Егіндікөл, Спиридоновка және Абай ауылдарында, Жалманқұлақ ауылдық округінде қоғамдық тәртіпті сақтау полиция капитаны Нұрсұлтан Қаратаевтың негізгі міндеті саналады.
Кейіпкеріміз 2012 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тәмамдап, әскери борышын өтеп келгеннен кейін еңбек жолын ауылда бастағанды жөн санапты. Нұрсұлтанның туған жері құт қонған Қорғалжын мекені. Талапты жастың Ақмола облыстық полиция департаментінің Егіндікөл аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етіп келе жатқанына биыл жетінші жыл.
Оның айтуынша, аталған елді мекендерде қылмыстық жағдай тұрақты. Бұл орайда полиция капитанының тұрғындармен жүргізетін күнделікті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының зор әсері бар екенін айтпай кетуге болмайды. Нұрсұлтан құқық қорғау саласындағы мүлтіксіз қызметі үшін бірнеше мәрте алғыс алған. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшысы ауыл-ауылды аралап, карантин талаптарының сақталуына рейд жүргізген. Өз учаскесі бойынша карантин режимін бұзған 14 адамды анықтап, жауапкершілікке тартқан.
–Қылмыстардың ішінде ең көп тіркелетіні ұрлық. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарымен үнемі кездесулер өткізіп тұрамын. Учаскемде тіркеуде тұрған тұлғалар күн сайын бақылауымда. Полицияның кешенді күшімен бірге кешкі сағат тоғыздан көшедегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шығамын. Тұрғындарды пандемияға байланысты қолға алынған карантиндік шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын. Мұның бәрі уақытша. Тек, сабыр сақтайық, – деген Нұрсұлтан Қаратаев телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында барша әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын тіледі.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.