жас домбырашылар ансамблі Оқжетпесті ән мен күйге бөлеуде
2013 жылы Оқжетпес ауылдық мәдениет үйіне музыкалық білімі бар жас маман жұмысқа келеді. «Жас келсе – іске» демекші, ол ауылдың өнерлі балаларын жинап, небары екі айдың ішінде домбырашылар ансамблін құрады. Көп ұзамай шығармашылық көркемөнерпаздар байқауында өнер көрсеткен жас ұжымға әділ қазылар алқасы «Оқжетпес сазы» деген атау береді.
Бүгінде «Оқжетпес сазы» мақтауға тұрарлық өнерпаз ұжымдардың біріне айналды. Мұның барлығы оның жетекшісі, ансамбльді өз қолымен құрған Риза Сатыбалдинованың табиғи дарыны мен кәсіби шеберлігінің арқасында екені анық.
Риза Оразбекқызы 1986 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Домбыраны кішкентайынан балалар музыка мектебінде оқып жүрген кезінде меңгеріпті. Музыка мектебін бітіргеннен кейін Риза Өскемен қаласындағы ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің қазақ халық аспаптар бөліміне оқуға түседі. Мұнда қазақ, орыс, шетел композиторларының шығармаларын үйренеді. Колледжде оқи жүріп, 2003 жылы қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамында Шығыс Қазақстан облысының аудандарына гастрольдік сапарларға шығады. 2006 жылы өнер колледжін балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы мұғалімі, оркестр, ансамбль әртісі деген мамандық бойынша тәмамдап, туған қаласындағы өнер мектебіне домбыра мұғалімі болып жұмысқа орналасады.
Алайда, көп ұзамай отбасылық жағдайға байланысты облысымыздың Бұланды ауданына қоныс аударып, Макинск қаласындағы балалар музыка мектебінде домбырадан сабақ береді. Сол жылы өнер мектебі мұғалімдерінен құралған халықтық фольклорлық ансамбль ашып, соған жетекшілік етеді. Ал, 2013 жылдан бастап Риза Оразбекқызы Оқжетпес ауылдық мәдениет үйінде қызмет атқаруда.
–Осыдан жеті жыл бұрын Оқжетпес ауылына жұмысқа келгенімде мектептерден өнерге жақын, дарынды балаларды жинап, шағын домбырашылар ансамблін аштым. Алғашында ансамбль құрамында бес-алты бала ғана болды. Сөйтіп, оларға бірнеше күйлерді үйреттім. Бір жылдан кейін «Күмбірле домбыра, шырқа сырнай» атты облыстық байқауға қатысып, лауреат атандық. Ансамбль қатары өнерге, қазақтың қара домбырасына қызығушылық танытқан мектеп жасындағы балалармен жыл сайын толыға түсуде. Иә, біздің ұжым мүшелері – оқушы балалар. Кейде 15, кейде 18 баламен өнер көрсетеміз. Ансамбль құрамы түрлі жағдайларға байланысты ауысып тұрады. Біреуінің оқуына, біреуінің отбасылық жағдайына байланысты дегендей. Сабақ аптасына төрт рет өтеді. Әр баланы жеке және топпен де дайындаймын, – деген «Оқжетпес сазы» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Риза Сатыбалдинова ансамбль аудандық мәдениет үйіне қарағандықтан, ұжым мүшелері үшін костюмдерді мәдениет үйі тіктіртетінін айтты.
«Оқжетпес сазының» репертуарында қырыққа жақын күй бар. Атап айтсақ, Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Дина Нұрпейісованың «Науысқы», Ахмет Жұбановтың «Би күйін» және халық күйлері «Тепең көк», «Салкүрең», «Қара жорғаны» және Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугай домбыра» әні секілді көптеген шығармаларды орындайды. Ансамбль өнерпаздары дауыстарына қарай трио, квартет болып та ән шырқайды. Бүгінде Аяжан Хасенова, Бақытжан Рахматуллин, Раушан Қайырбек, Диана Хасенова, Аяжан Сайлаубекова, Мөлдір Балабек, Дархан Жақсылықов, Бекзат Смағұлов, Эльмира Амантаева, Әділхан Ахметов, Дәурен мен Дарина Қайырбек секілді Оқжетпес және Бурабай ауылдарының ұл-қыздары ансамбльдің талантты мүшелері саналады.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында ансамбль онлайн концерт қойып, халқымыздың белгілі композиторларының күйлері және әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жалпы, ансамбль құрылғалы бері үнемі аудан, облыс көлемінде өтетін мәдени шараларға белсене қатысып, жоғары дәрежеде өнер көрсетуде. Ансамбль 2015 жылы Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына арналған «Бабалар мұрасы – ұрпаққа қазына» ұранымен «Ақмола жұлдыздары» атты аудандық халық шығармашылығы байқауында үздік өнер көрсеткені үшін марапатталды. 2017 жылы халықаралық «Атадан – мұра» байқауында екінші дәрежелі дипломға ие болды. Сондай-ақ, ауданның мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ұжым талай мәрте алғыс алған. Осындай жетістіктерімен аудан мерейін үстем етіп, Оқжетпесті ән мен күйге бөлеп келе жатқан домбырашылар ансамбліне өнерлеріңіз өрге жүзсін дейміз!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Оқжетпес ауылы,
Бурабай ауданы.