Қазақ халқында аса маңызды саналатын құндылықтардың бағасы төмендеп барады. Әйтпегенде, қоқыста керексіз, шырылдап шарана, «Қарттар үйінде» қазыналы қарттар жатпас еді-ау!..
«Өзімнен туған ұл мен қыз, сыйламаса сол қайғы» деп тебіренген Төле би бабамыз бүгінгі заманның ащы запыранын бір-ақ ауыз сөзбен болжай алған екен.
Қазақ «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген емес пе. Расында да, бала-шағасының тілеуін тілеп отыратын қазыналы қарттар аман-есен болып, қара шаңырақтың шырайлы шуағы, сөнбес сәулесіне айналып отырса бақыт емей немене. Алайда, барлық бала ата-анасы қартайып, әл-қуаты кемігенде олардың қадірін біліп, қастерлеп, алақанына салып, аялап отырмайды екен.
«Сыныққа сылтау көп» демекші, ата-анасынан безбен балалар да ақталудан шаршамайды екен-ау дейсің осындайды көргенде. Бірі ауылдан тамырын үзіп, ата-анасын сол тамыр жайған туған жерден опырып алып кетіп, қалаға көшіріп, «пәтер сатып әпердік, бар жағдайы жасалған» деп бөлек тұрса, енді бірі «ауруы меңдеп кеткен, күту қиын» дейді, біреулері «мінезі жаман, араққа салынды» деген желеумен «Қарттар үйіне» тоғытып жатыр.
Жалғанда біреуге керексіз болып қалудан асқан еш қасірет жоқ шығар. Әсіресе, туған балаң өзегіңнен тепсе. Күні кеше жүрегіңмен жалғасқан жан балаң, өсіп-өнгеннен кейін, «керегің жоқ» деп «керексіз» жанға балап, үйден қуса. Қазақ мұндайда, «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» демей ме?
Әлем халқын дүрліктірген коронавирус дертіне шалдыққандардың арасында біздің Ақмола облысында алдыңғылардың бірі болып Целиноград ауданындағы Аққайың ауылында орналасқан «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы кәрі адамдар шалдыққан. Аталмыш «Қарттар үйіндегі» қариялар бірінен соң бірі ауруға шалдығып, ауру азабын тартты. Кез-келген ауруға иммунитеті мықты адам қарсы күресе алады дейді дәрігерлер. Иммунитет неден әлсірейді? Әрине, қарын тоқ, көйлек көк болған жақсы ғой, ең бастысы көңіл жүдеген қиын…
Осыдан он-он бес жыл бұрын осы облыс орталығында «Қарттар үйі» бар еді. Журналист болғасын сондағы тіршіліктің жай-жапсарын білмекке барып едік. Көбі басқа ұлт өкілдері еді. Арасында ақ жаулық киген бір қарт ана мен бір ақсақал бар болатын. Сол жағдай еске түссе болғаны «Қарттар үйіндегі» ақсақалдың үстіндегі оюлы қара шапаны басына киген тақиясы, қолындағы таспихы көз алдымызда көлбеңдей береді. Сөзге тартқанымызда «үйдегі балаларға бөгет болмағаным дұрыс» деген. «Үстімдегі шапанды кемпірім тігіп беріп еді. Қолы епсекті еді, жарықтық. Тас-
тамай киіп жүремін» дегені күні бүгінгідей құлақта. Бір-ақ ауыз сөзде қанша жылулық жатыр. Соңғы кезде адамдардың бір-біріне деген адами жылулығына сызат түскендей боп көрінеді кейде. Сондағы қария әңгіме барысында бауыр еті баласы безіп жатса да, соларды ақтап отырды. Дұрыс-ақ! Алайда, танымайтын адамның көңілін қалдырсаң да, көкейіңде жүреді емес пе? Ал, туған ата-анаңның көңілін қалдыру – қылмыс. Исламда ата-анадан бас тартпақ түгілі, қатты сөйлеудің өзі күнә. Осындайда, Мөңке бидің айтқаны ойға еріксіз оралатыны бар.
«…Ішегіне шынашақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген қызың болады…»
Бәлкім, ата-бабадан мұра болған ұлттық тәрбиеге селкеу түсіп жатқандығын, өскелең ұрпақтың Еуропа мәдениетіне еліктегіш болып жатқандығымен байланыстыруға болар ма, кім білсін?! Бір ауыз сөз үшін ежірейіп шыға келетін, бәрін білетіндей бедірейіп жүретін, кінәсін білмей кекірейіп жүретін ұл мен қыз, келін мен күйеу бала, бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ұрпақ адами құндылықтардың бағасын біле алмай жүрген сияқты. Осыны ғасырлар бұрын дөп басып айтқан бұрынғының абыздары-ай, шіркін?! Өкініштісі, «Әркімге өз ата-анасы – әулие» дегенді бүгінгі ұрпақтың көпшілігі жете түсіне алмай келеді.
Жасырары жоқ, қазіргі таңда біреуге жақсылық жасасаң да оның астарынан кір іздейтіндер табылады. Қонақ шақырсаң – астамшылдық, қайырымдылық жасасаң, «осыған не бар, өз жағдайын түзеп алмай ма?» деген керітартпа пікір, біреуге сыйлық жасасаңыз, «дарақы» дегенді естуіңіз ғажап емес. Құндылықтар өзгерді, адам пиғылы да басқа.
Біз бұл мақалада өңір бойынша немесе республика көлеміндегі статистикалық деректерді келтірген жоқпыз. Сандар сөйлер бәлкім, «Қарттар үйі» көбейіп кетті дегенді айтып толғанар ма едік. Сондағы ұтарымыз қайсы? Бастысы, көңілді кірбің ойлардан тазалап, жүректі мейірімге толтыруды ойлауымыз керек. Індет елге кіріп, меңдеп жатыр. Жақындарымызға абай болайық. Ата-ана баладан, бала ата-анадан безбесінші!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.