Ауыл деген жалғыз ауыз сөз тіл ұшына оралғанда, өне бойыңды жып-жылы сезім кернеп кететіні бар. Биыл облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,5 миллиард теңгені құрайтын 35 жоба қолға алынып отыр.
Ел еңсесін тіктейтін осы жобалардың аясында ең алдымен білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Жалпақ жұрттың көкірегінде қуаныш лебін асқақтатып, жаңасы да салынып жатыр. Бәрі де керек, ел үшін қажет дүние. Әдетте тұрғындар тарапынан айтылатын арыз-шағымның көбірек орын алатын жері де осы. Сонымен қатар, ұзақ жылдан бері қаражаттың кемдігінен қараусыз қалған ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу де қолға алынуда.
Негізінде, өңірдегі 590 елді мекеннің 289-ы болашағы бар ауылдар санатында. Қазір Алаштың ақ бесігі саналатын, жақсы мен жайсаңның кіндік қаны тамған, қайран да қайран алақандай ауылды болашағы бар және жоқ деп екіге бөлетін болдық қой. Аталмыш жоба аясында қамқорлықтың жылы лебі негізінен осындай ауылдарды қамтымақ. Ал, сонда болашағы жоқ деген қарғыс таңбасы басылған шоқ жұлдыздай шағын ауылдардың шаруасы одан әрі шатқаяқтай түспей ме?
Жеті жоба білім саласына шұғыласын себезгілегелі отыр. Мәселен, Атбасар, Астрахан, Бурабай, Шортанды және Сандықтау аудандарының мектептері күрделі жөндеуден өткізілуде. Жоба аясындағы жақсылық ауыз сумен қалтқысыз қамтамасыз етіп, спорт және мәдениет ошақтарын орташа жөндеуден өткізіп, шарапатын тигізбек.
–Бір ұтымдысы,–дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев,–қолға алынған жобаларды жүзеге асыру барысында 1900 жұмыс орны ашылады, оның 53-і тұрақты. Қамқорлыққа сусап отырған ауылдармен қатар тұрғындарға да тәп-тәуір тиімділігі бар.
Жоба аясында Сандықтау ауданына республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард 333 миллион теңге қаражат бөлінген. Көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту барысында 7 жоба қарастырылса, 3 мектеп пен аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізілмек.
–Ауылдық мектептер мен аудандық аурухана сапалы жөндеуден өткізілгеннен кейін жас мұғалімдер мен дәрігерлер тұрақтап қалып, ел игілігі үшін жұмыс істейді деп үміттенемін,–дейді Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев,–жергілікті жұртшылық тарапынан жол сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Осы орайда халықтың қалауына орай, Балкашин және Сандықтау ауылдарының арасындағы жолға орташа жөндеу жұмысы басталып кетті.
Ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды, әлеуметтік саланы дамытуды көздейтін жоба аясында ірі елді мекендерге баса назар аударылып отырғандығын екпін түсіріп айта кетуіміз керек. Дегенмен, мол қаржының аздаған бөлігі алыстағы ауылға да жетіп жатса, шын мәнінде ғанибет болар еді. Сондықтан, жобаларды қолға аларда ел тілегін ескерген жөн. Біз бұл пікіріміз арқылы қолға алынып жатқан шаруаларды жоққа шығарғымыз келіп отырған жоқ. Тек шағын ауылдардың үлкен мәселесі назардан тыс қалып қоймасыншы деген тілегімізді айтқымыз келеді. Тұтас аудан игілігін көретін жақсы жобалардың бар екендігін айта кеткен ләзім. Мәселен, аудандық аурухана 1972 жылы салынған. Сол уақыттан бері ғимаратқа бірде-бір мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тұтас ауданға қызмет етіп отырған аурухананың жоба аясында жөнделуі аудан жұртшылығының ризашылығын туғызуда. Нақтырақ айтатын болсақ, 4 бөлімше, зертхана, ғимараттың алдыңғы беті, шатыры жөнделмек. Оның үстіне модульдік қазандық орнатылып, лифт жабдықтары жаңғыртылады. Жөндеу барысында 53 жұмыс орны ашылған. Оның 20-ы осы уақытқа дейін екі қолға бір күрек таба алмай жүрген Балкашин ауылының тұрғындары.
–Тұңғыш Президентіміз бастамашысы болған бағдарлама дер кезінде қолға алынып отыр. Түпкі мақсат та айқын. Ауылдың ажарын жақсартып, тұрмысқа қолайлы жағдай туғызу,–дейді аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев.
Иә, соңғы жылдары ауылға көрсетіліп жатқан көмек қомақты. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде 22 миллиард теңге қаражат бөлініп, ел еңсесін тіктеуге бағытталған. Бөлінген қаржының 47 пайызы ауыз сумен қамтуға жұмсалған. Білім саласына бөлінген қаражат та аз емес. Целиноград ауданының Қызылсуат, Қаражар, Сандықтау ауданындағы Балкашин, Біржан сал ауданындағы Невское ауылдарына 4 білім ошағы салынды. Денсаулық сақтау саласына 2,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, 10 нысан тұрғызылды. Бұл дегеніңіз ауыл адамдарының денсаулығына жасалып отырған қамқорлық.
Ағымдағы жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қаражатына да жасалып жатыр. Мәселен, 2019 жылы болашағы бар деп танылған Астраханка, Зеренді және Аршалы елді мекендерінде жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылды. Осы орайда, 384 жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүргендерге нәпақа болып қалды. Үстіміздегі жылы өңірдегі өзекті мәселенің бірі – ауыз сумен қамту орайында жоба шарапатын Бұланды ауданындағы Капитоновка, Зеренді ауданындағы Викторовка ауылдары көрмек. Алғашқысына су құбырлары желісін жаңғыртуға 616,1 миллион теңге жұмсалса, екіншісіне 377,6 миллион теңге қарастырылып отыр. Осы қаражатқа 33 шақырым су құбыры жөнделіп, 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза су ішетін болады.
Жоба аясында ауыл спортының да тамырына қан жүгіріп қалмақшы. Мәселен, бұл орайдағы үш жобаның бірі – Аршалы ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Жоба құны – 832,7 миллион теңгені құрайды. Целиноград ауданында 1124,7 миллион теңге игерілмек, ал, Шортанды кентіндегі стандионды жөндеуге 120 миллион теңге бағытталған. Бұл шын мәнінде ел ішіндегі бұқаралық спортқа деген жанды жанашырлық емес пе?
Ел ішіндегі қолайсыздықтың бірі – қаусап, қираған жол. Тіршіліктің күретамыры көптен бері қараусыз қалып еді. Енді міне, шарапаты мол жоба аясында толайым жөндеуге қол жетпесе де, ішінара ілгерілеушілік бар екендігін айта кеткеніміз жөн. 11 елді мекенді байланыстыратын жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 17 жоба қолға алынып отыр.
Әуел баста жеті жылға көзделген жоба барысында облыстың 300 мыңнан астам тұрғыны инфрақұрылымдар жөнделіп, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар қалтқысыз қызмет ететін деңгейге жеткен соң жанға жайлы тұрмыс кешетін болады. Мұның барлығы мемлекет тарапынан қолға алынып отырған қомақты шаруа.
Сөз соңында жоғарыда біз өкінішпен айтқан болашағы жоқ деген үкімі бар ауылдардың үміті кесілмесе екен деген тілек бар. Оның арғы жағында шоқ жұлдыздай шағын ауылдың тағдыры тұр. Ендігі бір үміт сол ауылдың перзенттерінде екендігі даусыз. Шағын ауылдардан шыққан үлкен бизнестің басында жүрген азаматтар баршылық. Мемлекет тарапынан созылған көмек қолының жетпей жатқан тұсына ел азаматтарының өзі перзенттік пейілдерімен көмектесіп, туған жерінің тұғыры биіктеуге титімдей болса да үлестерін қосса екен дейміз. Бәлкім сонда жанары жаудырап қалған шалғайдағы шағын ауылдың жалынан жел есер.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.