Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Олар да коронавируспен күресіп жүр - АРҚА АЖАРЫ

Олар да коронавируспен күресіп жүр

Төрткүл дүниені толғандырған қазіргі күрделі кезеңде еліміздің көптеген медицина қызметкерлері алғы шепте жүріп ұлт саулығы үшін коронавирус пандемиясымен күресуде. Олардың ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен арнайы жасақталған жұқпалы аурулар госпиталіне жұмыс істеуге жіберілген облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының қызметкерлері де бар.

– Бүгінде облыста коронавирус індетінің таралу аумағы өкінішке орай, кеңейіп кетті. Осы орайда, бізді де аты шулы індетпен күресуге жұмылдырды. Әрине, біз де медицина қызметкерлеріміз, дегенмен, қызмет көрсету жағынан саламыз мүлдем басқа. Алайда, республика аумағында қалыптасқан қазіргі қиын жағдайда коронавируспен күресу мақсатында медициналық білімі бар кадрларды жаппай емдеу-алдын алу мекемелеріне тарту талап етілуде. Сондықтан, біз де бір адамдай қауіпті індеттің алдын алу үшін аянып қалған жоқпыз. Барлығы да ұлт саулығы үшін, – дейді орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Жақанова. –Менің өзім әріптестерімнің арасында бірінші болып облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің арнайы жасақталған жұқпалы аурулар бөлімшесінде екі апта бойы сәуір айында жұмыс істеп келдім.
Сәуле Жақановадан соң, орталықтың эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Бәтеш Бапенова мен дәрігер-лаборант Людмила Маслова да диспансерде бір-бірін алмастырып, вахталық тәсілмен қызмет етіпті. Ал, орталықтың аға мейірбикесі Қайыржамал Тоқсанбаева Бурабай ауданында полиция қызметкерлерімен бірлесіп, блок-бекетте еңбек етті. Ол Көкшетау — Нұр-Сұлтан автобанымен жүріп өткен барлық көлік жүргізушілерді тексеріп, жолаушылардың денсаулық жағдайларын қадағалады.
–Дәл қазіргі уақытта жоғарыда аталған диспансердің жұқпалы аурулар госпиталіне біздің лаборантымыз Елена Петрунина іссапарға жіберілді. Сондықтан, біздің орталықтың қызметкерлері міне, осылай барынша маңызды да қажетті істе бастарын қауіпке тіге отырып, өз үлестерін қосуда, – деп сөзін түйіндеді әңгіме барысында орталықтың бас дәрігерінің орынбасары.
Ал, жұқпалы аурулар госпиталіндегі медицина қызметкерлерінің қиын да ауыр жағдайы туралы маған дәрігер-лаборант Людмила Маслова толық айтып берді.
–Арнайы жасақталған жұқпалы аурулар госпиталінде жұмыс істегенде ондағы барлық дәрігерлерден бастап, басқа да қызмет көрсетуші барша тұлғалардың эпидемиологиялық режимді сақтауын қатаң қадағалау менің міндетіме кірді. Ал, бұл дегеніміз бір қарағанда оңай көрінгенімен, өте жауапты әрі тынымсыз, қиын да ауыр жұмыс екен. Мұны түсіну үшін ол жерде обаға қарсы костюмнің өзін киіп көрсеңіз жеткілікті болады. Мен бөлімшеге кіретін адамдардың тамақ тұсы мен денелерінің толық жабық болуын, яғни, терінің бір жері де ашық болмауын қадағаладым. Ал, обаға қарсы костюмнен бөлек ондағы қызметкерлер бастарына арнайы шлемдер, респираторы бар бас киім мен көзілдірік, екі қабатталған бахилла мен перчаткілерді, арнайы жейделер мен шалбарлар киетін. Күн ұзақ осындай арнайы комбинезонда, яғни, «буылған зат» тәрізді жүрудің өзі физикалық та, психологиялық жағынан да оңай емес. Ал, ондағы үнемі қозғалыста жүретін мейірбикелер мен санитарлардың өз жұмыстарын орындауына, яғни, анализ алу, екпе жүргізу немесе орынжайларды тазалап, жуу әрекеттерін жасағанда, сол герметикалық тығындалған түрде жүру қиынға соқты. Кейбіріміз жай ғана бірнеше қабат киім киіп алсақ та, өзімізді бір түрлі тығындап, қаптап қойғандай жайсыз сезінеміз. Сондықтан, бүгінгі күні онда жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерінің жағдайы өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанынан бөлек, әлдеқайда қиынырақ әрі жауаптырақ,–деді Людмила Валентиновна.
Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі қатаң режим сақталатын мұндай госпитальдерде жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің еңбегін қаһармандық деп айтуымызға болатын шығар. Олар демалыссыз күн сайын сегіз сағат бойы үзіліссіз жұмыс істейді, бұл кез-келген адамның организміне өте ауыр жүктеме емес пе?!
Осы бөлімшеде он күн бойы жұмыс істеген медицина қызметкерлері қала сыртындағы демалыс орталықтарында дем алуға барды. Кезекшілік аяқталған соң, олардың барлығы арнайы автобуспен демалыс орнына жеткізілген. Орталыққа кіргенде де олар барлық санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтап, арнайы бөлек есіктен кіргізіліпті. Дәрігерлердің айтуынша, орталықта дем алуы мен тамақтануы, тұруы барлығы қожайындардың есебінен тегін ұйымдастырылыпты. Осындай жағдай жасалғандығына олар дән риза.
–Мен жұқпалы аурулар бөлімшесінде кезекшілікте 14 күн емес, белгілі бір жағдайларға байланысты 17 күн болдым деп сөзін жалғастырды Людмила Валентиновна. –Бөлімшедегі эпидемиологиялық қауіпсіздікті қадағалаудан бөлек мен ол жерде науқастар жатқан палаталарға да кіруіме тура келді. Себебі, менің міндеттерімнің бірі бактериологиялық шамдар мен желдету режимінің жұмысын қадағалау болды. Сонда мен індетке ұшыраған адамдармен бетпе-бет кездестім. Олардың ішінде ауруы білінбей өтіп жатқандар да болды, олар кәдімгі ешбір жері ауырмайтын адамдар сияқты, бірақ, олардың көбі госпитальге әкеліп жатқызып қойғандарына қарсылықтарын да білдіріп жатты. Олардың ішінде жасы елулерден асқан әйел де болды, ол ауыр жағдайда түсіп, жасанды желдету аппаратында жатты, кейін дәрігерлердің арқасында емделіп шықты. Сонымен бірге, науқастар ішінде аяғы ауыр келіншек те жатты, айы-күні жеткенде, оны дәрігерлер арнайы палатаға апарып, босандырды. Ол үшін тез арада гинеколог, акушер, неонатолог мамандарын шақыртуға тура келді. Оларды да алдын ала дайындап, рұқсат бергеннен кейін ғана палатаға кіргізілді. Әйел аман-есен босанып, қызды болды. Бұл кезде көрші палатада келіншектің күйеуі, қайын атасы мен енесі, үлкен қызы жатыпты. Бұл отбасыны біздің облыстың шалғай аудандарының бірінен жеткізген екен, қуанышқа орай, сәбиден індет анықталмады. Отбасы мүшелері осындай қиын жағдайда бір қуанып қалды. Мен осындай қуанышты сәттің де куәгері болдым.
Біз сөйлесе алған ЖИТС орталығы қызметкерлерінің қай-қайсысы болсын, барлығы да госпитальдегі эпидемиологиялық режимді қатаң қадағалау ісіне жұмылдырылыпты. Олар жұқпалы вирустың мекемеден сырт таралмауы үшін жұмыс істеген. Мәселен, олар қолданылған шприц, салфетка, маска немесе ыдыстардың ешқайда шығарылмай, арнайы міндетті утилизацияға жіберілгенін де бақылауда ұстаған. Бұл медицина қызметкерлерінің басты міндеті, қарапайым тілмен айтар болсақ, мекемеге кірген індетті бұл жерден асып ешқайда шығармауға тиіс болған.
Сөз соңында індетпен күреске жұмылдырылған орталық қызметкерлерін суретке түсірмекші болдық. Алайда, бүгінгі күні аты жаман індетпен күресте батылдық танытқан олардың барлығын бірдей жұмыс орнында кездестіре алмадық. Денсаулық сақтау саласында еселі еңбек етіп жатқан осындай адал жандар көп болсын дейміз.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар