Қазір еліміздің барлық өңірлерінде жедел жәрдем қызметкерлерін шақырту қиынға соғып отыр. Қала тұрғындары тарапынан жедел жәрдем қызметкерлеріне шағымдар көптеп түсуде. Оны түсінуге де болады. Эпидемияның өршіп тұрған кезінде мұндай жағдайлар болмай қоймайды. Барлығына түсіністікпен қарағанымыз дұрыс болар.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты елде жедел жәрдем қызметінің жұмысы үш-төрт есеге артқан. Оның басым бөлігі коронавирус, пневмания, ЖРВИ аурулары бойынша түскен шақыртулар екен. Өткен аптаның өзінде облыс орталығында жедел жәрдем қызметіне 7 мыңнан астам қоңырау шалынып, оның бір жарым мыңы коронавирус жұқпасына байланысты шақыртыпты.
Аталмыш станцияда 12 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан фельдшер Тілектес Шәймерденов мұндай қауырт жұмыс кестесін алғаш рет басынан өткеріп отырғанын айтты. Тіпті, түстенуге де уақытың болмай, түстен кейін сағат төрт-бестерде әзер уақыт тауып, тамақ ішіп алатындығын жеткізді. Жұмыс кезегінен кейін станцияға келіп, демалу дегенді мүлдем қойыпты.
–Вирус жұқтырған науқасты ауруханаға алып кету үшін оның қолында тест сынамасының оң нәтижесі, рентген, КТ талдаулары болуы керек. Егер бұл анықтамалық құжаттар болмаса да, егер дене қызуы бірнеше күн өте жоғары болып тұрса, антибиотик, тағы басқа препараттар әсер етпесе, өкпесінде сырыл естілсе, дәм-иіс сезбесе бірден ауруханаға жеткіземіз, –дейді Тілектес Шәймерденов.
Облыста осы күндері жедел жәрдем қызметін ұсынатын 69 бригада жұмыс істеуде. Көкшетау қаласында 12 бригада бар екен. Өкінішке орай, қызметкерлердің біразы індет жұқтырып, қазір жұмыстан шеттетіліп, оқшауланған. Сол себепті де, түсіп жатқан шақыртуларға кешігулер байқалуда. Қала ауруханаларында орын болмағандықтан, науқастар Зеренді, Бурабай, Чаглинка елді мекендеріндегі провизорлық мекемелерге жеткізіледі. Жол қашықтығы да уақыт алады. Оның үстіне әр шақыртудан кейін көлік ішін зарарсыздандырып, қызметкерлер қорғаныс костюмдерін ауыстырулары қажет. Бұл да біраз уақыт алады. Жедел жәрдем мамандары тұрғындардан сабырлылық пен түсіністік танытуды сұрауда.
– Қазір қала бойынша аптасына 3500 шақырту түссе, соның жартысынан көбі коронавирус індетінің белгілерін айтып, шағымданады. Бұл категорияға ЖРВИ мен пневмония да кіреді. Қызметкерлер арасынан фельдшер, санитар, тіпті көлік жүргізушісі де індет жұқтырды. Мамандардың орнын толықтыру үшін медколледждің түлектерін шақырттық. 40-тан астам түлектің бір бөлігі поликлиникаларға жіберілді, 15-і бізге қызметке алынды. Облыстағы бригадаларға таратамыз, –деді жедел жәрдем станциясының ем-шара ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сағындықова.
Станцияда 2 колл-орталық іске қосылған. Білікті дәрігерлер телефон арқылы науқастарға тәулік бойы кеңес береді.
Хабарласып, ақыл-кеңес алғыларыңыз келсе, 72-32-86, 26-47-48 нөмірлеріне телефон соғуға болады.