Жақсы бастаманың баянды нәтижесіне қарап отырып, ауылдық жерде жұмыс жоқ дегенге иланғың келмейтіні бар. Пікіріміз дәлелді болуы үшін мысал келтіре кетелік. Шалғай аудандағы шағын бизнеспен айналысуға ден қойғандардың ұмтылысы босағасына ырыс үйіріп отыр.
Әншейінде көкөніс қасқалдақтың қанындай таптырмайтын Есіл ауданында соңғы жылдары олқылықтың орны тола бастады. Оған себеп болып отырған жай Знаменка ауылындағы жылыжайдың жемісті еңбегі. Рүстем мен Дамир Балдановтар оң жамбасына келетін кәсіп іздеп он ойланып, жүз толғанған. Ең бастысы, өнімің өтімді болса, еңбегіңнің жанғаны. Әр жайды қолға алмақ болып қабырғасымен кеңескен ағайынды жігіттер бұл өлкеде көкөністің қат екендігін түйсінді. Осы тарапта жұмысты қолға алса, маңдай терлерінің өтелуі әбден мүмкін екендігін қапысыз аңғарған.
Үйдегі ой әбден дұрыс болып шықты. Үміті үлбіреген «Органико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған. Жыл бойы қияр өсіретін үш жылыжай салынды. Қияр тұқымы ақпанның 20-сы күні отырғызылып, наурыз айының жуан ортасында алғашқы өнім жинала бастады. Кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, бүгінгі күні аумағы ат шаптырым үш жылыжайдан тәулігіне 1800 келі қияр жиналады. Жылыжайда он адам жұмыс істейді. Тұрақты жалақыларын алады. Күні кеше өздері де қол қусырып қарап отырған, бизнес әлемінің қыр-қырын меңгермеген кәсіпкерлер бүгінгі таңда он отбасын асырап отыр десек, артық айтқандық емес. Бірдің шарапаты онға тиіп, шаруа оңынан оралып тұр.
Жылдың алғашқы үш айында 45 тонна өнім жинаған. Бұл дегеніңіз аудан жұртшылығына ғана емес, көршілес елді мекендерді де толайым қамтып отыр деген сөз. Жыл соңына дейін 90 тонна өнім жинауға мүмкіндік әбден бар. Алғашқы істері оңынан оңғарылған соң жас кәсіпкерлер жұмыс ауқымын кеңейте түспек. Несі бар, өте құптарлық бастама. Осы бір оңды шаруа туралы қалам тарта отырып, өзге ауылдың жастары, әсіресе, қандастарымыз қол қусырып қарап отырмай, дәл осындай бір кәсіптің жалына жармасса, өздерінің де дастарханы тоқ, әрі ауылдың да келешегі мол болар еді.
Серіктестік қазір Есіл қаласының тұрғындарын көкөніспен қарық қылған соң Қостанайдың сауда нүктелерін де қиярға мелтектей толтыруда. Алға ұмтылып тұрған жастардың сәтті қадамы жалпақ жұртқа сабақ.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Есіл ауданы.