Иә, менің журналистік өмірімде біраз тәлімгер ұстаздарым болды. Олардың бәрі кәсіби жағынан шыңдалып, өсе түсуіме белгілі дәрежеде үлестерін қосты. Дегенмен, осы саланың алғашқы әліппесін үйретіп, қаламгер ретінде қалыптасуыма үлкен еңбегін сіңірген бір адам болды. Ол – Есмұхамбет Айтмағамбетов еді.
1988 жылдың шілде айында ҚазМУ-дің тарих факультетін бітіріп, жолдамамен бұрынғы Торғай облысының Ахмет Байтұрсынов туып-өскен, қазір сол кісінің атымен аталатын Южный деген ауылында орта мектепте бір жыл мұғалім болған мен Қима аудандық «Дала таңы» газетіне тілші болып қызметке кірістім. Мектепте істеген бір жылдың ішінде мұғалімдік қолым емес екендігін түйсініп үлгірген едім және аудандық, облыстық газеттерге шағын мақалаларым шығып, содан осы салаға деген қызығушылығым арта түскен. Бұрынғы Торғай облысының «Торғай таңы» газетінің бөлім меңгерушісі Жұматай Сабыржанұлының «қабілетің бар жігіт екенсің, ауылда қалып қоясың, саған орта керек, газетке кел» деген сөзі осындай шешім қабылдауға түрткі болған.
Қима аудандық газетіне қызметке орналасуыма да Жұматай Сабыржанұлының көмегі тиген еді. Аудандық газет екі тілде, қазақша және орысша шығады екен. «Дала таңы» жене «Степная заря» деп аталатын қос газетті басқарып отырған редактор Есмұхамбет Айтмағамбетов түсі суық, ұзын бойлы, қараторы кісі екен. Алғашында салқындау қабылдағасын дұрыс тіл табыса алмаспыз-ау деген күдігім көп ұзамай шындыққа айнала бастағандай болды. Бұған дейін аудандық, облыстық газетте біршама мақалаларым шығып, желпініп келген менің жазғандарым бірақ та, Есмұхамбет Айтмағамбетұлының көңілінен шыға қоймады.
Ол кезде қолмен жазып, оны машинкаға бастырасың. Машинкаға бастырылған материалдарым редактордың алдына барғанда көк шимай болып қайта түзеледі. Сондай шимақталған мақалаларымды маған «мә, мынаны қайта түзетіп әкел және оқы, не үшін түзегеніме назар аудар» деп лақтырып жіберетін. Жасыратыны жоқ, алғашында редакторымыздың бұл әрекеті шамыма тиіп, іштей қатты ренжіп жүрдім. Әлгі көк шимай болған мақаламды машинкаға қайта бастыруға берсем, машинистка келіншектер «неге қолжазбадан түзетіп алмайсың» деп зар қағады. Олардың да жағдайын түсінуге болады, кімнің екі жұмыс істегісі келеді дейсің. Осылайша екі оттың ортасында қалып, біраз теперіш көргендей болдым.
«Дала таңы» газеті жеке газет болып саналғанымен, оны редактордың орынбасары болған Мұратбек Жарылғасов екеуміз ғана шығарамыз. Ара-тұра Есмұхамбет ағамыз да көмектесіп тұрады. Негізінен, орыс газетінің материалдарын аударып береміз. Содан аудармаға жегілдім. Алғашында қиындау болғанымен, біраздасын әбден төселіп алып, редакторымыз сияқты машинисткаға бірден диктовка жасайтын деңгейге жетіп қалдым.
«Ұра берсең сайтан да өледі» демей ме, қазақ. Алғашында көк шимай болатын мақалаларым келе-келе бірер жерін ғана түзетіп, берілетін болды. 1989 жылдың жазында редакторымыздың тікелей ұсынысымен мені ауыл шаруашылығы деп аталатын бөлімге меңгеруші етіп тағайындады. Ал сол жылдың күзінде Қимаға үйренісе алмай, Арқалыққа қалалық газетке ауысқан Мұратбек Жарылғасовтың орнына редактордың орынбасары етіп тағайындады. Сөйтіп, қазақ газетін шығаруды мойныма алдым.
Алғашында түсі суық көрінген Есмұхамбет ағамыз жүрегі кең, әділ кісі екен. Менің жазуға икемімді байқаған соң-ақ жылы тартып, білгенін үйретіп, осы саланың маманы болуыма бір кісідей көмектесті. «Аудандық газетте істеген адам барлық басылымда жұмыс істей алады» дейтін ол. Шындығында аудандық газет әмбебап сияқты. Онда істеген журналист барлық тақырыпты жазады, іссапарларға шығады, газеттің барлық сатысының жұмыстарын меңгереді.
1989 жылдың басында газетке «Қатипаның қызыл сөмкесі» деген поштальон әйел туралы жазылған алғашқы очеркім шыққанда төбем көкке жеткендей қуанып қалғаным бар. Бұл очеркім де Есмұхамбет ағамыздың біраз шимайлауынан өткенін атап өтуге тиіспін. Мен «Дала таңы» газетінде қызмет ете жүріп, көп нәрсені үйрендім. Ұстазым – Есмұхамбет Айтмұхамбетұлы. Хабар, суреттеме, очерк, тіпті, фельетон да жаздым. Менің журналист ретінден қалыптасуым осы аудандық газеттің табалдырығында басталды.
Есмұхамбет ағамыз Көкшетаудың түлегі еді. Облыстық «Торғай таңы» газетінде бас редактордың орынбасары, кейінірек облыстық баспахананың директоры қызметтерін атқарған. Аздап ақындығы да бар. Кейде редакция қызметкерлері түрлі себептермен бас қоса қалғанда бірер жүз грамм ішкен ағамыз туған жеріне деген сағынышы болар, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп басталатын әнді беріле шырқайтын. Тәп-тәуір даусы болды.
Есмұхамбет Айтмұхамбетұлы зейнеткерлікке шыққанша аудандық газетті басқарды. Алпысқа толған ағамызды сол тұста Қима ауданының әкімі болған Аманжол Сейітжанов зор құрметпен, астына темір тұлпар мінгізіп, зейнеткерлікке шығарып салыпты. Кейінірек Арқалық қаласында, содан соң Алматыда тұрды. Арамыз алыстап кетсе де, ара-тұра республикалық түрлі басылымдардан ағамыздың мақалаларын жиі оқып тұрдым. Ол барлық тақырыпқа қалам тартатын және әдемі айшықты тілі болатын. Ұмытпасам, 2017 жылғы «Арқа ажарының» бір нөміріне Сәкен сері туралы үлкен көлемді дүниесі жарық көрді. Сәкен серінің жұртқа белгісіз бір қырлары туралы көзбен көріп, куәсі болған жайларды жеріне жеткізе, әдемі тілмен өте тартымды жазған. Бас алмай тұшынып оқып шықтым.
Өкініштісі сол, бүгінде ағамыз арамызда жоқ. Екі жылдай бұрын бақилық болған. Ол өле өлгенше қолынан қаламын тастамай кетті. Менің көкірегімде отыз жылдан астам уақыт еңбек еткен саланың кәсіби маманы болуыма көп көмегін тигізген тәлімгер ұстазымның бейнесі ұмытылмастай болып сақталып қалды. Ол сол баяғы қалпында кабинетін көк түтінге толтырып, ақ қағазды шимақтап, әлденені толғанып жазып отырғандай көрінеді…
Қалкөз ЖҮСІП.