Көкшетау қаласында тұрғындарға медициналық көмек көрсету мақсатында жылжымалы мобильді бригадалар іске қосылуда. Қалалық емхана жанынан құрылған арнайы топтар бүгінде өз қызметіне кірісіп те кетіпті. Арнайы топтардың құрамында дәрігер, орта медициналық қызметкер мен фельдшер бар.
Жалпы, ел аумағында шілде айында осындай үш жарым мың жедел көмек көрсету бригадалары құрылыпты.
Бүгінгі таңда емхананың анықтама бөліміне медициналық ақыл-кеңес алуға немесе келіп көмек көрсетуге күніне жүздеген адам хабарласып, жедел медициналық көмек жәрдем сұрайды екен.
–Қалалық емханаға бекітілген адамдарға көмек көрсету, яғни, үйлеріне барып қарау үшін 6 жедел топ құрылды. Соңғы уақытта шақыртулар бірнеше есеге дейін артты. Сондықтан, кей шақыртуларға үлгермей, кейде кешігіп барамыз. Біз дәл қазіргі күрделі кезеңде өз жауапкершілігімізді түсінеміз, әрбір хабарласқан науқасқа, мұқтаж жанға қол ұшын бергіміз келеді, алайда, үлгермей жатамыз, – дейді қалалық емхананың бас мейірбикесі Индира Ыбыраева.
Дәрігерлердің айтуынша, жедел көмек көрсету топтары күніне 150-200-ге дейін шақыртуға барады екен.
–Біздің дәрігерлерлер таңғы сағат 9.00-ден кешкі 22.00-ге дейін шақыртуларға барады. Ол жерде науқастың дене қызуын тексеріп, жалпы жағдайы туралы мониторинг жүргіземіз. Одан кейін диагноз қоямыз. Егер COVID-19 вирусын жұқтыру ықтималдығы анықталса, анализ алынып, ұлттық ғылыми сараптама орталығына жібереміз. Ал, күдігіміз расталса науқасқа және учаскелік дәрігерге хабарлаймыз. Одан соң кіммен байланыс-та болғаны анықталады. Тиісті ем-дом тағайындалады, – дейді жалпы тәжірибе дәрігері Мәдина Сағынбаева.
Жедел топ мүшелерінің айтуынша, науқаспен байланыста болғандарға мониторинг қашықтықтан да жүргізіледі. Олар күніне 2 рет дене қызуын тексеріп, арнайы чек-парақ толтырады. Жедел көмек тобы үйге шақыру қызметін кепілдендірілген тегін медициналық көмек есебінен жүргізеді.
Материалдар топтамасын әзірлеген:
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.