– Арманбек Хакімбекұлы, алдымызда келе жатқан Полиция күні құтты болсын! Енді әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған полиция қызметінің қазіргі таңдағы атқарып жатқан жұмысынан бастасақ…
–Қазіргі уақытта полиция қызметіне аса маңызды ауқымды міндеттер жүктеліп отыр. Бұл дегеніміз – жалпы қылмыспен күресу, қылмыстық істерді сапалы түрде тексеріп, тергеу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап, қадағалау, сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселелері. Осы міндеттердің орындалуы біздің тұрғындар үшін аса маңызды және ол азаматтардың өздерін қауіпсіз сезінулеріне ерекше әсер етеді. Сондықтан, полиция қызметкерлерінің тиімді іс-әрекет етуі мен кәсіби біліктіліктері қоғамның сенімін нығайта түседі.
Біздің қызметіміздегі басым бағыт – ол бұрынғыдай азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша сапалы қызмет көрсету болып қала береді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында біз өз жұмысымызды ашықтық пен жариялылық, полицияға деген сенім деңгейін арттыру принципі негізінде жүргіземіз. Халықпен жақын қарым-қатынас орнатып, олардың көкейінде жүрген құқық қорғау саласына қатысты мәселелерін шешу үшін біз азаматтарды қабылдауды қолға алдық. Жеке өзім жыл басынан бері 105 адамды қабылдап, олардың барлық өтінімдері мен шағымдары бойынша жауап бердік, тиісінше осындай іс-шараларды жүргізуді жалғастырудамыз. Облыс тұрғындарының шағымданған мәселелерінің көбі қылмыстық істерді тексеру мен тергеу, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, азаматтық алу, қылмысты ашу секілді мәселелер болды. Сондай-ақ, келушілер қатарында өз ісіне адал әрі қандай да бір қиын жағдайда міндетін абыроймен лайықты атқара білген полиция қызметкерлеріне алғыс айтып келгендер де бар.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарында учаскелік полиция инспекторларының атқаратын рөлі зор. Биылғы 2020 жылды Ішкі істер министрлігі «Учаскелік полиция инспекторларының жылы» деп жариялады. Олардың жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында учаскелік полиция инспекторларының қызметін жетілдіруге бағытталған Жол картасы мен 2020-2022 жылдарға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді жоспары әзірленді. Мұнда учаскелік инспекторлардың қызметін жақсарту және олардың жұмысына керек материалдық-техникалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету бойынша бірқатар іс-шаралар қарастырылған.
–Әлем халқын толғандырған коронавирус індетімен күреске полиция қызметі де жұмылдырылды. Төтенше жағдай кезінде полиция департаменті қалай жұмыс істеді?
–Наурызда еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланып, дерттің дендеп кетуіне жол бермеу және онымен күресу мақсатында халықтың күнделікті өмір сүру қалпына бірқатар шектеулі өзгерістер енгізілді. Осынау күрделі кезеңде полиция қызметкерлерінің де иығына жауапкершілік жүгі артылды. Облыс аумағына жүз шақты блок-бекет қойылып, онда 571 полицей тәулік бойы қызмет атқарды. Блок-бекеттерде тұрған полиция қызметкерлерінің басты міндеті – карантин режимі жарияланған аймаққа келген автокөліктердің кіріп-шығу шектеулерін, азаматтардың тексерілуі мен фильтрден өткізілуін, ең бастысы, алғашқы кезекте қажет болатын азық-түліктер мен дәрі-дәрмектерді тасымалдайтын автокөліктердің кедергісіз «жасыл дәлізін» қамтамасыз ету болды. Төтенше жағдай режимі жарияланған соң, бірден біздің ведомствода арнайы Ситуациялық штаб құрылды, оның құрамында полиция департаментінің жетекші қызметтерінің полицейлері кірді. Полицейлер мен әкімдіктің өкілдері жедел желі мен Call-центр арқылы хабарласқан азаматтардың төтенше жағдай мен өңірдегі карантин режимінің талаптарына байланысты қойған барлық сұрақтарына жауап беріп отырды. Ситуациялық штаб жұмыс істеген кезеңде 64 мыңнан астам қоңырау түсіпті. Шалынған қоңыраулар біздің облыс аумағынан ғана емес, сонымен бірге, еліміздің өзге өңірлерінен де болған.
–Осы орайда, медицина қызметкерлеріне заң жүзінде Мемлекет басшысының Жарлығымен арнайы үстемеақы тағайындалды. Полиция қызметкерлеріне қандай көмек көрсетілді? Не болмаса, оларға ведомство тарапынан сыйақылар берілді ме?
–Үкімет тарапынан оларға арнайы үстемеақы төленбесе де, төтенше жағдай кезінде қызметтік міндеттерін адал атқарып, коронавирус індетімен күрес уақытында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз еткендері үшін менің бұйрығыммен полиция департаментінің 2 мыңнан астам қызметкері көтермеақы алды. Олардың 1852-сі полицей, 104-і ерікті жалданған құрамдағы қызметшілер және 53-і емханасы бар ведомстволық госпитальдің медициналық қызметкерлері.
–Арманбек Хакімбекұлы, енді атқарылып жатқан күнделікті жұмыстарға қарай ойыссақ. Жалпы, облыста қылмыспен күресу бағытында қандай істер қолға алынып жатыр?
–Облыстағы жедел жағдайға келер болсақ, биылғы жылы жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 1300-ге дейін азайғандығы атап өтуге тұрарлық. Ұсақ, орта ауырлықтағы қылмыстардың тіркелуі, зорлау, қарақшылық, ұрлық, пәтер тонау, мал ұрлау, телефон ұрлығы, бұзақылық, автокөлік айдап әкету секілді қылмыстар азайды. Сонымен бірге, өңірде жасөспірімдер арасындағы және көшедегі қылмыстар саны төмендеп, мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтар 37 фактіге, баукеспелердің қылмысы 172 фактіге азайды. Иә, көріп отырғандарыңыздай, ұрлық мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған, десе де биыл аталмыш қылмыс түрі 30 пайызға төмендеді. Облыста ұрлыққа қарсы әрекет ету бойынша 2020 жылға арналған арнайы Бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда, онда әр өңірдің ерекшеліктеріне аса мән берілген. Сонымен бірге, бұл орайда, қылмыспен, бұзақылықпен күрес барысында құрылған қоғамдық ұйымдар маңызды рөл атқарып жатыр, олардың көмегімен 206 қылмыс ашылып, 364 әкімшілік құқық бұзушылар ұсталды. Осы орайда, қырағылық танытқандары үшін полицияның 33 көмекшісіне жалпылай алғанда 1 миллион 303 мың теңге көлемінде ынталандыру ақысы төленді. Жалпы, ведомство қарамағындағы 243 қоғамдық құрылымдарда 1133 адам тіркелген.
–Бір жылдары көппәтерлі үй аулаларына, көшелерге бейнебақылау камералары қойылып, тәртіпсіздіктер мен ұрлық, тонау азайған тәрізді еді. Қазір бұл жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?
–Облыстық әкімдіктің қолдауымен бейнебақылау жүйелерін енгізу тәжірибесі кеңейіп келеді, патрульдік полицейлердің қызметтік автокөліктері мен байланыс құралдары жаңартылып жатыр, цифрландыру реформасы да іске асырылуда. Адамдардың көп шоғырланатын орындарында 408 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың 144-і облыс орталығында, ал, қалғандары қалалар мен аудан орталықтарында, олардың бәрі кезекші бөлімдердің жүйесіне қосылған.
«Қазақтелекоммен» бірлесіп және Көкшетау қаласындағы полиция басқармасының жедел басқару орталығына біріктіріліп, «Бұлтты бейнебақылау» желісі кеңейтіліп жатыр. Осыған ұқсас жұмыстар қалалар мен аудан орталықтарында да белсенді жүргізілуде. 1 мыңнан астам бейнекамера 514 көппәтерлі үйлердің аулаларындағы подъезге орнатылды. Сонымен бірге, аса криминогенді жағдайдағы 20 жатақханада 40-тан астам бейнебақылау құрылғысы жұмыс істеп тұр.
–Төтенше жағдай кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді дейді. Қаншама әйелдер мен балалардың карантин кезінде үйде қорлық көргендері туралы әлеуметтік желіде көп айтылды. Жалпы, бізде осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылды? Әйелдер мен балалардың құқығы қаншалық қорғалып жатыр?
–Бұл орайда, төтенше жағдай және азаматтардың еріксіз оқшаулануы кезінде біздің өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың көбеюі аса байқалған жоқ. Бірақ, тұрмыс жағдайында әйелдер мен балаларға күш көрсетулер жоқ деп те мүлде айта алмаймыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға бейім тұлғаларды анықтау бойынша жүргізілген алдын алу жұмыстарының арқасында және сол анықталған адамдарды кейін бақылап отыру нәтижесінде бұл қылмыстың көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді. Соңғы бес айда отбасылық жанжал шығарушыларға қатысты 1567 қорғау ұйғарымдары шығарылды. Бұл шара тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу сипатына ие және жанжал шығарушы бір ай бойы бақылауда болады. Егер жанжал шығарған азамат бұл қорғау ұйғарымын бұзып, күш көрсету әрекетін қайталайтын болса, онда әкімшілік жауапқа тартылады. Биыл мұндай 73 факті тіркелген, жалпы, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында құқық бұзған 405 адам жауапқа тартылған.
Бүгінгі күні облыста отбасында зорлық-зомбылыққа душар болғандарға көмек көрсету бағытында 4 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Олар Көкшетау, Щучинск, Степногорск қалалары мен Целиноград ауданының Ақмол ауылында. Бұл орталықтарда әйелдер мен балаларға әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек түрлері көрсетіледі. Биылғы жылы орталықтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 67 адамға көмек берілді, олардың 44-і балалар. Сонымен бірге, өңірде «сенім телефоны» принципі бойынша жұмыс істейтін 20 қызметтік телефондар іске қосылған, олар тәулік бойы жұмыс істейді.
–Кадр мәселесі бойынша айтып берсеңіз. Мәселен, қазір заманауи полицей деген ұғым бар. Қандай болуы керек?
– Заманауи полицей дегеніміз – ол ең алдымен, жоғары моральдық принциптерді ұстанған, кез-келген сәтте адамдарға қол ұшын беруге дайын болатын жан-жақты, әмбебап, кәсіби маман. Міне, осы қасиеттер болса, азаматтардың полиция жұмысына деген сенімінің деңгейі де айтарлықтай артады. Полицейлер облыс тұрғындарымен тиімді және нәтижелі қарым-қатынас орнатып, өзара әріптестікті қалыптастыруы тиіс. Міне, бойында осындай қасиеттері бар үміткерлер ғана біздің қызметке орналасуға лайықты. Сондықтан, мен біздің полиция қызметі туралы қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін тұстарына тоқталғым келіп отыр. Бұл орайда, органды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және сыбайлас жемқорлыққа бой ұсынатын, жалпы ішкі істер органдарының беделін түсіретін біліксіз мамандардан тазарту маңызды.
Бүгінде департаментте екі жүзден астам жас қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта олардың тәрбиелік жұмыстарына, болашақта білікті полицей болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, бізде қазір кадрларды жасарту мәселесі қолға алынып отыр. Бүгінде органға жұмысқа орналасуға келіп жатқан мамандардың көбі 20-23 жас аралығындағы жастар. Олар оқу орнын бітіріп келгенде полиция жұмысын онша түсінбейді, жауапкершілікті толық сезінбейді, оларға қойылған талаптарды ұғына бермейді. Сондықтан, олардың әрқайсысына тәжірибелі тәлімгерлер бекітіліп, олармен жұмыс жүргізілуде. Яғни, полиция қызметіне жас мамандарды осылайша өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Яғни, полиция қызметкерлерінің азаматтармен қарым-қатынас жасау мәдениетін реттеу және қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайтуға бағытталған тәрбиелік жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады.
–Қазір жастар үшін баспана мәселесі өзекті. Бұл ретте, полиция қызметкерлері үшін қандай жеңілдіктер бар? Полиция қызметінде жүріп, баспана алу үшін қандай да бір арнайы бағдарлама бар ма?
–Полиция қызметкерлері ерекше жағдайда, яғни, белгіленген жасқа толғанда ерте зейнетке шығады және тегін киім-кешекпен, медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жедел-тергеу құрылымдарының қызметкерлеріне, учаскелік полиция инспекторларына және патрульдік қызмет полицейлеріне баспана жалдап тұру үшін ақшалай өтемақы төлеу қарастырылған. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру аясында, әсіресе, ішкі істер органдары қызметкерлерінің баспана мәселесін шешу бойынша полиция департаменті қызметкерлеріне Көкшетау қаласында 90 пәтерлі үй салынуда. Алдағы уақытта біраз қызметкерлеріміз баспаналы болып қалады.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесін толық реформалауды маңызды міндеттердің бірі деп белгілеп берді. Осы ретте, ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажеттігі, үш жылдың ішінде атқарылуы тиіс жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп, қызметшілердің еңбекақысын көбейту, баспананы жалға алу, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашу керектігі айтылды. Біздің облыста осы орайда қандай жұмыстар жүргізілді?
–Қазіргі уақытта біз жоғарыда айтып өткендей, 2019-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғыртуға бағытталған жол картасын жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның басты мақсаты полицияның халықпен жұмыс істеуіне жаңа серпін беру, қоғам мүшелерінің полицейлерге сенімін арттыру болып табылады. Ақмола облысының полиция департаментінің барлық құрылымдарында фронт-офистер жұмыс істейді, онда азаматтарға тиімді қызмет көрсету көзделген. Бұл жол картасын іске асыру аясында өткен жылдың 1 шілдесінен бастап, полиция қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы өсірілді. Нақтылайтын болсақ, еңбекақы патрульдік полицейлерге 65 пайызға, жедел-тергеу құрылымының қызметкерлеріне 55 пайызға, учаскелік инспекторларға 25 пайызға, басқа қызмет полицейлеріне 20 пайызға дейін көбейтілді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар жол-патрульдік полициясының қатардағы құрылымдарында жұмыс істеп жүрген сержант лауазымындағы қызметкерлерді офицерлер санатына ауыстыру жөніндегі жұмыстарды қолға алды. Бұл да біздің жолда еңбек етіп жүрген жастар үшін жасалып жатқан үлкен көмек деуге болады.
–Кәсіби мереке қарсаңында айтар тілектеріңіз болса…
–Бұл мереке біздің өз күшіміз бен таңдап алған мамандығымыз – полиция қызметіне деген адалдығымызды, мемлекет пен қоғамның бізге деген сенімін ақтай алатындығымызды көрсететін елеулі күн. Осынау мереке күні мен біздің ардагерлерімізге зор алғысымды білдіргім келеді. Бүгінде олар жас қызметшілерді тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосып, өздерінің бай тәжірибелерімен және қызметтің үздік дәстүрлерімен бөлісуде. Бұл біз үшін өте маңызды және құнды. Олар – біздің қазынамыз. Алдымызда кездесіп жүрген күрделі де жауапты міндеттерді шешу кезінде олардың қолдаулары мен көмектерін әрқашан да сезініп келеміз.
Құрметті әріптестер, сіздерді және отбасыларыңызды осынау кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің барлық жетістіктеріңіз бен бағындыырған биіктеріңіз, отбасыларыңыздың да еңбегі, олардың түсіністіктері мен қолдаулары деп білеміз. Бүгінде полиция қызметінің алдында мемлекеттік ауқымы кең міндеттер тұр. Олардың барлығы сапалы әрі уақытында орындалады деп сенемін. Себебі, біздің әрқайсысымыз үшін тәртіп пен заңдылықты сақтау тек қана жұмыс емес, сонымен бірге, бар ғұмырымызды арнайтын сүйікті ісіміз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.