Жуырда облысымыздың тәртіп сақшылары төлем терминалынан ақша ұрлау қылмысының бетін ашты.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, ұрлық үстіміздегі жылдың қаңтарында Жарқайың ауданының Державинск қаласында тіркелген. Бұл туралы қылмыс орын алған күні жергілікті полиция бөліміне хабарлама келіп түскен. Тәртіп сақшылары тоналған төлем терминалы орналасқан дүкен иесінің айтуы бойынша жедел іздестіру шараларын жүргізгенімен, ұрлықшы табылмаған. Алайда, полицейлер айыптыны қолға түсіру үшін бірнеше ай бойы іздеуді жалғастырған. Сөйтіп, жуырда аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің іздестеру шараларының арқасында бұл іске қатысы бар деген күдікпен Державинск қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталған.
Қазіргі таңда ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеруде.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.