Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы біздің облыста 21-24 маусым аралығында 1114 мектеп бітіруші сынақ тапсырып үлгерді. Биылғы тестілеудің қатаң талаптарына қарамастан, цифрлық құралдарды енгізбекші болған 20 шақты талапкер аудиториядан қуылған көрінеді.
Ақмола облысында ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусымнан басталғалы белгілі. Алғашқы күні Есіл, Степногорск қалаларындағы пункттерде 185 оқушы тест тапсырды. Маусымның 22-23-і күндері Ақкөл, Атбасар, Есіл, Ерейментау, Степногорск қалаларында 383 түлек сынақ тапсыруы тиіс болатын. Алайда, белгісіз себептермен тек 366 талапкер ғана пунктке келген, яғни, 15 бала келмеген. Әрине, бұл олардың өз құқықтары. Осы күндері де ұялы телефон алып кірмекші болған оқушылар аудиторияға жіберілмеген немесе сынақ барысында телефон пайдаланбақшы болғандары залдан шығарылған.
Бүгін Атбасар, Ерейментау қалаларында өткен тестілеуге 240 талапкер қатысуы керек болатын, алайда, жетеуі тағы да келмей қалған.
–Төрт күн ішінде 1114 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті, ал, 20 адам аудиториядан қуылды. Жалпы, облыста ҰБТ талаптары мен ережелері бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар барынша жүргізіліп жатса да, талапкерлер оны елемеуде. Биыл тестілеуге келмей қалу мен аудиториядан қуылу секілді мәселелер көп орын алып жатыр. Сондықтан, талапкерлерден сұрайтынымыз, ережелерді бұзбаңыздар! Аудиторияларда цифрлық құралдарды қолдануға болмайды. Әр аудиторияда өтіп жатқан тестілеу барысы бейнежазбаға түсіріледі. Білім және ғылым министрлігінің өкілдері кез-келген уақытта оны қарап, цифрлық құралдарды қолданған талапкерлерді байқап қалса, сынақ нәтижелері толық жойылады, яғни, жұмыстарыңыз есепке алынбайды,–деп мән-жайды түсіндірді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов брифинг барысында.
Облыс орталығында тестілеу Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында 26-30 маусым аралығында өтеді. Спикердің айтуынша, пунттердегі тестілеу ұйымдасқан түрде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өтуде. Талапкерлер мен қадағалаушылар, аудиторияға жіберілмес бұрын тиісті ережелерге сай дене қызуларын өлшеуден бастап, барлық талаптарды орындайды.
Ырысалды ШАМШИЕВА.