Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирус пандемиясы кезінде еліміздің экономикасын жақсартудың шұғыл шаралары қарастырылуына байланысты облыс әкімі Ермек Маржықпаев жедел кеңес өткізді.
Қазіргі уақытта облыс бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық дамудың биылғы жартыжылдық қорытындысының көрсеткіштері тұтастай орындалды. Әсіресе, жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, экология мәселелеріне қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткен кемшіліктерді жою үшін, қатты және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және шағын кәсіпкерліктің азаюына жол бермеу, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштерін нақтылау жайлы өкілетті орындарға нақтылы тапсырмалар берілді.
Коронавирусқа қарсы күрес жағдайына айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта облыс бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Атап көрсеткендей ауруханаларда кереует қорын көбейту, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін нақтылы шаралар қолданылды. Облысқа дәрі-дәрмек келе бастады. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынды.
Алдағы жаңа оқу жылына дайындық, егін орағын ойдағыдай өткізу, экономиканың салаларын цифрландыру, жергілікті басқару, әлеуметтік сала, халықты жұмыспен қамту, шетелдік инвестицияны тарту мәселелері қатаң бақылауға алынды.
Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, жағдайдың жақсаруы әр басшының және оның жедел мәселелер мен тапсырмаларды тиімді орындауына тығыз байланысты болмақшы. Сондықтан да, әрбір мемлекеттік орган жауапкершіліктен қашпай, халықты әуре-сарсаңдыққа
салмай, жинақы және жауапты жұмыс істеуге міндетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.