Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көбейтұз көлінің кереметі - АРҚА АЖАРЫ

Көбейтұз көлінің кереметі

Барлық көлдер, теңіздер мен мұхиттар, әртүрлі жер асты бұлақтары кішкентай ғана тамшылардан құралатынын бәріміз білеміз. Ғаламтор анықтамасына жүгінсек, «бұлақтар бұл жер астының ең төменгі қабатынан жоғарыға шыққан су» екенін байқаймыз. Жер астындағы сұйықтықтардың барлығы да қозғалысы бірдей деп айта алмаймыз. Кей жағдайда су ағысына мықты жер беті қыртысымен аққан нағыз өзен болса, ал енді бір жерінде кішкентай ғана сызық салып, жайлап жылжыған бұлақ болып тіршілік көзіне айналады. Қазақстанда Каспий мен Арал теңіздерін есепке алмағанда, тоғандар, су қоймалары мен тұщы көлдердің су бетінің жалпы ауданы 45 мың шаршы шақырым. Оның ішінде 3014 көл ірі деп танылған. Солтүстік Қазақстанда көлдер саны 21580. (Қазақ Совет энциклопедиясы, Алматы, 1981 ж., 84-бет).

Соңғы кезде елді елең еткізген Көбейтұз көлін көруді жоспарлап, 2019 жылғы қыркүйек айының соңында Ерейментау ауданының күні мерекеленіп жатқанда, сол маңдағы осы көлге жолға шыққан едім.
Әлемдегі ең тұзды теңіз – Палестинадағы Өлі теңізі. Таяу Шығыстан өпкен құрғақ, жылы ағыс жылдар бойы бұл теңіздің суын буландырып, құрғатып, кептірудің салдарынан тұз құрамы арта түскен («Гиннесс рекордтар кітабы», «Фирма АСТ» баспасы, РФ, Назрань қ, 1999 ж., 126-бет).
Жалпы табиғи судың құрамында тұз суда толық еріп кеткен тұздардың массалық концентрациясымен сипатталады. Көрсеткіштерді анықтау үшін бір литр сүзгіден өткен суды 105°С буландырады. Температурада кептірілген құрғақ қалдықтарды өлшейді. Зертханаларда өткізілген тексерулердің қорытындысында Көбейтұз көліндегі су бетіндегі көрсеткіштер 2019 жылдың қыркүйек айының соңында бір литр суда 334 грамды көрсеткен. Байқағанымыздай, Өлі теңіздің құрамындағы тұздың көрсеткішімен бұл көлдің көрсеткіші теңескен. Жазықтағы жай Көбейтұз көлі әлемдік рекордты жаңартты десе болады.
Осы көлдің құпиясы тыным тапқызбағандықтан, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапхананың мұрағатын ақтардым. Өкінішке орай, Қазақстанның, Ақмола облысы мен аудандарының энциклопедиялық анықтамаларынан бірде-бір дерек таба алмадым. Сонда да «іздеген бір табар» дегендей, кітапханашылардың белсенді ізденістерінің арқасында 1931 жылы ғалым-энциклопедистердің қалдырған жазбасы табылды (Сібір Совет энциклопедиясы, том 2, М. 1931ж., 782-бет).
Энциклопедиялық анықтамаға сүйенсек, тұзға қанық суы бар тұзды көлдерді «рапо» деп атаған. Материктердегі тұзды көлдердің құрамында тұздың түзілуіне оларды қоршаған таулы аймақтың әсері басым екен. («Үлкен медициналық энциклопедия» том 28. М. 1934 ж., 313-бет). Осыған орай, Көбейтұз көлінің астында тұзды шың бар екеніне күмән жоқ. Себебі, жақын жатқан Теңіз және Қоржын көлдері суларында неге тұз жоқтың қасы?!.
Көлдің сулары буланғанда әртүрлі тұз бір уақытта түспейді, олар өздеріне ғана тән бір тәртіппен түсетіні де белгілі. Магний, кальций булану барысындағы процесте алғашқылардың бірі болып бөлінеді екен. Сонымен қатар, көлдегі тұздық масса және оның тұздылық деңгейі геологиялық, климаттық және басқа да жағдайларға қарай өзгеріп отыратыны да анық. Сондықтан, бұл тұздың химиялық құрамын анықтау үшін аудандық, облыстық санэпидстанцияның арнайы кешендік зертханалық тексерулері қажет. Бес литрлік ыдыспен әкелінген Көбейтұз суында қышқылдық көрсеткіш 7,53 рh-ты құрады. Осындай «өлі» суды мейлінше көп қолданғандардың терілері жұмсақ, тегіс болып келсе, кран суымен жуынғандарда ондай айырмашылық байқалмайды (ph7). Бұл сумен жуынғанда шаш бактериялардан қорғалады, тері қышуы мен қайызғақты болдырмауы, шаштың түспеуі сияқты жағымды жағдайлар жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, теріде пайда болатын безеу, бөртпе сияқтыларды кетіреді. Теріде жарақат болған жағдайда да бұл судың емдік қасиетін байқауға болады. Жапонияда құрамында тұзы бар сулардың ангина, дизентерия, экзема, псориаз, фурункулез, диабеттік ауруларда пайда болатын жараларға емдік пайдасы зор екені дәлелденген.
Тұзды суда сабын қолданамын деп әуре болмаңыз. Сабын көпірмейді, жуына да алмайсыз. Оның себебі су құрамында еритін тұзды минералдардың, ең бастысы, кальций мен магнийдің болуында. Салыстыратын болсақ, жай өзен-көлдердегі бір литр суға шаққанда тұз 0,1-0,2 миллиграмм эквивалент болса (мг-экв/л), теңіз бен мұхиттарда 80-100 мг-экв/л болады. Ал, Көбейтұздағы бір литрге шаққандағы бұл көрсеткіш 1500 мг.
Шалғайдағы Өлі теңіздің емдік қасиеті туралы ертеден бері айтылған. Иудеилер мен римляндар оның жағалауында емдік балшықтық емханаларды салған екен. Ежелгі Рим тарихшысы Флавий 2000 жыл бұрын жазбасында Ирод хан маңызды мемлекеттік істерден соң осы Өлі теңіз жағалауындағы ыстық бұлақтарда дем алған екен. Клеопатра ханшайым да бұл минералды судың теріні жасарту әсері туралы білгендіктен, оны жиі пайдаланған. Көшпенді халық осы тұстағы балшықты тері, буын, сонымен қатар, соғыс жорықтарында алған жараларына жағып, емделген. Көлдің түбінен шабылып алынған ақ кесектер елдің тамақ даярлауына пайдаланылған, ірі қара малға тұз есебінде кесек-кесек алдына тастап отырған. Сонымен қатар, жәрмеңкелерде тауар ретінде қажетті заттарға айырбас та жасаған. Тұз кесегіндегі минералдық құрам, микроорганизмдердің ерекше қасиеттері оның биологиялық құндылығын арттырып отырған.
Бүгінгі таңда көлдегі рапаны медициналық емдік жағынан әр түрлі әдіспен пайдаланып отыр. Температурасын арнайы қыздыра отырып пайдалануда, сонымен қатар, ашық көл жағалауында күн сәулесімен үйлестіріп те қолдануда. Температура 30-38 градусқа дейін өзгеріп отырады, концентрациясы 1-ден 26 градусқа дейін. Ем алу уақыты 10-30 минут аралығында. («Үлкен медициналық энциклопедиясы» том 28. М. 1934 ж., 313-317-бет).
Көбейтұз көлінің булану деңгейі былтыр күннің қатты ысуының салдарынан, қоршаған орта температурасының көтерілуіне байланысты тұз концентратының өзгеріске ұшырауына әкеліп соқты. Бұндай өзгеріс 8-10 жылда бір рет болады екен. Тамыз, қыркүйек айларында көлдің түсі қызғылт болып өзгергендігі жоғарыда баяндалғанның негізінде болған. Күннің ерекше ыстық болуы тұзды көлдердегі бір жасушалы жасыл теңіз балдырларының белсенді көбеюіне әсер еткен, олар тек тұзды көлдерде ғана пайда болады екен.
Екі түбірден құралған Көбейтұз атауының өзінде терең мағына жатыр. Көбею бұл жерде біртекті тірі организмнің геометриялық өсу, көбею, кеңею мағынасын берсе, («Қазақ Ұлттық энциклопедиясы», том 4 Ж-К, А.-2002ж., 675-бет), екіншіден тұз тірі организмнің осындай ортада өсіп-өнуін бағамдаған. Шынымен де бұл ерекше жағдай. Біздің ата-бабаларымыздың қолында арнайы микроскоп болмаса да, судың құрамы мен ондағы балдырлардың көбеюіне орай атауын дұрыс берген.
Табиғаттың жайлы кезінде өзіне тән бета-каротинді бөліп шығаруының салдарынан көлдегі рапа түсін қызғылт түрге байытады екен. Сарыарқа жеріндегі бұл шыныменен ғажайып көрініс. Тіпті, сонау Марстың қызыл түсімен де сәйкестендірген болжамдар болды. Ал, Өлі теңізде неге рапаның түрі қызғылт болмайды деген сауалға айтарымыз: оның құрамындағы дуналиелла балдырларындағы жасушалар саны аз.
Дуналиеллапо дегеніміз – құрамы бета-каротин (провитамин А)
жалпы салмағының 60-70 пайызын құрайтын әлемдегі жалғыз организм, ол микробалдырларға керемет антиоксиданттық құрам береді. Бұл көрсеткіш сәбіз, саңырауқұлақтардың құрамындағылардан әлдеқайда мол екен. Сонымен қатар, балдырларда альфа-каротин, криптоксантин, зеаксантин, лютеин, кантаксантин және фикотин, B тобындағы дәрумендер табылған.
Бета-каротин (провитамин А) тағамдық өндірісте, сары май жасауда, ірімшік, химиялық-фармацевтік өндірісте, медицинада, косметологияда, онкологиялық емдеу мен аурудың алдын алуда кеңінен қолданылады. Жүрек-қан тамырлары дертінде, организмге белсенді қосымша ретінде де қолдануға болады. Сондықтан да, кішкентай ғана дуналиелла өндірістік масштабта көптеген елдерде қолданыста, тері қабатын жасартуға, радиациялық сәулелерден қорғауда, иммунитетті көтеруде пайдасы мол.
Әлемде біздегі Көбейтұз сияқты көпке танымал талай көлдер бар екен. Австралияда – Хиллиера, Лагуна Хатт, Квайрадинг, Ретба – Сенегалда Торревьера – Испанияда, Масазир, Азербайджанда Сасық-Сиваш Қырым аралында және тағы басқалары. Бұл аталған көлдердің шет елдік туристер арасында танымал болуына оның құрамындағы кішкентай ғана дуналиелланың қатты тұз жасайтын құдіреті екен. Тарихқа үңілсек, Сасық-Сиваш қызғылт көлі 1912 жылы халықаралық атаққа ие болып, Париждегі бүкіләлемдік көрмеде Алтын медаль иеленген.
Осындай денсаулыққа пайдалы көлдер өзінің орналасқан орнына өте тиімді қызмет атқарары белгілі. Бүгінгі таңда біздің өңірдегі Көбейтұзға келем деушілерге жол да жақсы. Осы заманғы автобан Нұр-Сұлтан-Павлодар (170 шақырым трассамен және 10 шақырым жазықтағы жолмен), темір жол арқылы келушілерге Ерейментау стансасының (20 шақырым) қалалық инфрақұрылыммен бірге осы бастан туристердің жағдайын жасауға дайындығы бар деуге болады. Алдағы уақытта жетілдіріле де жатар. Өткен жылғы жазда жаңбырдың аздығы, күннің ерекше ыстықтығы Көбейтұздың түсін өзгертіп, елдің назарына ілікті. Жазық дала Сарыарқаның әлемдегі ерекше көлдердің қатарына кірді. Шипалы көлдің атына қанық болған жандар, дертіне ем іздегендер, сұлулыққа құмар жастар осы араға қуана келіп, қызыға қарап, ем алып қайтып жатты. «Ел құлағы – елу» деген, көліктердің көптігінен көлдің қасиетіне қанық болып, көруге асыққандарына куә болдық. Үлкен жолдан көлге бұрылар бұрылыста «Ақжол» дәмханасы орналасқан екен. Жолаушыларға ақ жол тілеген ниеттегі атау ма, әлде кәсіпкерлердің жинақтап қойған атауы ма, дегенмен, енді бұл дәмханаға Көбейтұз деген атау берілсе, жол бағдары анық болары анық еді.
Өткен жылы «Кешкі Астана» газетінің бір бетіне толығымен «Көгілдір көлге жол» мақаласы жарық көрді (2019 жылғы 28 қыркүйек, №144). Онда қаладан көлге дейінгі бағыт-бағдар толық қамтылған. Әрине, мұндай мақалалардан кейін көл туралы оқыған, білген әрбір оқырманның керемет емдік қасиеті бар көлді көріп қайтуға көңіл аударары анық.
Көбейтұз қасиетінен хабардар болған жандардың көлге келуі жиілейтіні сөзсіз. Дегенмен, бір ғана өтініш, көлікпен тым жақын жағалауға баруға болмайды, тұрмыстық қоқыстарды тастамайық. Табиғат-ананың бізге беріп отырған осындай үлкен сыйына құрметпен қарап, көлді ұқыпты пайдаланайық. Тазалық пен тәртіп бар жерде көлдің де қасиеті арта түседі, елге пайдасы тиеді. Бұл көл біздің мақтанышымыз. Ендеше, барымызды алақанға салып, аялай білейікші.
Ерекболат Қабылда.
Береке ауылы,
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар