Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ұлттық логдаун енгізу туралы шешім қабылдағаны ел қамын жеген оң шара екендігін облыс әкімі брифинг барысында атап өтті.
Бүгінгі күнге дейін облыста 1513 коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы орын алса, оның 545-і сырқат белгілері бар, 968-і сырқат белгісі білінбейтін науқастар. Өкінішке орай, 23 адам індет салдарынан қайтыс болды. Бір аптаның ішінде індет жұқтырған 330 оқиға орын алса, соңғы тәулікте көрсеткіш 2 пайызға өсті. Яғни, 29 оқиға тіркелді.
Облыстағы медицина ұйымдары қазір күшейтілген режимде жұмыс істеуде, 1084 адам ауруханаларға жатқызылған. Оның 38-інің жағдайы ауыр болса, 7-уінің жағдайы өте ауыр. 385 адам сырқаттан айығып шықты.
Науқастарды емдеу 10 жұқпалы және 26 провизорлық стационарда жүзеге асырылуда. Жұқпалы аурудан емдеу емханаларында 780 орын, провизорлық емханада 1355, карантиндік емдеу орындарында 50 төсектік орын бар.
Ел ішінде аурудың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанымен, соңғы үш аптада Жарқайыңда – 11 есе, Егіндікөлде – 6,5 есе, Ақкөлде – 5, Жақсыда – 3,3, Бурабай ауданында және Степногорск қаласында 1,3 есе індет көлемі көбейіп кетті. Өкінішке орай, жаман тұмауды жұқтыру оқиғасы тұрғындар арасында ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да етек алуда. 43 дәрігер мен 119 орта буын медицина қызметкерлері жұқпалы ауру жұқтырды.
Осыған дейін жұқпалы ауру Нұр-Сұлтан қаласына жақын маңдағы елді мекендерде: Целиноград, Аршалы аудандарында тараған болатын. Қазір өзге аудандарға да жайылып барады. Облыс әкімі COVID-19 вирусымен күресу үшін соңғы үш аптада ауруханалардағы төсек- орындардың 2,5 есеге өскенің атап өтті. Жұқпалы дертпен күреске қосымша 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Қажетті қаржы үкіметтің резервінен де бөлініп отыр. 1 миллиард теңгеден астам қаражат жергілікті атқарушы органның резервіндегі ақша. 850 миллион теңгеге қорғаныс құралдары сатып алынған. 450 миллион теңге 17 жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алуға жұмсалған. 834 миллион теңгеге 1,2 миллион дана жеке қорғаныс құралдары алынды. Облыстың медицина ұйымдарында 247 аппарат бар. Осы орайда, «Тыныс» акционерлік қоғамының індетті жеңіп шығуға зор үлес қосып отырғандығын айта кетуге болады. Ұжым демеуші ретінде 17 аппаратты ауруханаларға сыйға тартты. Облыс әкімінің айтуы-на қарағанда, өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалуда. Қазіргі таңда 1640 дәрігер жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, нақты айтқанда 413 дәрігер жетіспейді. Егер қосымша төсек-орындар қойылатын болса, онда тағы да 1975 медицина дәрігерлері қажет болуы әбден мүмкін. Қазір жоғары медицина колледжінің 133 түлегімен тиісті жұмыс жүргізілуде. Олардың арасынан 33 фельдшер жедел жәрдем қызметіне, 7-еуі қалалық емханаларға, 91 орта медицина қызметкерлері алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету саласына бағытталатын болады. Барлық емханаларда жедел бригадалар жасақталды. Бригадалар құрамына дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, фельдшерлер енгізілген. Сандық рентген аппаратпен жабдықталған. Ем тағайындауға көмек көрсете алады. Қазіргі күні емханалар мен жедел жәрдем қызметіне ауыр салмақ түсіп отырғанын ескере келе тұрғындарға жедел көмек көрсету үшін 25 автокөлік бөлінді. Барлық медицина ұйымдары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына орай медицина қызметкерлерін қолдап, ынталандыру үшін 558,2 миллион теңге қаражат бөлінді. Қосымша ақы 4189 адамға төленді. Астана күні қарсаңында өңірдегі 15 медицина қызметкері ерен еңбектеріне орай жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Оған қоса төтенше жағдайға байланысты медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыдан қолдау үшін 80,5 миллион теңге қаражат бөлінді.
Жұқпалы аурулардан емдейтін ауруханаларда 780 төсек-орын болса, қазір оның 45 пайызы пайдаланылуда. Соңғы күндері Атбасар ауданындағы Мариновка туберкулез бөлімшесінде қосымша 100 төсек- орын дайындалды. Есіл аудандық ауруханасының жанындағы «Арай» сауықтыру орталығының базасында қосымша төсек-орындар дайындалды. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде әлі де 1162 төсек-орын бар. Тамыз айының 1-не дейін індет жұқтырған науқастарды орналастыру үшін 5000-нан астам төсек орын дайын болады.
Тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмектің жетімсіздігі туралы өкпе-наз туындап жатыр. Оның ішінде өкпенің қабынуынан және жаман тұмаудан емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің жетімсіздігі туралы дабыл қағылуда. Шынтуайтында мұндай мәселе бар. Облыс әкімдігі дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып жүзеге асыруда. 71 миллион теңгеге «Алувиа» препараты алынды. Әйткенмен, әлі де кейбір дәріханаларда дәрі-дәрмек жетімсіз. Күні кеше ғана бірнеше келісім жасалды. Дәрі-дәрмек дәріханаларға жеткізіле бастады. Қиын уақытта дәрі-дәрмектің бағасын көтеріп, бас пайдасын ойлау адамгершілікке жатпайды. Таяуда ғана Көкшетау қаласының тұрғыны сұранысқа ие дәрі-дәрмекті өз үйінде сатқандығы анықталды. Осы оқиғаға орай қылмыстық іс қозғалды. Тұрғындарға және карантиндік адамдарға жәрдем беру үшін әр емхананың жанында Call-орталықтар жұмыс істейді. Облыс орталығындағы қандай дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің бар екендігі туралы ақпарат алуға болады. Бүгінгі күні облыста 3 лаборатория жұмыс істейді. Негізгісі ұлттық сараптама орталығының филиалы. Онда тәулігіне 800-ден 1000 адамға дейін тексеруден өте алады. Үстіміздегі жылдың сәуір айының 17-нен бері 70321 сынама зерттеу өткізілсе, 3537 жедел әдіс бойынша жүргізілді.
– Жаман тұмауға байланысты облыс тұрғындарын жұмыспен қамту да айрықша маңызды. Қазіргі күні 6000-ға жуық бос жұмыс орны бар. Біздің міндетіміз тұрғындарды тарықтырмай, жұмыспен қамтамасыз ету. Ең бастысы әркім өзінің және отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Сонда ғана біз төрткүл дүниені тегіс тітірентіп тұрған індетті жеңетін боламыз,– деді облыс әкімі.