек жоқ. Партиялық элита ашыққан халыққа терезеден қарап отырғандай әсер етеді. Мысалы, 1931 жылы Сергей Миронов атты Қазақстандағы ОГПУ өкілінің әйелі комфортты пойыз вагонында келе жатып терезе арқылы ашаршылық жайлаған қазақ ауылын көргенін былай деп жазып қалдырған: «Алайда осынау қырылған ауыл ортасынан өтіп бара жатқан біздің вагонымызда азық мейлінше жеткілікті еді». Сара Камеронның «Ашыққан дала» монографиясы – тым көлемді еңбек. Сондықтан біз оқырманды кітаптың тек басты бағыт-бағдарымен ғана таныстыруды жөн көрдік. Ал америкалық автор қағазға түсірген отызыншы жылдар ойранымен толық танысқысы келген оқырман бұл кітапты түгел оқуы керек. Монографияны Мәскеудің бір баспасы биыл шығару мақсатында орыс тіліне аудара бастады дейді автор бізге жазған соңғы хатында: « …Хорошие новости. Российское издательство НЛО переводит мою книгу на русский язык. Надеюсь что будет и казахский перевод». Сара Камерон кітабымен танысу осы тақырыпқа қатысты бізге біраз ой салды. Біріншіден, ашаршылық атты қазақ қасіреті туралы бұл кітап – Америка құрылығында жарық көрген тұңғыш ғылыми еңбек. Екіншіден, қазақ қасіретіне қазақтың жаны қалай ашыса, америкалық тарихшының да жаны солай ашитынын сездік. Содан тебіренген біз Камерон қарындасымызға алғыс хат жаздық. Қазақстанға шақырдық. Ол біз үшін қазақтың бір үлкен патриот қызындай көрінді. Яғни, оның кітабы халық пен халықты жақындатты. Дәлірек айтқанда, ашаршылық атты қазақ қасіретінің шетелде жарыққа шығуы, айтылуы, танылуы халықпен халықты жақындататынына көзіміз жетті. Ендеше, біз неге бұл тақырыптан әлі күнге қашқақтаймыз?! Біз неге әлі күнге бұл тақырыпты әлем алдында ауыз толтырып айта алмаймыз?! Біз өстіп кібіртіктеп жүргенде Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына Америка, Еуропа тарихшылары белсене кірісіп те кетіпті. Олар – ағылшын тарихшысы Роберт Конгвест («Қасірет орағы», Лондон, 1986), француз ғалымы Изабелле Охойон («СССР мен Сталин», Париж, 2006) италиян ғалымы Николо Пиансиоло («Сталинизм майданы», Рим, 2009), неміс ғалымы Роберт Киндлер («Сталин мен номадтар», Гамбург, 2014). Сондай-ақ, бұл тақырыпты зерттеуге бүгінде тағы бір американдық ғалым Матью Пейн кірісіп кеткенін айтады Сара Камерон. Ал қазақ тарихшылары қалай қимылдап жатыр? Тәуелсіздік тұсында жалғыз ғана Талас Омарбеков тарихшы отызыншы жылдар ойраны туралы докторлық диссертация қорғады. Оның өзі қазақ ғалымдарымен бір кездесуде президент Назарбаев: «Тарихшылар! Сіздер неғып ашаршылық тақырыбын қозғамай жүрсіздер?!» деп сұрау салғаннан кейін кіріскен. Таластан кейін тақырыпты жылы жауып қойғанға ұқсаймыз. Яғни, жарты қазақты жалмаған ұлы қасіретті зерттеп біткен сыңайлымыз. Ойпыр-ай дейміз, осы тақырыпқа он диссертация жазылса да артық болар ма еді. 4 миллион қазақты отаған 1921, 1932 жылдар қасіреті жан-жақты талмай зерттеуге тұратын түпсіз терең шалқар мұхит емес пе еді?! – дейміз. 2012 жылы Қазақстандағы ашаршылықтың 80 жылдығы тұңғыш рет жалпыұлттық деңгейде аталып өтті. Астанада ашаршылық құрбандарына ескерткіш-белгі қойылды. Сол ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер отызыншы жылдардағы сол апат болмағанда бүгінде Қазақстандағы қазақ саны кемінде 45 миллионды құрайтын еді», – деді. Ендеше, әңгіме аталған апатта өлгендер мен, олардан кейін өмірге келмегендерді қосып есептегенде, біз жоғалтқан 30 миллион туралы болып отыр! Егер де КСРО мен Қазақстанның Сталин мен Голощекин тәрізді қызыл көсемдері сол апатты қолдан жасамағанда бүгінде көзі тірі 12 миллион қазақтың қатарында тағы да 30 миллион қазақ жер басып жүрер еді. Өшпес өкініш! Ең сорақысы – ішкенге мәз, жегенге тоқ бүгінгі біздің, осынау ұлттың ұлы қасіретін лайықты ұлықтай алмауымызда. – Ұлықтағанда не істейміз? – деп шыр ете түсті бір оқырман. – Мемориал-кешен салуымыз керек еді. – Ау, Астана мен Алматыда екі ескерткіш орнаттық емес пе?! – Ескерткішті жеке тұлғаларға да қояды. Біздің айтып отырғанымыз – Германиядағы Освенцим, Бухенвальд, Еревандағы армян мемориалдары үлгісіндегі кешендер. 1921 және 1932 жылдардағы 4 миллион қазақ қырылған «қызыл қырғын» – осындай жалпы ұлт болып ұлықтауға лайық қасірет. Бір кезде Лондонда болғанымызда туристер көп баратын орын деп бізді әйгілі «Мадам Тюссо» музейіне алып барды. Екі ғасырлық тарихы бар музей, негізінен, балауыздан жасалған мүсіндерден тұрады екен. Алған әсеріміз сұрапыл болды. Әсіресе, орта ғасырларда өлім жазасына кесілген адамдардың басын гильотинамен шабу сәтін көрсететін «үрей бөлмесі» есте қалды. Адам денесі мен ұшып түскен бас балауыздан жасалған. Бірақ адам денесінен аумайды. Туристер зәрелері ұшып қарап қалған. Шығаберіс бөлмеде әйгілі адамдардың балауыз мүсіндері де тұр. Арасында – Британ патшайымы. Мүсіннің түпнұсқадан зәредей айырмашылығы жоқ. Сондықтан да жұрт кезекке тұрып «патшайыммен» суретке түсіп жатыр. Біздің ойымызша, Қазақстандағы ашаршылыққа арналған мемориал-кешен осы үлгімен жасалуы керек. Ашаршылық жылдары қазақ өткен дозақтың фрагменттерін балауыз мүсіндермен қалыпқа келтіруге болады. Сонда оны көрген жұрттың да төбе шашы тік тұрар еді. Мысалы, аш баласын ажалдан құтқару үшін өз емшегін өзі кесіп беріп жатқан қазақ әйелі. НКВД жендеттерінің Сәкен Сейфуллиннің мұртын жұлып жатуы. Оққа кеудесін тосқан алаш алыптары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаевтар. Голощекинмен айтысып тұрған жалынды жас Смағұл Сәдуақасов… Осындай тарихи көріністерді балауыз мүсін арқылы көз алдыңызға айнытпай «тірілтіп» көрсетуге болады. Балауызбен мүсіндеу – мүмкіндігі сондай шексіз өнер. Қолға түсе бермейтін бүгінгі күн тұлғаларын да мүсіндеп сол болашақ музей холлында тізілтіп қоюға болады. Сонда жастар өздері пір тұтатын «тұлғалармен» суретке түсіп мәз-мейрам боп жатар еді. «Мадам Тюссо» музейі туристерге осынысымен тартымды екенін көрдік. Бұл музей филиалдарының бүгінде Нью-Йорк, Шанхай тәрізді әлемнің 16 алып шаһарында жұмыс істеп тұруының сыры осында. Көрер көзге тартымды болуынан. Неге үлгі алмасқа? Ендеше, осындай ұлттың ұлы қасіретін ұлықтайтын үлкен рухани жобаға баруға бізге не кедергі?! Қаражат па? Әлде, «ашаршылық» деген тақырыптан ат-тонымызды ала қашатын ескі кеңестік сана ма? «Қызыл қырғын» – сол кездегі Сталин басқарған қызыл Кремль жасаған қылмыс. Бірақ бүгінгі Кремль «қызыл Кремль» емес қой! Бүгінгі Кремль – бізге дос Кремль, ал Ресей болса сталинизмге лағынет айтып, демократияға бет бұрған ел емес пе?! Ендеше, кімге жалтақтаймыз? Ашаршылық пен репрессияны ол кезде украин, орыс халықтары да бастан кешті. 1933 жылы Ұлы далада қазақ қасіретін өз көзімен көрген орыс қызы Татьяна Невадовская былай тебіренбеп пе еді?! Зачем снимать последнюю рубаху, И целый край заставить голодать? Кому понадобилось богу или Аллаху, Все отобрать и ничего не дать? Какой же деспот создал эту пытку? «Қызыл империя» құласымен Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына алғашқылардың бірі болып орыс жазушысы Валерий Михайлов қалам тартты. Оның қазақ қасіреті туралы естелік-деректерден құралған «Ұлы жұт хроникасы» бүгінде неміс, ағылшын тілдеріне аударылды. Демек, Ұлы дала нәубеті, оны зерттеу, білу, тану, халықтарды бір-біріне жақындатады екен. Алыс-жақын елдерде де қазақ қырғыны аяушылық тудырып жатыр. Ендеше, Алматы не Астанада ашаршылыққа арналған «Аза сарайы» ашылар болса, ол орын кез келген жүрегі бар жанның қазақ қасіретін тілсіз түсінер, үнсіз түсінер киелі орын боларына сенеміз. Өйткені, қасірет тілі – адам атаулыға түсінікті тіл. Аударманы қажет етпейтін тіл. Мұхиттың арғы жағындағы Сара Камерон тәрізді қазақ қасіретін зерттеушілердің саны Еуропа мен Америкада көбейе бастауы соны көрсетеді. Біздің оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сөзіміздің тоқетерінде миллиондарды қырып тарих алдында кешірілмес қылмыс жасаған компартия көсемі Сталинге деген қазақ қарғысын қағазға түсірдік. 31 мамыр – республикада Ұлттық аза тұту күні деп белгіленген. Еліміздің барлық мешітінде сол күні ашаршылық және репрессия құрбандарына арналып дұға-намаз оқу дәстүрге айналса дейміз. 31 мамыр күнтізбеде «Репрессия құрбандарын еске алу күні» деп жазылған. Онда «Ашаршылық» деген сөз жоқ. Сөйтіп, ашаршылықтан шейіт болған миллиондар аруағына қиянат жасалып тұр. Сондықтан бұл күн атауын өзгерту керек. Бұл күн атауы «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп жөнделуі керек. 2022 жылы Қазақстандағы «қызыл қырғынға» 90 жыл толады. Ол жалпыұлттық деңгейде аталып өтілуі керек. Мемориал-кешен ашу сол датаға сәйкес келіп жатса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді. Жоқтаусыз кеткен жарты халық алдындағы парызымыз өтелген болар еді. Аруақтар риза болар еді.

Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар