Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәуледен шыққан сәулелі азамат - АРҚА АЖАРЫ

Сәуледен шыққан сәулелі азамат

Біржан еліндегі Сәуле ауылынан әрі-бері өткен сайын жылы бір шуаққа бөленгендей боламын. Ақырын ғана өз-өзімнен жымиямын. Жүзіме күлкі үйірілетіні осы ауылдың тумасы, белгілі журналист Самат Мұсаның баршамызға тән балалық бал дәуренімізге қатысты шырайлы сөзі есіме түсетінінен.

«Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Самат Мұса жайлы бір үзік сыр.

«Ауылымызда жасы еңкейген жалғызілікті қария шешеміз болды, – дейді «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бүгінгі жауапты хатшысы Самат бауырым. Күн ұзақ қозы бағып, бұзау қайырып, ойын қуып шаршағанымызбен іңір түсуін асыға күтеміз. Әлгі шешеміз өзінің жатаған үйінің төбесіндегі шілік себетке ағараңдап таң атқаннан құрт жайып қояды. Неге екенін қайдам, күн ұзақ бабына келіп піскен сол домалақ, сықпа құртқа бәріміз құмармыз. Жұлдыздар жымыңдай бастаған шақта бой тасалап, тіпті еңбектеп сол себетке жапатармағай жақындаймыз. Арамыздағы ептілеріміз тамның төбесіне шығып, кейбіріміз екіншіміздің мойнына мініп, көйлек, майкамызға асығыс салып жатамыз. Әлден уақытта әжеміздің «әй, жайрағырлар!» деген даусы шығады. Тырақайлап жамырай қашамыз. Шешей қумайды. Біраздан соң бәріміз ауылда жарығы жанатын жалғыз столбаның түбінде жиналамыз. Жолай төгілген-шашылғаннан қалған құртымызды ортаға салып, мәз-мәйрам боламыз.
Күндегі дағдымызбен бүгін де жорыққа шыққанбыз. Шешеміздің шамы сөнісімен әлгі себетті араша таладық. «Әй, жайрағырлар» айтылмады. Столбаның түбіне еркіндеу жиналдық. Қараңғыда қаужаңдап жатырмыз. Көп ұзамай «ой, мынау не, мынау не?» деген дауыстар шыға бастады. Есімізді жиып, бір-бірімізді нұсқап ал кеп күлейік. Қолымыздағы сықпамыз балшық құрт екен!»…
Айналайын, ауыл-ай! Айналайын, шешей-ай! Мұндай ауылдың сүттей тұнық тағылымы болады. Самат та осындай тәлім-тәрбиенің уызына қанғандар қатарында екендігі даусыз. Ол қазақы ұстанымның жетегімен ата-әжесінің қолында өсті. Көкшетауды әдеби-мәдени ортамыздың ошағы дегенімізбен, көнекөз қариялардың құлаққа құйған тәлсімі өзгеше ғой. Ауыл балаларына ортақ жағдайды айтайын. Үлкендерміздің, әкелеріміздің қолынан газет түспейтін. Әр үй пошташыны асыға күтіп отыратын. Босағасын аттағандардың алдына алдымен газеттерін жайып салатын. Біреудің үйіне барса, өздері де соны іздеп тұратын. Біз қатарлы балалардың барлығы дерлік әліппенің қаріптерін газет шетіндегі алаңқайға жазып үйренді десек, қателесе қоймаспыз. Бұл адамдардың ақпарат құралдарына деген үлкен құрметі еді. Сол құрмет Самат өскен қара шаңырақта айрықша еді деп дәлелдеп жатпай-ақ қоялық. Әйтпесе, немеренің мектептегі қабырға газетіне шыққан өлеңіне, әртүрлі басылымдарда жарияланған хабар-ошарларына қуанып, ауыл-аумақты шақырып жататын кім бар дейсіз.
Сөйте тұра, оқушы Самат ішіндегі арманын бүгіп ұстайтындардан еді. «Кім болам?» дейтін шығармада «Журналист болғым келеді» деп жазбады. Қол жетпестей санаған шығар бәлкім. Сол кездері «Космонавт боламын» деу әлдеқайда оңайырақ көрінетін. Арманына асығып жанталаса да алмады. Мектепті бітірісімен қария ата-әжесіне қарайлап, Сәуледе екі жылдай мал бақты. Комсомол-жастар бригадасының ұйтқысы болды. Әскерге алынып, азаматтық борышын өтеп қайтты. Қолында жолдамасы бола тұра, оқу іздей қоймады. Саматтың білдей слесарь, токарь атанып қалған тұсында әжесі дүние салып, атасының жанынан мәңгілік мекен тапты. Әжесінің қырқынан кейін Саматтың Алматыға жол тартқанын, жоғары оқу орнына түскенін көп адам білмей де қалды. Ал, білгендердің, артынан естігендердің бәрі «Ой, айналайын, қадамыңа гүл бітсін» деп толғанғаны анық. Қазақы қалып дегеніміз осы шығар!
Ел батасы қабыл болып, педагогикалық институттың филология факультетін үздік бітірді. Бұны басты арманның баспалдақтары мықты екендігімен байланыстырған жөн. Журналистиканың өзегі – тіл мен әдеби ілімнің тереңдігінде. Осыдан болса керек, «Социалистік Қазақстан» газетінің («Егемен Қазақстан») корректорлар бюросына бірден қабылданған.
Мен Сәуле ауылының сымбатты да салиқалы жігіті Самат Мұсамен «Егеменді Қазақстанның» Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі қызметіне тағайындалған 1982 жылы таныстым. Құтты болсынын айтып, қазақша құшақтасып амандасқандағы алғашқы сөзі – «Бойыңыздан Көкшенің исі аңқиды». Аузыма басқа сөз түспей «Сәулені сағынғансың-ау» деппін. Осыдан шығар, тонның ішкі бауындаймыз, Көкшенің қарағайларындай бірге тербеліп, қайыңдарындай сыр кешеміз.
«Егеменде» ешкімнің қызметті сұрап алмайтынын білетін біздер осы аралықтағы соқпақтың қаншама ауыр сындарға, қызықты күндерге толы болғандығын да білеміз. Самат бүкіл Қазақстан туралы төгілдіріп, Тәуелсіздігіміздің болашағы жайлы ойларын тереңдетіп жазумен келеді. Ол бас газеттің Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық сапарларын жариялайтын журналистер тобының (ПУЛ) мүшесі ретінде айрықша көзге түсті. Асылында, бұл тақырып, кез-келген журналистің тісі бата беретін дүние емес. Мұнда жеделдік пен жауапкершілікке негізделген білім мен білік талап етіледі. Самат Мұса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарларында әлемнің 25 елінде болып, мемлекеттік саясаттың тұтқалы мәселелерін сарабдалдықпен жариялап отырды. Соның ішінде Тұңғыш Президентпен бірге Меккеге кіші қажылық рәсімін өткізгені санасында өшпестей болып сақталып қалды. Бұған қоса, тәжірибесі толысқан қаламгер Бакуде өткен түркі тілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясының бірінші жалпы отырысында парламентализм тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистердің ассоциациясына мүше болып сайланды. Бұл әріптесіміздің халықаралық деңгейде мойындалуы еді.
Бауырымыздың қоғамдық қатынастардағы орны, азаматтық ұстанымы да айрықша. Бәрін тізбелеп жатпайық. «Егеменнің» 90 жылдығы қарсаңында үлкен топпен облысқа келді. Жергілікті биліктің кестесімен біраз жерді араладық, тәлімді кездесулер өткізілді. Байқаймын, Самат Еңбекшілдер ауданына жетуге асығулы. Ауданға келісімен қанаттанып кетті. Мәдениет үйіндегі кездесуде ауданға Біржан сал атын беру туралы жалындатып сөйледі. Зал тік тұрып қол шапалақтады. Көп ұзамай газеттің берік ұстындарының бірі Әділ Дүйсенбектің «Біржан аты сұранып тұр» деген мақаласы жарияланды. Өзі жазбай, ардагер ағаға ұсыныс жасауы Саматтың қазақы қалыптың адамы екендігін білдіреді. «Егемен» арнайы топтамалар ұйымдастырып, бұған еліміздің өзге өңірлеріндегі оқырмандар да белсене атсалысты. Мінекей, қазір аудан Біржан сал болып аталады.
Саматтың 50 жасқа толуына байланысты оған үлкен құрмет көрсетілді. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев бастаған топтың құрамында елордадағы салтанатта Самат Мұсаға «Біржан сал ауданының Құрметті азаматы» куәлігін тапсырғанбыз.
Кез-келген саланың қызметкерлері өзінің төл мерекелері мен айтулы өмір белестерін ел алдындағы есебі деп біледі. «Егеменнің» ғасыр тойының екпіні басылмай тұрған шақта Самат Мұса 60 жасқа толып отыр. Бұл газетте ертелі-кеш жұмыс істеген асыл ағаларымыздың, ардақты апаларымыздың, қадірменді тұстастарымыздың, ізетті іні-қарындастарымыздың бәрі осылай ойлайды, олардың бәрі қазақтың бас басылымында жұмыс істеудің қандайлық мәртебе екендігін жақсы сезінеді. Осы орайда, мына бір жағдай көкейімнен кетпейді. Кезекті бір сапарымда Саматтың үйінде болдым. Кешкі шайдан кейін менімен аралас-құраластығына басып, келін еркіндеу сөйлей бастады. «Егеменнің» біраз жігіттері қалталы газеттерге ауысып, «жоталанып» қалған көрінеді. Әужай түсінікті болды. Саматқа құда түсушілер де барын аңғардым. Кербез жігіт келіншегіне ашуланғаннан дабасқарақ қызарды. Бір-ақ ауыз сөз айтылды. «Менің әкем де, шешем де «Егемен». Әке-шешесін ешкім тастамайды!» дейді Самат. Заматта жайсыздық сейіліп, ішкі дүнием жадырап сала берді.

Самат Мұса туған елге қызмет ету үшін одан жырақ жүріп-ақ көп нәрсе тындыруға болатындығын дәлелдеген жанның бірі. Осыны түсінген елі де перзентін асқақтата білді. Оның омырауында «Құрмет» ордені, бірнеше медаль жарқырайды. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Президентінің, қос Палаталы Парламентіміздің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағы тағы бар. Журналистерде әрі жүрегі жарасқан адамдарда әңгіме-хикая көп қой. Солар тілге алынса, Саматтың аты жақсы жағынан аталып жататынына қуанамыз. Өлке азаматының осынысына да риза боласың. Әріптес інімізге Сәуледен ұшқан шұғылаға малынып, ұрпағыңды жетелеп, өрге баса бер дейміз әманда!

Бақберген АМАЛБЕК,
Қазақстанның құрметті журналисі.

«Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, Біржан сал ауданының құрметі азаматы Самат Мұсаны 60 жасқа толуымен құттықтайды. Елімізге есімі мәлім, қаламы жүйрік жерлесімізге шығармашылық табыстар тілейміз!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар