Аза тұту дегеніңіз қазақ халқында әлмисақтан бері бар ғұрып! Қазыбек бише айтқанда «жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деп күн кешкен халқымыз талай бір шапқыншылықта небір батырларынан, небір жаужүрек ұлдарынан айырылғаны да болды.
Сол ел үшін және жер үшін болған қақтығыста опат болған ұландарының қазасын ел болып аза тұтып отырған. Және де Абай хакім «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» деп қазаның ауыр жайын айта білген.
Әр үйдің қаза болған адамын бір жыл бойы аза тұту да болғандығы мәлім жай. Бұл біздің халқымыздың терең ойлы, ақыл-парасатын танытса керек. Өлгендерге құрмет көрсету, тірілерге айналаңда ажал бар, мына дүние уақытша, өлмейтін адам жоқ, біріңді бірің осы тірі күндеріңде қадірлеңдер, сыйласып, түсінісіп өмір сүріңдер деген өмір қағидасын санаға сіңіру арқылы, жалпы Адам баласының қарым-қатынасының әліпбиін қалыптастыра білгендік деп санаймын.
Сол ежелгі ғұрып бойынша бүгін Аза тұту күнін өткізуді орынды санаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өткізілгелі отырған бұл күн енді қазақ елінің күнтізбесінде Індеттен опат болғандарды еске алу күні болып қалары бар.
Рас, ауыр күн, азалы күн! Беті қатты індеттен қаза болғандардың отбастары әлі естерін де жия алмай отырғаны да анық. Індеттің өршіп тұрғаны да анық! Дегенмен соған қарамастан Аза тұту күнін өткізу арқылы біз, тірілер бәлкім сол опат болғандардың алдындағы бір мысқал болса да өзіміздің кінәміздің барлығын… біз, тірілер бәлкім бүгінгі жер басып жүрген өз халқымыздың амандығы алдында әрқайсымыз өз жауапкершілігімізді тереңірек ұғына түсерміз… тым болмаса күн сайын қатар жүрген бір-бірімізді сақтау мен қорғау, сыйлау мен қадірлеу қажеттігі ойландыра түсер… біз, тірілер аранымыз ашылып, дүниеге деген тойымсыздық кеселіне ұшырап, бар байлықты қойны-қоншымызға тығып, бауырымызға басып жатқанымызбен өз өміріміздің де, өз байлығымыздың да бір ғана індеттің құрбаны болып кете барарын енді түйсінерміз! Көз алдымыздан өтіп жатыр ғой!
Кеше ғана бірге жүрген азаматтардың осы індеттен қайтыс болып жатқандарында олардың не үйлеріне кіріп шыға алмай, не жаназасына да қатыса алмай, небір уыс топырақ сала алмай жүрегімізбен жылап, үйлеріміздің терезесінен телміре мола жаққа қараған шарасыдығымыздың бір қайырымы мен өтеуі де осы Аза күні болар деп пайымдаймын.
Өз басым осы Аза күнгі бір минуттық үнсіздікте санаммен індеттен қайтыс болып кеткен әуелі өзім білген жандарды көз алдыма әкелемін және де еңіреп отырған елімнің әр жан иесіне көңіл айтамын!
Сабыр ағайын! Бұл да бір біз көруге нәсіп еткен апаты мен опаты болды! Әр нәрсенің бір қайыры бар деуші баяғыда әкелеріміз! «Біздің жақсы күндеріміз алда» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде айтып еді. Өз басым осы сөзге тоқтаймын.
«Үміт үзбек қайратсыздық» деген Абай хакімнің де айтқанына тоқтап, алдағы жақсы күндерден үмітімізді үзбейік! Алда өмір бар! Өсіп-өніп келе жатқан ұрпағымыз бар! Ел мен Жер бар! Осылардың тағдырын ойласақ, айналайын, халқым бір мезет ес жиып, ендігі арада мына Індетті қалай жоямыз, қалай аман қаламыз деген мүдде әрқайсымызды ойландыруға тиісті. Елдігіміз бар! Бірлігіміз бар! Бұған күмән болмауы керек. Айналайын қазағымның ұл-қыздары тиын-тебендерін шығарып, қажетті дәрі-дәрмекті. жабдықтарды жер әлемнің түпкір-түкпірінен жеткізу үшін жан таласып жатқан жоқ па? Сол ниеттеріміз ақталсын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әр қазағым жалғызым» деп отырған жоқ па? Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы індетпен күресу және халқымызды аман сақтап қалу үшін ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ащы ақиқатты айтты. Қатаң талап қойды. Соның барлығы да қазіргі күрделі жағдайдан елді алып шығудың жайы ғой.
Әрине, тумақ барда өлмек бар, демек қаза да бар ғой! Алайда, тұтас елді күңірентіп, тұтас халықтың қабырғасын сөгетіндей мұндай індеттен келетін қазадан еліміз аман болсын деп тілеймін! Туған елімді қаза мен азадан сақта, Тәңірім!
Жабал Ерғалиев,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар Кеңесінің мүшесі.