Елімізде қатерлі дерттің одан әрі өршіп кетуінен алдын алу үшін енді жұқпалы індет белгілері бар науқастар «Damumed» бағдарламасы арқылы дәрігермен бейне-байланысқа шығып, консультация ала алады.
«Цит Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қашықтықтан бейне-байланысқа шығуға арналған сервистік іске қосылғандығы туралы хабарлады. Ол үшін азаматтар ұялы телефондарына «Damumed» бағдарламасын жүктеп, учаскелік дәрігеріне қабылдауға жазылулары тиіс. Консультация көрсететін дәрігер профилінің жанында «бейне» деген белгі болады. Қабылдау уақыты келгенде, сізге онлайн-консультация көрсетіледі дейді мамандар.
Қазіргі уақытта дәрігерлер қабылдауға жазылған науқастармен қашықтықтан бейне-байланысқа шығып, қабылдау өткізіп, емделу жолдарын айтып жатыр. Антибиотиктер ішу керек болған жағдайда, дәріханаға берілетін рецептіні науқастың жақындары келіп, емханадан алып кетеді.
Дәрігерден қашықтан кеңес алу әзірше республика бойынша облыс орталықтарындағы емханаларда ғана мүмкін. Сонымен қатар, өңіріміздің барша тұрғындары 109 колл-орталығы арқылы тегін консультация ала алады. Онда коронавирус жұқпасы, амбулаторлық емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауруханаға жатқызу, жедел жәрдем қызметі және психологиялық көмек секілді мәселелермен хабарласуларына болады. Колл-орталық таңертеңгі 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Ы.ШАМШИЕВА.
Суретте: Көкшетау қалалық №1 емханасындағы учаскелік дәрігердің науқастарды онлайн қабылдау сәті.