Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл мектебінің ахуалы алаңдатады - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл мектебінің ахуалы алаңдатады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық кеңестің үшінші отырысында білім саласындағы қашаннан бері қордаланып қалған мәселелерді саралай келе, ауыл мектептерін қала мектептерімен теңестіру қажеттігін айтқан болатын. Шынында да, бұл – өте өзекті мәселе. Облыстағы ауыл мектептерінің ахуалы алаңдатарлық. Тәуелсіздік таңы атқалы 150 мектеп жабылып қалған. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін білім ошақтарында 834 мұғалім жетіспесе, оның 543-і ауыл мектептеріне тиесілі. 66 мектепте спорт залы жоқ.

Облыстағы 556 мектептің 67 пайызы шағын жинақталған мектептер. Күрделі мәселелердің қордаланып қалған жері де осы. Ең алдымен мұғалімдердің жетіспеушілігінен бір мұғалім бірнеше пәннен беретін олқылық та осы тұста. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуына қарағанда, кемшіліктің кестесін облыстағы 21 тірек мектептері жазып жіберуге септігін тигізуде. Тірек мектептердің жанынан ресурстық орталықтар құрылған. Облыстық бюджеттен орталықтардың материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жарақтандыруға 178 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Осы жерде жылына үш мәрте сессия ұйымдастырылады. Сессия барысында толық емес мектептерде білім алатын оқушылар өз пәнінің нақты мамандарынан дәріс алып, білім негізін нығайта түсуде.
Бұл орайда, ел Президенті екпін түсіріп айтқанындай, толық емес мектептерде барлық пән мұғалімдерін ұстау өте қиын. Кадр жетіспеушілігі облыстың Біржан сал, Бұланды, Атбасар аудандарында қатты сезіліп отыр. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері, ағылшын тілі, математика, физика, орыс тілі мен әдебиеті, тарих, химия пәндерінің мұғалімдері жоққа тән. Сондықтан, амалсыздан зейнет жасындағы ұстаздар мен өзге пәннің мұғалімдері сабақ беріп амалдауда. Олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді деген «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасынан да қайыр болмай тұр. Бұл орайда, ештеңе бітірілмей жатыр деген ұғым тумауы керек. Әр жыл сайын облыс мектептеріне 900-ден астам маман бағытталады. Соңғы үш жыл ішінде 1398 жас маман жұмысқа орналасқан. Ал, жоғарыда айтқан бағдарлама бойынша 797 маманға баспана сатып алу үшін 2690,2 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. 927 маманға 133,2 миллион теңге мөлшерінде көтермеақы төленген. Осы бір деректерге көз жүгіртіп отырсаңыз, ауыл мектептерінің мұғалімнен тапшылық көретін реті жоқ тәрізді. Алайда шын мәнінде, бағдарлама арқылы ел мектептеріне орналасатын жас толқынның шалғайдағы шағын ауылға ат басын бұруы өте сирек. Оның басты себебі, ауылдық жердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, екіншіден, негізгі мектепте сабақ сағаты аз. Міне, сондықтан жас маман жарытымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейді.
Кадр мәселесін шешу үшін талпыныс та жасалып жатыр. 2017 жылы облыстық бюджеттен педагогикалық мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандарды дайындауға 298 грант бөлінген. Міне, осы орайда бір ұсыныс айта кетсек артықтығы болмас, осы гранттар ең алдымен шалғайдағы шағын ауылдың балаларына бөлінуі керек. Олар өздері жақсы білетін, тыныс-тіршілігіне үйренген ауыл тұрмысынан қаймықпайды ғой. Екіншіден осы гранттар арқылы оқып, білім алған түлектердің міндетті түрде ауыл жұмыс істеуін қадағалайтын жүйе қажет.
–Қазіргі күні шалғайдағы шағын ауылдарды ұстап тұрған мектеп екендігі белгілі,–дейді Зеренді ауданының тұрғыны Әлімжан Сейіт,–егер мектеп жабылса, мұғалімдер ауылда бір күн де тұрмайды. Жұмыс іздеп қоныс аударады. Ол үшін әрине, ешкімді кінәлауға болмайды. Ата-аналар да мектебі бар елді мекендерге қоныс аударады. Демек, мектеп ауылға, ауыл мектепке дәнекер болып тұр.
Мамандардың айтуына қарағанда, негізгі мектеп болып есептелгенімен, сыныптары түгел емес білім ошақтары да аз емес. 2007 жылы Үкіметтің қаулысымен бастауыш мектептерді ұстап тұруға ұйғарым жасалған. Тіпті мүмкіндігі жоқ жерде оқушыларды тасымалдап оқыту да ұйымдастырылуда. Бұл орайда бірінші кезекте басты назар оқушылардың қауіпсіздігіне аударылады. Оның үстінде мектептегі тіл мәселесі де бар. Шағын ауылдардың дені жергілікті ұлт өкілдерінің мекені. Мектебі сақталып қалған ауылдар күні кешегі кеңшар орталықтары. Мұндай жерлердің көпшілігінде білім ошағындағы тәлім-тәрбие бір-ақ тілде, орыс тілінде жүргізіледі. Ал, шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары болса, перзенттерін өз ана тілдерінде оқытқылары келеді. Мәселенің мәніне тереңдеп барған сайын бір-бірімен қиын түйіні сабақтасып жатқан баяғы Мақтақыздың ертегісі тәрізді болып көрінеді көзге.
–Негізінде Үкіметке өкпе де жоқ. Мысалы шағын ауылдағы 10-15 балаға даңғарадай мектепті ұстап тұру қаншама қаражат қажет. Ауыл мектептерінің барлығы дерлік қазандық арқылы жылытылады, кемінде 3-4 пеш жағушы ұстау керек. Ондаған тонна көмір қажет. Суды тасымалдайды, дәретханасы далада,–дейді ел ағасы Алпысбай Тұрсынбаев,–ұтымдысы бірнеше шағын ауылдардың ортасында интернат ашу шығар. Қала баласының мүмкіндігі мол, олар облыс орталығындағы түрлі мәдени шараларды көре алады. Кітапхана да, спорт үйірмелері де, көркемсурет мектептері де сонда. Ал, кейбір ауылдарда интернет желісі мектепте болғанымен, барлық үйде бар деп айту қиын. Егер бір жерден ұйымдастырылса, осындай кемшіліктерді жоюға болар еді.
Ұсынысы көңілге қонымды болғанымен, бұл орайда да қолбайлау бар. Мәселен, мұндай мектептердің басым көпшілігі бастауыш мектептер. Облыстағы мұндай білім ошақтарының саны – 28. Ата-аналар мектеп табалдырығын жаңа аттаған бауыр еті балаларының көздерін жәудіретіп интернатқа бере қояр ма екен. Туған жерін тастап көшіп кетуге мәжбүр болып жүргендердің бір себебі осы.
Ауылдағы білім ошағының жағдайы бүгінгі күннің талабына толық жауап береді десек, жалған болар еді. Материалдық-техникалық базасын жетілдіру әлі де оңынан оралып отырған жоқ. Бүгінгі күні облыстың 66 білім ошағында спорт зал жоқ. Ауыл түгіл облыс орталығының өзінде де келеңсіз көрініс қылаң беруде. Мәселен, Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық лицейінде спорт зал мүлдем жоқ. Жас өрендер қыста шаңғы тебу мен үстел ойындарына, өзге уақытта жеңіл атлетикамен ғана айналыса алады.
Аймақта спорт залдардың тапшылығынан Бұланды ауданындағы Алтынды орта мектебінде жаңа спорт залының құрылысы басталды. Ал, ескі ғимарат апатты жағдайда. Целиноград ауданында үлкен спорт залдары бар 4 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Яғни, Қосшы мен Қояндыда – 1200 орындық және Максимовка мен Қажымұқан орта мектептерінде 300 орынға шақталған екі мектеп салу көзделген. Аршалы ауданындағы Ижевск орта мектебіне қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұланды ауданында Макинск қаласындағы №3 орта мектептің спорт залы таяуда ғана аяқталды.
Сөз соңын шиырып айтқанда, ауыл мектептерінің ахуалы мақтанарлық жағдайда емес. Тығырықтан шығып, талап биігінен көріну үшін жан-жақты ойластырылған кешенді шара қажет тәрізді. Айталық, білім ошағында, білім ошағының арқасында түтін түтетіп отырған ауылды да аман алып қалатын шешім керек.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар