Кеше барша Қазақстан жұрты аза тұтып, коронавирус пандемиясының құрбаны болған адамдарды еске алды.
Мемлекет бойынша сағат 12:00-де бір минуттық үнсіздік орнады. Ақмола облысының ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының қызметкерлері бұл сәтте өздерінің әріптесі болған, аты жаман індет өмірін қиып әкеткен Қарлығаш Мұқышқызы Ескенованы естеріне алды.
Қарлығаш Ескенова небары 57 жасында осы бір жегі құрттай жан-жағын жалмаған жұқпалы індеттің құрбанына айналды. Ол бұрынғы Щучье ауданының Ново-Андреевка селосында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленген оның әкесі зоотехник, анасы қойма меңгерушісі болыпты. Мектеп бітірген соң Қарлығаш Қатаркөл ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, бухгалтер мамандығын меңгереді. Еңбек жолын Көкшетау қаласындағы аспап шығару зауытында бухгалтер болып бастаған. Қызмет етіп жүріп, Алматыдағы экономика және статистика институтын бухгалтерлік есеп және аудит бағыты бойынша бітіреді. 2003 жылдан бастап, Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының бас бухгалтері болып жұмыс істеген.
Орталықта қызмет еткен 15 жылдың ішінде Қарлығаш Мұқышқызы өзін жауапты, еңбекқор, өз ісінің кәсіби шебері етіп көрсетеді. Жылы жүзді, ашық та ақ көңіл жан әріптестеріне жанашыр дос-құрбы бола білген екен. Кәсіби біліктілігі мен денсаулық сақтау саласындағы адал еңбегі үшін Қ.Ескенова бірнеше мәрте облыстық, қалалық әкімдіктер мен денсаулық сақтау басқармасының, облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының грамоталарымен марапатталған.
Сұм ажал алып кеткен ЖИТС орталығының қызметкерлері оны қимастықпен еске алды.
Ы.ШАМШИЕВА.