Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары құрылғанына биыл 28 жыл толып отыр. Елімізде 13 шілде ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметшілері мен әскери қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып саналады. 1992 жылы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, дәл осы күннен бас-тап, тәуелсіз еліміздің арнайы қызметінің тарихи кезеңі басталды.
Бүгінде, Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауы мен ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының барлық қызметшілері мен әскери қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің арқасында және аға ұрпақ қалыптастырған жақсы дәстүрлерге арқа сүйей отырып, қазіргі Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті егемен еліміздің ұлттық мұраттарын қорғаудың негізгі тетігі болып отыр.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне ҚР ҰҚК-нің Ақмола облысы бо-йынша департаментінің қосып жатқан үлесі мол. Ақмола облысындағы аталмыш департамент 1999 жылы сәуірде қайта құрылған Ақмола облысының аумақтық құрамында жұмысын бастады. Осындай атаулы күні облыстық құрылымның бас-тауында тұрған алғашқы жетекшілерін айтпай кетсек қиянат болар еді. Ол ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің кадрлық әлеуетінің негізгі іргесін қалаған генерал-майор Х.Нышанбаев және департаменттің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген генерал-майор Н.Мырзалиев, К.Әбдіқазымов, Н.Атшабаров, К.Нұрбеков және тағы да басқа тұлғалар болатын. 2017 жылдан бері департаментті полковник Сандыбек Қасенов басқарып келеді.
Қазіргі қауіпсіздік қызметінің білікті мамандарының бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған полковник В.Крапивин, Ю.Мясников, подполковник С.Ибраев секілді мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлерінің баға жетпес еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олар белсенді өмірлік ұстанымдарын ұстана отырып, өздерінің көрген-түйген тәжірибелерін біздің Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде жас буынға үйретуде.
Арнайы қызметтің ерекшеліктеріне орай, өз қызметін жан-жақты жариялауға мүмкіндік жоқтығын атап өткен артық болмас. Соған қарамастан, департамент өз жұмысын мүмкіндігінше ашық көрсетіп, атқарылған шаруаларды ақпарат құралдары арқылы жариялап отыруды үнемі назарында ұстайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бір маңызды қызмет саласы – азаматтарымызды қатерлі ағымдардың ықпалынан сақтау болып табылады. Бұл жұмысты аумақтық лаңкестікке қарсы күрес комиссияларымен бірлесе отырып жүргіземіз. Соңғы үш жылдың ішінде теолог мамандар мен лаңкестікке қарсы күрес комиссия-сы өкілдерінің белсенді жұмысының нәтижесінде 60-тан астам сәлафизм ағымын ұстанушылар райларынан қайтып, түзу жолға түсті.
Өткен жылы ҰҚК Ақмола облыстық департаменті «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы шеңберінде шет елдерде ұрыс қимылдары болып жатқан аумақтан 2 ер адам мен 5 әйелді және 10 баланы елімізге қайтарды.
Мемлекеттік құпия саналатын ақпараттарды таратып, заңсыз қару ұстағаны үшін ҰҚК Ақмола облыстық департаментінің бір қызметкері 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал, құпия бұйрықты жоғалтқан ішкі істер департаментінің қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органында істейтін Ауғанстаннан елімізге заңсыз адамдар келу каналын ұйымдастырған Ш. есімді азамат аса ірі көлемде айыппұл төлеу жазасына тартылды.
Биылғы жылы Тумгоевтардың этникалық ұйымдасқан қылмыстық тобының қылмысы ашылып, оның мүшелері ұзақ мерзімге сотталды. Қопарылғыш заттарды заңсыз айналымға енгізген «Қазақалтын» компаниясының екі қызметкері бас бостандықтарынан айырылды. Заңсыз есірткі айналымының жолын кесу бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 10 келіден астам гашиш, 28 келі марихуана есірткісі тәркіленді. Бұл аталған жұмыстар департамент қызметкерлерінің атқарып жатқан ауқымды істерінің бір бөлігі ғана.
Департаменттің жеке құрамы өз істерін жетік білетін білікті мамандардан құралған және Комитет басшылығы мен Мемлекет басшысының алдарына қойған міндеттері мен тапсырмаларын
орындауда күш-жігерлерін аямайды.
Сандыбек Қасенов,
ҰҚК Ақмола облыстық департаментінің бастығы.