Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, 18 маусымға дейін облыста коронавирус инфекциясымен 242 жағдай тіркелген. Өткен тәулікте COVID-19 жұқпасымен 15 жаңа жағдай анықталса, оның 12-сі Көкшетау қаласынан. Жалпы соңғы екі аптада қауіпті індетке шалдыққан 195 адамның 75-інде ауру белгілері байқалмаған. Яғни, бұлар симптомсыз науқастар. Ең көп тіркелген індет ошағы Көкшетау қаласында – 51, Целиноград ауданында – 24, Астрахан ауданында – 9, Қорғалжында – 7 және Зерендіден 6 адам анықталып отыр.
Пандемия басталғаннан бергі уақыт аралығында Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің инфекциялық және провизорлық стационарларында шамамен 250 науқас емделсе, оның 46-сы ауыр жағдайда болып, ем қабылдап, сауығып шықты.
Ақмолалық дәрігерлердің бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында жүкті екі әйелдің босануы сәтті өтіп, дені сау екі сәби дүниеге келді. Балалардың екеуі де COVID-19 жұқпасынан теріс нәтиже көрсетті. Бір ана сәбиімен үйіне шығарылды. Екіншісі де жуырда шығады.
Бүгінгі күні диспансердің инфекциялық стационарында 76 науқас бар. 34-і пневмониядан емделсе, оның 7-еуі балалар. 5 науқас ауыр жағдайда.
Облыс бойынша қауіпті індеттен 6 адам көз жұмды. Бұл әрине, алаңдатарлық жайт.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маскаға қатысты ұсыныстарды өзгертті. Енді оны қауіпті індетті жұқтырғандар ғана емес, симптомсыз науқастар да киюге міндетті. Осылайша дені сау адамның COVID-19 тасымалдаушысымен арақатынасында, егер екеуі де маскада болса, жұқтыру ықтималдығы 1,5 пайызды құрайды екен. Сондықтан, қоғамдық орындарда, адамдар көп шоғырланатын жерлерде үнемі маска киіп, қолымызды антисептиктермен жуып, зарарсыздандыратын құралдарды өзімізбен бірге алып жүргеніміз абзал. Өзімізді сақтандырғанымыз, балаларымыз бен бауырларымыздың да қауіпсіздігін ойлағанымыз деп білейік.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.