Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Масылдың жүгі мың батпан - АРҚА АЖАРЫ

Масылдың жүгі мың батпан

Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы қарапайым күнкөрістің өзі келелі мәселеге айналып кеткен түрі бар. Әйткенмен, түбі жарға жығатын жайбарақаттықтан әлі арыла алмай отырмыз. Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 540 адам тіркелген. Есесіне 1303 бос жұмыс орны бар. Құрылыс және жол жөндеу ұйымдары жұмыс істейтін адам таба алмай шарқ ұруда.

Орталық басшысы Уақыт Бейсембаевтың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда жұмыс орны дегеніңіз жетіп артылады. Жоғары, орта білімдіге де, тіпті мамандығы жоқтарға да тәп-тәуір табыс табатын мүмкіндік туып отыр. Дәл қазір күніне 300 адамды жұмысқа орналастыруға болады. Бұл орайда, Мемлекет тарапынан зор қамқорлық көрсетілуде. Бір ғана «Еңбек» бағдарламасының шарапаты ше? Одан өзге де ел қамын ойлап, жұрт жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жаңа жобалар жұмыс істеймін деген адамның алдынан кең жол ашып отыр. Қандай жұмысты қалайсың қалауың білсін. Бірақ, соның өзінде ұмтылып тұрған адам аз. Жоғары білімі бар адамдар нақ өз мамандығы бойынша жұмыс табылмағанның өзінде кәсіби саласына жақын жұмысқа орналаса алады. Тек әттеген-айы қарап отырғаннан тоймайтындығын қаперге ілмеу басым.
Орталық мамандары жұмыс істейтін адам іздеп күні-түні шарқ ұрып жүр. Орталық базарға шатыр тігіп, сол жерге мамандарын орналастырып, бос жұмыс орындарын жарнамалайды. Арнайы көлікпен қала шетіндегі шағын аудандарды, Краснояр, Нұрлы көш ауылдарын әлденеше мәрте сүзіп шыққан. Жергілікті теледидарда жүгіртпе жол бір тоқтаусыз жүріп жатыр. Адам аяғы көп жүретін орталық көшелерге баннерлер ілінген. Жергілікті баспасөз бетінде құлаққағыс айтылып, хабарлама жасалып отырылады. Сонда да жанын жалдап жұмыс істеймін деген адам жоқ.
–Көпке топырақ шашқандық емес, ақиқатын айтқанда, жалқаулықтың, еріншектіктің кесірінен осындай көрініс қалыптасып отыр,–дейді орталық директоры Уақыт Бекайдарұлы,–«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қаржы да бөлінген. Бір ғана облыс орталығында 33 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар жаңадан екі жарым мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Бірақ, өкінішке орай осы күні жұмыссыз жүрген адамдардың өзімді-өзім асырайыншы, отбасым тарықпасыншы дейтұғын ниетін көре алмай отырмыз. Халықты жұмысқа тарту ісі тепсе темір үзетін жастармен ғана емес, егде адамдармен де жүргізілуде. Ондағы ой ата-аналары естіп, үйде жұмыс жоқ деп сылтауратып бос отырған балаларын жұмысқа орналастырса екен дегендік.
Бірақ, сол еңбектің бәрі зая кеткен тәрізді. Бос жұмыс орындары бар екенін естіп біліп, орталыққа дүмеп келіп жатқан адам аз. Кей-кейде жұмыс таба алмай отырмыз деген әңгімені де құлақ шалады. Бірақ, шын мәнінде мәселенің мәнісі басқа.
–Бұл ең алдымен қазіргі жас толқынның тәрбиесіндегі кемшілік,–дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев,–ата-аналар бауыр еті балаларының басынан құс ұшырғылары келмейді. Желге, күнге тигізбей әлпештеп бақпақ. Сөйтіп, тұтас бір ұрпақты ақсаусақ қылып тәрбиелеп жатырмыз. Бұрын қала балаларына қарағанда ауыл балалары қара жұмысқа пісіп-жетілген, шыныққан, шымыр, ықыласты, ынталы болушы еді. Қазір қаланың да, даланы да баласы саусағын қимылдатқысы келмейді. Ең алдымен білім ошақтарында еңбекке тәрбиелеу мәселесін ширатуымыз керек. Баланы қойып, ата-аналардың өздерін тәрбиелеу керек болып тұр-ау.
Орталық басшының уәжіне қарағанда, аракідік екі қолға бір күрек таба алмай жұмыс іздеп келгендер жалақысы аз деп бұрыла қоймайды екен. Бірақ, бұл жерде мынаны ескеру керек, ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлемінде. Жұмыс іздеген адам жұмысқа орналасқаннан кейін өзінің атқарған шаруасының көлеміне орай тәп-тәуір табыс табатындығы белгілі. Қазір құрылыс, күрделі жөндеу, жол салумен айналысатын ұжымдарға қол күші өте қажет болып тұр.
Уақыт Бекайдарұлының айтуына қарағанда, уақытша жұмысқа ғана емес, тұрақты жұмыс істейтін де адам табылмай отыр. Егер жақсы жұмыс істесе, айына 300 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік бар. Жол құрылысымен айналысатын мекемелер жұмысшы табылса, күніне жеті мың теңгеден қолма-қол ақы төлеуге дайын. Қоғамдық жұмыспен айналысу үшін ешқандай дипломның, білімнің қажеті жоқ. Бұрын 200 адамды еңбекпен қамту қарастырылса, коронавирус карантині кезінде тағы да 200 орын қосылып отыр. Халық тарығып қалмасын деген қамқорлық қой.
Дәмханалар мен мейрамханалар аспазшы мен даяшы таба алмай күндіз қолдарына шырақ алып іздеп жүр. Бұл арада да орталық көмекке келуге дайын. Ынтасы бар жастарды 15-20-дан топтап арнайы курстар ашуға әбден болады. Әйтсе де, біздің жұмыс істегіміз келеді деп ұмтылып тұрғандар көрінбейді. Енді кімге өкпеңді айтарсың. Мәселен, тігінші және қоғамдық тамақтану орнына мамандар даярлау үшін қысқа мерзімді кәсіби оқытуды ұйымдастыру қарастырылған. Бұл Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты. Оқытады әрі оқыған уақытыңа стипендия төлейді. Былайша айтқанда, екі жеп биге шығасың.
–Бұдан артық не қажет екендігін түсіне алмай отырмыз,–дейді Уақыт Бекайдарұлы,–шын мәнінде барлық жағдай тудырылып отыр емес пе?
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 104 миллиард теңге болатын бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 1300 адам жұмыспен қамтылуы тиісті болса, әзірге бар болғаны 26 адам ғана жұмысқа орналасқан.
Он екі мүшесі сау адамдар еңбек дегенде бетін басып, айнала қашып жүргенде орталыққа мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істеймін деп жиі келеді екен. 2019 жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істемек болып 136 өтініш түсіпті. Олардың 57-сі тұрақты жұмыс орнына орналастырылған, 23 мүмкіндігі шектеулі адам квота бойынша қоғамдық жұмысқа жіберілген, төртеуі шағын несиеге ие болыпты, 15-і «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша білім алған. Олардың бірі екінші топтағы мүгедек Ахат Самигуллин. Қазір сағат жөндеумен айналысады. Қайтарымсыз грант алған. Қолына тиген қаржыға қажетті құрал-саймандарын сатып алып, ісін тастап кетіпті.
–Олар ең алдымен өздерінің бизнес жобаларын ұсынады. Кейін құжаттар түгенделген соң комиссияда қаралады. Комиссия мақұлдаса гранта қол жеткізеді. Біз бір жыл жұмысын қадағалаймыз, қажет кезінде көмек көрсетеміз,–дейді орталық маманы Нарқыз Сәдуақасова.
Масылдықтың жүгі ауыр екендігі әлмисақтан белгілі. Сол жүкті бүгінгі таңда қоғам мен мемлекет көтеріп тұр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар