«Үздік мемлекеттік қызметші» байқауының республикалық кезеңіне біздің облыстан үш мемлекеттік қызметші жолдама алды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтің беделін өсіру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибесін тарату, кәсіби білім мен дағдыларға ие мемлекеттік қызметшілерді анықтау және көтермелеу мақсатында «Қазақстан Республикасының Үздік мемлекеттік қызметшісі» жыл сайынғы республикалық байқауын өткізуде.
Ағымдағы жылы бұл байқау қашықтықтан өткізіліп жатыр. Байқаудың облыстық кезеңіне қатысу үшін 33 мемлекеттік қызметші өтініш берді.
Байқауға 23 жас пен 47 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Биылғы облыстық кезеңге Көкшетау қаласынан ғана емес, ауылдық жерлерде еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметшілер де қатысқаны көңілден шықты. Әрі осы байқауға қатысуға ниет білдіргендердің 88 пайызы атқарушы қызметкерлер.
Облыстық кезеңге қатысушылар «Мен неліктен үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын?» тақырыбында мотивациялық эссе жазып, кейстік тапсырмаларды орындады. Ағымдағы жылдың 4 маусымында өңірлік комиссия республикалық конкурсқа қатысу үшін үш мемлекеттік қызметшіні іріктеп алды. Олар – Ақмола облысы бойынша Соттар әкімшісі Атбасар аудандық соты кеңсесінің бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы Алмас Еркебаев, Егіндікөл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ғалымбек Алин, Ақмола облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді ұсынуды талдау бөлімінің бас маманы Әсемгүл Усина. Конкурстың қорытындысын шығару жөніндегі республикалық комиссия отырысы жақын арада қашықтықтан өткізіледі.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау 23 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісі күніне орайластырылмақшы. Байқауға қатысушы жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Ырысалды ШАМШИЕВА.