Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың тілі деп тебіренген - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың тілі деп тебіренген

Қашанда қай ұлттың да тұтастай амандығы, оның қасиетінің жоғалмауы, халықтың тілі мен дінінің беріктігінде дегім келеді. Тіл жоғалса, халық немесе тұтастай бір ұлттың жоғалатынын тарих талай дәлелдеген. Ұлттың басты құндылығының бірі – тіл. Осы тілдің тағдырына байланысты бұған дейін де ұлылардың тарапынан көтерілген мәселелер аз емес.

Айтылар ойдың негізгі бағытын жоғарыда тілге тиек етіп кеткен тіл мәселесінде кеңестік дәуірдегі дүрбелең шақта ұлы тұлғалардың сүбелі ойларына бұруды жөн көрдім. Елге, тілге жанашыр, ұлттың тағдырына бейғам қарамайтын тұлғаларға тоқталар болсам, Көкше елінің дара тумасы, педагог, ұстаз, батыр, майдангер Мәлік Ғабдуллиннің және Жамбыл өңірінің түлегі, Кеңес Одағының Батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлының ел тағдырына, тіл тағдырына алаңдаушылық білдіре отырып жазған хаттарына, эпистолярлық әлемдеріне тоқталып, ой бөлісуді жөн көрдім.
Мәлік Ғабдуллиннің 80-нен аса кісіге хат жазғаны, 45-тен астам кісінің Мәлік Ғабдуллинге хат жазғаны біздің қорда жинақталған. Сол жазбаларының басым көпшілігі қилы тағдырларды бастан кешкен халықтың жағдайына бағытталған, сол халықтың халық болып қалыптасуына, тілдің қатысы бар екендігін дәлелдеген.
1941-1945 жылдар аралығында күллі әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының қазақ халқының өмірінде де үлкен із қалдырғанын білеміз. Сол аласапыранның арасында жүріп, қазақтың тілінің бұлыңғыр болып тұрған болашағына байланысты мәселелерді, өздерін толғандырған ойларын, үзеңгілес ел жанашырларына хат арқылы жазысып, «келісіп пішкен тон, келте болмас» дегендей, кеңесе отырып, қазақ халқының тіліне байланысты көптеген мәселелерді шешкендерін көріп отырмыз. Осы ретте, тіл тағдырына байланысты жазған құнды хаттардың бірнешеуіне тоқталып кетуді жөн санадым.
1943 жылы ең алғаш рет Бауыржан Момышұлы ұлттық тіліміздің мәртебесі туралы меселелерді көтеріп, майдан даласында өлім мен өмірдің арасында жүрсе де, қолына қалам алып, шұбарланып бара жатқан тіліміздің тағдырына алаңдаушылық білдірген хатын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, Әбдіхалықовқа жолдаған. Хат Әбдіхалықовтың қолына тимей-ақ, Орталық Комитет кәдімгідей әбігерге түсіп, қазақ тілін жақсарту жолында арнайы қаулы жобасын дайындайды. Ол кезде қандай мәселе болмасын шешімі Кремль арқылы шешілетіні тағы бар. Орталық Комитеттің Бауыржан Момышұлының жазған хатының негізінде дайындалған қазақ тілінің тағдырына байланысты қаулысын, өкінішке орай, Кремльдегі қызыл империяның өкілдерін қабылдатпайды. Бауыржан Момышұлы сәл уақыттан соң, Комитетке алдыңғы хатының желісімен, екінші, үшінші хат жолдайды. Бірақ, хаттарының тағдыры алғашқы хаты іспеттес хабарсыз қалады. Тіл тағдырына алаңдаушылықпен жазған хаттарының аяқсыз қалғандығын, сол хаттары аясында Орталық Комитетте біраз пікірталастар туындағанын айтып, Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовқа хат жолдаған. Хаттың желісін оқып шыққан Мәлік Ғабдуллиннің ашу-ызасы өршіп, Бауыржан Момышұлының тіл туралы бағытын толық қолдайтынын айтып, Нұртас Оңдасынов пен Жұмабай Шаяхметовке хат жолдаған. Арада көп уақыт өтпей-ақ Орталық Комитетке жолданған хатының аяқсыз қалғанын, оның үстіне Бауыржанмен бірге өзінің ұлтшыл деген атаққа ие болғанын біледі. Осындай тілге қатысты дүрбелең жүріп, қазақ жерлерінде қазақ тілі мен қоса орыс тілдерінің қатар жүретіні жөніндегі пікірталастар туындап жатқан уақытта, Мәлік Ғабдуллин «Орыс еместер арасындағы тәрбие жұмысы» деген еңбегін жазып, оны Мәскеудегі бір баспадан басып шығарады. Кітапта баса көтерілген мәселе тіл тағдырына қатысты болған. Бірақ, өкінішке орай, кітаптың тиражы өте аз шығарылып, таралу аясын тарылта бастайды. Дегенмен, ұлты үшін алаңдаған оқырмандар барынша оқып, олардың тарапынан жоғары бағасын алып та үлгереді.
Мәлік Ғабдуллин 1944 жылдың 30 сәуірінде Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповке тіл тағдырына байланысты жазған хатында: «Қазақ тілі туралы мәселе көтерілуі орынды-ақ. Оны «емле, атау» дегендерден кеңірек етіп, ауқымды әңгіме ретінде айтса жақсы болар еді деймін. Меніңше, қазақ тілі – ұлт тілі, одақтас республика халқының тілі, демек, мемлекет тілі деген мәселені қойған жөн.
Мәселені осы бағытта шешсек, «атау-матау, емле-семлелер» өзі-ақ келіп шығады. Сөздің шыны былай ғой, менің байқауымша, Сіздер қазақ тіліне мән бермей, оның қадірін түсіріп жүрсіздер. Кеңселердегі жазу-сызу, мәжілістеріңіз қай тілде жүретінін мен айтпай ақ қояйын. Ал, осыларыңыз дұрыс па? Сіздер шығармаларыңызды кім оқиды деп жазасыздар? Кейде не қазақшаны, не басқа тілді дұрыс білмейтін балалар кездеседі. Олардың бұл дәрежеде болуына кім айыпты? Неге ұрсып, сықақтап, шаншып-түйреп жазбайсыздар?
Сталин жолдас ұлт туралы берген анықтамасында ұлт болу үшін бес шарт (условие) керек екенін айтты. Мұны ұмытуға болмайтын шығар. Бізді неліктен Қазақ республикасы деп атайды? Халқымыз үшін емес пе? Ендеше, сол халықтын тілін дұрыстау қажет. Шала молда дін бұзады, шала тілші (языковед деген мағынада) тіл бұзады. Тегі біздің тілшілеріміз осы аурудан аман ба екен?» деп жазады.
1946 жылы 5 қазанда Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовтың өзара жазысқан хатындағы: «Әдебиет төңірегінде жалпы жағдай аса мәз емес. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Әдебиет төңірегінде жүргендердің көпшілігінің қызыл науқаншылардың таяғын жемегендері кемде-кем. Сонау Асанқайғыдан бастап кешегі Сұлтанмахмұтқа дейін ақ-қарасына қарамастан кәдімгідей сілкілеп тастады. Арасында Әбділда да бар. Ол енді бұдан кейін «Мен қазақпын» деп ұзақ уақыт айтпайтын шығар. Мұндайда белсенділер шығып қызыл белсенділердің сойылын соғатыны бесенеден белгілі. Қазір Мұхтардың еңсесі кәдімгідей төмен түсіп қалған. Бұл пәледен Шоқан мен Жамбыл ғана аман» деп келетін сөздердің астарында талай сыр жатқандай. Бұл хат арқылы Мәлік Ғабдуллиннің қазақ әдебиетінің жағдайымен қоса, Мұхтар Әуезовтың тағдырына да алаңдағанын көруге болады.
Осындай баға жетпес асыл мұраларды қолыңа ұстап, өз көзіңді жеткізе отырып оқығанда, сол заманға барып қайтқандай күй кешесің. Қазіргі жас ұрпаққа бағыт беруші мұндай хаттарға назар аударудағы бір мақсат – келешек жастардың дұрыс өсіп-жетілуіне, бойларында Отанға деген ыстық ықыластарының болуына, қазіргі мемлекетіміздің бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтын, өз тілін сүйетін, өткен тарихтан өзіне үлгі алатын ұрпақ тәрбиеленуіне септесу.

Балым АЙТМАҒАНБЕТОВА,
Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар