Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңіріміздің бір топ азаматтарына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген мемлекет-тік наградаларды тапсырды.
– Қазір әлемдік қауымдастықтың алдында маңызды міндет тұр, ол – коронавирус пандемиясын ауыздықтау. Осындай қиын уақытта қауіпті індетпен күресіп жүрген медицина саласы мен БАҚ өкілдерінің еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, медицина қызметкерлері күн сайын тұрғындардың денсаулығын сақтауда алдыңғы шептен көрінуде. Өз кезегінде мемлекетіміз де сіздерге қолдау көрсетіп отырғанын жеткізгім келеді, – деген өңір басшысы Ермек Маржықпаев Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Астананы көшіру туралы бірегей шешімі аса маңызды тарихи оқиға болғанын атап өтті.
Облыс басшысы Қазақстан Президентінің Жарлығымен біздің өңірімізден 15 медицина қызметкері мен ақпарат саласының қызметкерлеріне берілген жоғары марапаттары үшін үлкен алғыс білдірді. Оған қоса, барша ақмолалықтарға амандық-саулық тілеп, еліміздің асқақтығы мен жасампаздығының нышаны болған Астана күнімен құттықтады, қасиетті арқа төріндегі нұрлы қаламыздың абыройы биік, мерейі үстем, дамуы қарышты бола берсін деген тілегін білдірді.
Одан әрі өңір басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы 2020 жылғы 20 маусымдағы №355 Жарлығына сәйкес, бір топ жерлестерімізді салтанатты түрде марапаттады. Олардың ішінде: «Парасат» орденімен марапатталған Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов, «Құрмет» орденімен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Көкше» оңалту орталығының бас дәрігері Жұмабек Мақашев және «Бурабай» облыстық балаларды оңалту орталығының бас дәрігері Қалел Рахматуллин бар. «Ерен еңбегі үшін» медалімен Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігері Лилия Высоцкая, «Шапағат» медалімен облыстық көпбейінді аурухананың қызмет басшысы Саржан Қалмұратов, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің медбикесі Әйгерім Баймағамбетова және диспансердің бас медбикесі Бақытжан Кенжеболатова, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен облыстық «Көкше» телеарнасы директорының орынбасары Берік Әбділманов пен осы телеарнаның шеф редакторы Мәдина Смағұлова, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев марапатталды.
Салтанатты шара барысында «Парасат» орденімен марапатталған Қасымжан Тәшметов сөз алып, бүгінгі қауіпті дерттің белең алуына байланысты облыстық диспансер қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегінің арқасында өңірімізде 262 адам сауығып шықса, 130 адам ем алып жатқанын, 12 сәби дүниеге келіп, он екі әйелдің ана болғанын жеткізді. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Серік Сапарұлы да журналистер атынан ризашылығын білдіріп, жуырда жарық көрген кітабын табыс етті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбегі үшін наградталсын:1. Азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды да қажырлы еңбегі үшін наградталсын:
«Парасат» орденімен Тәшметов Қасымжан Қалижанұлы – «Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері» МКК бас дәрігері
«Құрмет» орденіменАнюхина Альбина Николаевна – Аршалы аудандық ауруханасының бас дәрігері, Ақмола облысы
Махашев Жұмабек Райысұлы – «Көкше» облыстық оңалту орталығы» МКК бас дәрігері, Ақмола облысы
Рахматулин Қалел Рапихұлы – «Бурабай» облыстық балаларды оңалту орталығы» МКК бас дәрігері, Ақмола облысы
«Ерен еңбегі үшін» медаліменВысоцкая Лилия Фаридоновна – Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігері
Жұматаева Сәуле Аймұхаметқызы – «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» МКК бөлімше меңгерушісі, Көкшетау қаласы Кабаргин Юрий Викторович – Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісі
Сейтенов Нұрлыбек Әскербайұлы – «Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері» МКК бөлімше меңгерушісі
«Шапағат» медалімен Каст Людмила Викторовна – «Аршалы аудандық ауруханасы» МКК дәрігері, Ақмола облысы
Қалмұратов Саржан Амангелдіұлы – Ақмола облыстық көпбейінді аурухананың қызмет басшысы,Көкшетау қаласы Салықова Роза Жүсіпқызы – «Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері» МКК аға мейіргері Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасыменӘлішбекова Жанзира Алдабердіқызы – «Аршалы аудандық ауруханасы» МКК аға мейіргері, Ақмола облысы
Баймағамбетова Әйгерім Қайыргелдіқызы – «Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері» МКК мейіргері Кенжеболатова Бақытжан Орынбайқызы – «Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері» МКК бас мейіргері Ысқақова Ақмарал Қайырбекқызы – «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» МКК бас мейіргері.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев.Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 20 маусым№ 355