Жабал Ерғалиев, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген « ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДА ТҰР» атты сұхбатын оқып шықтым.
Ұлтым деген, Мемлекетім деген, Тәуелсіздігім деген саналы жанның көкейіне қонымды ойларды Президентіміз өз пайымымен өте ұғынықты етіп айтып отыр!
«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНДА ТҰР!» Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бір ауыз сөзімен еліміз бен халқымыздың бүгінгі жанталасты да тайталасты әлемнің қатаң сынағына кезігіп отырғандығын бізге ұқтырғысы келеді. Қазіргідей пандемия індеті жалпы Адамзат баласын, оның тұрмысы мен қалыптасып қалған ежелгі ғадетін, даму жүйесін күйрете де бастағандай. Вирустық індетпен бірге, Жан індеті де дендеп бара ма деп ойлаймын. Адамзат үлкен қатердің алдында тұрғандай…
Әрине, алдағы жақсы күндерден түңілмейміз! Қазір әр мемлекет және оның халқы өздерін өздері сақтап қалудың қарекетіне көшті. Біз қазақ баласының көңілін күпті етіп жүрген осы күндері алаң мәселелер аз да емес. Ауыл… Жұмыссыздық… Ана тілі… Ел бірлігі… Жер тұтастығы… Жемқорлық… Отбасының құндылығы… Қазақтың жаны мен қанын таза ұстау…
Тізбелеп айта берсек, әлі де жетерлік! Осы орайда Президентіміз тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екендігін айта отырып, «Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» дегеніне өз басым әбден құптаймын.
«Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресеймен арадағы шекарамыздың әлемдегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосаясаттың маңызды факторының бірі»,–деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқан пікіріне терең зер салғанымыз абзал.
Кейде біздің қоғамда «Қазақстандағы орыс мектептерін жауып тастау керек» деген сияқты тағы да өзге бір жаңсақ пікірлер айтылып қалады. Бұл пікір Қазақстанның солтүстік және батыс аймақтарындағы тілдік жағдайды білместіктен болып жатады ғой деймін. Қазіргі уақытта қазақтарының 70-80 пайызы орыс тілінде сөйлеп күн көріп отырған және де жыл сайын орыс сыныптарына барып жатқан қазақ балаларының саны өсе түсіп отырған жағдайда, «Қазақстанда орыс тілі қолданылмасын» дегенге баратын болсақ, осыған ең әуелі қазақтардың өзі қарсы болып өре түрегелмесіне кім кепіл бола алады?
Әрине бұған қарап, тізгінді босатып та қоюға болмайды. Осы орайда Президентіміз өзбек ағайындарды алға тартады. Әбден орынды! Кәнеки, босқа намыстанбай, не болмаса шамданып шыға келмей ақиқаттың бетіне тура қарайықшы! Өзбек болмаса қазақ дым шаруамызды жасай алмайтын болдық қой!
Президентіміздің сұхбатындағы «Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті
олардың тұтас тарихында да осылай болған. Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан, ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр»,–дегенін жоққа шығара алар ма едік?! Жоқ! Ақиқат бұл!
Қазір Қазақстанды шеруге шығу елесі кезіп жүр. Ау, мал қайда… жан қайда… шаруа қайда?.. Осы орайда кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде (4 қараша 2019) («Шерумен және бос сөзбен шаруа бітпейді») атты мақаламда айтқан да болатынмын.
Президент сұхбатынан барша қазақ баласының ұғатын бір жайы бар! Ол –мына дүбірлі дүние мен жаһанду заманында өзіміздің Ана тіліміз – Қазақтың тілін әрқайсымыз жақсы да жетік білумен бірге, көпполярлы дүниемен өзге де тілдерді білу арқылы араласта өмір сүріп, өзімізді өзімізді сақтау және Тәуелсіздігімізді нығайту!
Ақиқатында Ана тілімізді үйрену мен қолдануда қордалынып қалған жайлар аз емес! Ол мәселені Президентіміз айтып отырғанындай «қызбалыққа салынбай» парасатпен шешкеніміз абзал. Осы міселе ір қазақты ойландыруы керек. Біз де ойланып-толғанып «Тіл білместік… не істеу керек?» деген ойымызды қағазға түсіріп, біраз БАҚ-тарда жарық көрді.
«Тіл білместік және енді не істеу керек» деген көкейімізге жиналған өз сауалымызға орай осы бір үш бағыттағы Бағдарлама құруды ұсынар едік деп жұртшылықтың назарына ұсынған да едім! Соған тағы да оралып отырмын.
I. Мемлекеттік тіл және отбасының жауапкершілігі.
Бұл бағдарлама арқылы ең әуелі мемлекеттік тіл алдындағы әр отбасының жауапкершілігін қалыптастыру, әр отбасының сол жауапкершілікті сезіне алатындай сана қалыптастыру керек болады. Әр отбасында әр ата-ана өз балаларымен тек өз ана тілдерінде ғана сөйлесу әдетін қалыптастыру аса маңызды. Мемлекеттік тіл үшін әр ата-ана, әр бала өздері жауапты екендіктерін сезіне алу қасиетін дамыту. Барлық ақпарат және электронды құралдар мен барлық әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік тіл алдындағы отбасының жауапкершілігін санаға сіңіретіндей әсерлі жарнамалық роликтер мен насихаттық сипаттағы мәнді сөз беріліп тұруы керек. Қазақ тілінде әуелі анасы сөйлемей баласы сөйлемейтіндігін ұғындыра білейік!
II. Мемлекеттік тіл және Мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі.
Бұл мәселені мемлекеттік мекемелер қолға алғаны жөн. Әрине бұл арада мемлекеттің қызметке бардың екен, енді тек қана мемлекеттік тілде сөйлеу керек деген қағиданы алға тартпаймыз. Бұл арада өз ұлтымызға талап қою керек. Жарайды жиын-жиылыстарда ресми тілде сөйлесін-ақ, бірақ екі қазақ былай шыға бере бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеп бара жатса ғой деп ойлайтын болдық. Осы арада Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деген қағидасын алға тартар едік.
III. Мемлекеттік тіл және бизнес пен халыққа қызмет көрсету саласының жауапкершілігі.
Қазір кез-келген сауда, демалыс орындарында бара қалсаңыз өзіңнің алдыңнан шығатын қызмет көрсетуші қазақтың жап жас ұлдары мен қыздары орысшалап қарсы алады. Міне, солардың санасына Қазақстанның азаматтары ретінде олар ең әуелі алдарына қай ұлттың, қай мемлекеттің адамы, былайша айтқанда кім келсе ол келсін, бір ауыз «сәлеметсіз бе?» деп қарсы алатын болсын, осындай талап қою керек. Содан кейін алдыңда тұрған адамның тілінде, қай тілде жауап берсе де өз еркі. Балалардың ойын-сауық орталықтарының барлығында да қазақ баласына қазақ тілі арқылы қызмет көрсету тәртібін орнықтыру керек. Бала өз ана тілінің де керек әрі қажет екендігін сол ойын алаңдарында көрсетіліп жатқан қызметтен-ақ сезініп өссін.
***
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында: «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн»,– деп өте орынды айтып отыр. Кәне, ең әуелі әр қазақ тым болмаса өзімізбен өзіміз қазақша сөйлеуден бастайықшы!