Бұл шаңырақтағы сыйластық пен жарасымдылық, бауырмалдық пен сүйіспеншілік кез-келген отбасыға үлгі. Әкелерінің бойындағы қамқорлық пен мейірімнен, аналарының нұр толы жүзінен жылылық пен махаббаттан балалары нәр алып, жайқалып өсіп келеді. Назымбек пен Нұргүл Танабергеновтердің өмірлерінің бар мәні – балаларының бақыты.
Назымбек пен Нұргүл Танабергеновтер полиция қызметінің майталмандары. Олар Көкшетау қалалық полиция басқармасында еңбек етеді. Назымбек Жұмабекұлы еңбек жолын 2007 жылы Қостанай облысының Арқалық қаласында бастаған. Сол жерде өмірлік сыңарын, аяулы жары – Нұргүл Масақбайқызын кездестіріп, шаңырақ көтереді. 2010 жылы Нұргүл Танабергенова Көкшетау қалалық полиция басқармасында жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы лауазымына тағайындалады.
Бүгінде ерлі-зайыптылар арыстандай үш ұл мен үкілеген бір қыз тәрбиелеп, олардың болашақтарына үлкен үмітпен қарайды. Татулығы мен ынтымағы жарасқан бұл шаңырақ бүгінде қаншама жастарға үлгі-өнеге. Полицейлердің кенжетайы – Дияр балабақшаға барады, ортаншы атұстарлары – Алдияр мектепке дейінгі даярлық тобында, ол да ата-анасының және отставкадағы полиция подполковниктері атасы Төлеген мен туысқан ағасы Дүйсенбектің жолын қуып, полиция қатарында қызмет етуді армандайды. Олар өздерінің ғұмырының 25 жылын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған. Данияр есімді ұлдары екінші, ал қыздары Дана жетінші сыныпта оқиды. Ерке қыздары би билеу, музыка үйірмелеріне қатысып, өнер жолында самғауды армандайды.
Бүгінде полиция капитаны Назымбек Танабергенов Көкшетау қалалық жергілікті полиция қызметінде учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Учаскелік полиция инспекторы болғандықтан, оның жұмысында кей жағдайларда қызмет шегінен тыс оқиғалар кездесіп, оларды да шешуге тура келіп жатады. Оның жұмысында кездейсоқ тап болған осындай оқиғалар сан қырлы, тіпті, біреудің ойына да келмейтін істерге қатысты мәліметтер бар. Полиция қызметкері Назымбектің басты міндеті қылмысқа жол бермеу, әкімшілік-құқық бұзушылықтарды анықтап, сонымен бірге, өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік учаскіде тұрғындар арасында алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне ерекше талаптар қойылуда. Олар азаматтармен қарым-қатынаста тактикалық тұрғыдан оң көзқараспен қарап, сыпайы сөйлесулері тиіс, кәсіби әдептен аттамай, мұқият тыңдай білулері және келушіні тыныштандырып, оған жан-жақты жауап берулері, өз ұсыныстарын айтулары қажет.
Учаскелік инспектордың жары Нұргүл де капитан шенінде, кәмелетке толмағандар ісімен айналысады. Оның міндеті – ата-аналармен, кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жұмыс істеуге және балалардың әртүрлі әлеуметтік мәселелерін шешіп, олардың отбасына көмектесуге жағдай туғызуға қатысты.
– Біздің полицейлердің әрқайсысын ауыл тұрғындары билік өкілі ретінде қабылдайды. Сондықтан, олар ондағы жағдаймен мінсіз таныс болуы тиіс және болып жатқан оқиғаларға байланысты жедел жауап қайтару қажет. Сонымен бірге, ауылдастарымен жақсы қарым-қатынаста болып, олардың қажеттіліктері мен мәселелеріне бей-жай қарамай, азаматтардың арыздары бойынша дұрыс шешімдер шығарып, құқық бұзушылықтарға жол бермеуді қадағалау керек. Өздеріне сеніп тапсырылған аумақтағы тәртіпті барынша сақтағандары абзал. Шынын айтайын, қызметтік міндеттерімізді атқарып жүріп, өзіміздің балаларымызға көңіл бөлуге уақыт өте аз болып жатады. Соған қарамастан, балаларымыз үлгілі, сабақтарынан тек қана жақсы бағалар әкеледі, – деді Нұргүл Масақбайқызы.
Жолдасы екеуі балаларының әр жетістіктері мен ұмтылыстарын ұдайы қолдап отырады. Бос уақыттарында балаларын кинотеатрға, театрларға апарып, мәдени орындарды тамашалатып, қала сыртына шығарып, таза ауамен тыныстайды. Кей күндері бірігіп, барлығы бірге үй шаруаларымен айналысады. Отбасында балаларымен өткізген әрбір сәттеріне ризашылықпен қарайды. «Жұмыстан қаншалық шаршап келсек те, балаларымызды көргенде барлығын ұмытып, өмір сүруге деген құлшынысымыз арта түседі. Біздің еліміздегі барлық әріптестерімді полиция күнімен құттықтаймыз, – деп түйіндеді сөзін полиция капитаны Нұргүл Танабергенова.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.