Сенат сайлауына дайындықтың барысы пысықталып, алғашқы кандидаттарға куәлік тапсырылды
Биылғы жылдың 12 тамызына белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға дайындық мәселелері жөнінде брифинг болып өтті.
Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов сайлауға дайындық барысын арнайы жасалған жоспарға сай слайд арқылы толық баяндап берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 11 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2020 жылдың 12 тамызына белгіленгені аян. Осыған орай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға дайындық пен оны өткізудің негізгі іс-шараларының кестесін бекітті.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдеріне өздеріндегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерімен бірлесіп әрі аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау кезінде сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қадағалау тапсырылды.
Облыстық, республикалық маңызы бар сайлау комиссияларына сайлауды дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Сенатқа Қазақстан Республикасының астанасынан және республикалық маңызы бар қалалар мен әр облыстан 2 адамнан тұратын депутаттар сайланады. Сенат депутатының өкілеттік мерзімі – алты жыл. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.
Ақмола облысынан биыл 1 Сенат депутаты сайланады. Ал, Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың сессияларында және өзін-өзі ұсыну тәртібі арқылы жүргізіледі.
Сенат депутаттығына үміткер Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы, ал, Ақмола облысының аумағында кемі үш жыл тұрақты тұрған адам болуы тиіс. Сондай-ақ, отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар адам Сенат депутаты бола алады. Сенат депутаттығына үміткердің облыстық маңызы бар әр қалада, ауданда бір сенімді білдірген өкілі болуы керек. Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихаттарын, Республикалық маңызы бар қаланың немесе республика астанасының мәслихаттарын білдіретін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он пайызынан, бірақ бір мәслихаттың таңдаушылар дауысының
жиырма бес пайызынан аспайтын дауысымен қолдауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидатты ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші; тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын 637 500 теңге сомасында құжат болған жағдайда облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың 13 маусымындағы кестеге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлерді ұсыну басталды, ол 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталып, 23 шілдеде 18.00 сағатта аяқталады. Осылайша үгіт-насихат жұмыстары тіркеу аяқталған кезден басталады.
Сенат депутаттарын сайлау 12 тамызда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлаушылардың бірлескен отырысында өткізіледі. Ақмола облысы бойынша 13 маусымдағы мәліметке сәйкес кандидаттарды таңдаушылардың саны 257 адам. Бірлескен отырыста, егер облыстың барлық мәслихаттарының атынан сайланған депутаттар санының 50 пайызынан астамы қатысса, онда үміткерге дауыс беруге құқылы. Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу пайызынан астамын алған кандидат сайланған болып саналады. Сайлау науқаны кезеңдерін ақпараттық қолдау мақсатында медиа-жоспар жасалып, электронды және баспа БАҚ-та бекітілуде. Облыстық сайлау комиссиясының отырысында комиссияның жұмыс кестесі бекітілді. Ол күн сайын демалыс және мереке күндерінсіз 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясының құрамы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жарияланады.
- * *
Одан әрі Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлер таныстырылып, оларға депутаттыққа кандидаттың куәлігі тапсырылды.
Отырыста облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Николай Политкин сөз алып, Сенат депутаттығына үміткерлер, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қайырұлы Жаровты және Көкшетау қаласындағы IT мектеп-лицейінің директоры Айнагүл Қыдырбайқызы Балташеваны таныстырып, олардың орталық сайлау комиссиясының барлық қағидаттарына сәйкес келетінін атап көрсетті. Мәселен, біздің өңірден сайланатын осы екі үміткердің облыста үш жылдан артық тұратын тұрақты тұрғындары екенін және отыз жасқа толған, жұмыс өтілдері бес жылдан асқан, жоғары білімді Сенат депутаты болуға лайықты жандар екені айтылып, депутаттыққа үміткер куәліктері тапсырылып, алдағы сайлауда жеңіске жетулеріне сенім білдірілді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.