Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов Зеренді ауданы әкімінің орынбасарының бос әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға үміткерлермен әңгімелесу өткізу бойынша конкурстық комиссияның отырысына бақылаушы ретінде қатысты.
Ережедегі өзгерістерге сәйкес, аудан және қала әкімі орынбасарларының лауазымдарына орналасуға арналған конкурсты құрамына тиісті аудандардың өкілдері кірген облыс әкімі аппаратының конкурстық комиссиясы өткізеді. Карантин режиміне байланысты кандидаттар әңгімелесуге бейнебайланыс арқылы қатысты. Әңгімелесу барысында кандидаттарға лауазымдық өкілеттіктерін ескере отырып, түрлі сұрақтар қойылды.
Аудан әкімі орынбасары қызметіне үміткерлер сонымен бірге, мемлекеттік орган қызметінің бағыттарына сәйкес келетін тақырыптар бойынша эссе жазып берді.
Жаңа Ережеге сәйкес, конкурстық комиссия жұмысының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына бақылаушылар шақырылады және бақылаушы ретінде жасы он сегізден асқан Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. Осылайша мемлекеттік лауазымды қызметтерге орналасуға арналған конкурстар ашық бола түсті.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.