Қазақстан Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары, генерал Бекболат Мұқышев тірі болса 80 жасқа толар еді
Үстіміздегі жылғы 27 шілде күні елге танымал қоғам қайраткері, милиция генерал-майоры, Ақмола облысының құрметті азаматы, он бес жылдай республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары болған Бекболат Бапанұлы Мұқышев тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Үстіміздегі жылғы 27 шілде күні елге танымал қоғам қайраткері, милиция генерал-майоры, Ақмола облысының құрметті азаматы, он бес жылдай республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары болған Бекболат Бапанұлы Мұқышев тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Асыл азамат, ардақты аға, Ішкі істер органдарының cардары Бекболат Бапанұлы Мұқышевпен оншақты жыл бірге қызмет жасап, әріптес болғанымды аса бір ризашылық сезіммен айта аламын. Бекболат Бапанұлын сырттан естіп тануым одан да әрі, ширек ғасырға барып қалады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бірінші жартысында мен Жезқазған облысы Ішкі істер басқармасында штаб басшылығы лауазымында қызмет атқардым. Басқарманы полиция полковнигі Виктор Дмитриевич Нестеров деген офицер басқаратын. Маған қызмет бабымен күніне неше мәрте бастықтың кабинетіне баруға тура келетін. Сондай шақтарда оның Орал қаласына телефон шалып, Батыс Қазақстан облыстық ІІБ бастығы генерал Мұқышевпен сөйлесіп, көбіне қызметтік небір жайларда ақыл-кеңес сұрап, жүгінгеніне куә болатын едім. Мұқышев мырза Нестеровтен 9 жас үлкендігі бар және кәсіби білімі мен милициядағы тәжірибесі жағынан көп ілгері екендігі даусыз еді. Айта кетер бір жай, Бекболат Мұқышев та, Нестеров та біраз жылдар Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасында, ҚР Ішкі істерінің алғашқы министрі В. Г. Шумовтың орынбасарлары болып бірге қызмет атқарған екен. Сырттан құрметтеп жүрген генерал ағамен тағдыр 2010 жылы еліміздің астанасында тоғыстырды. Мен ол жылдары Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасында заңгер қызметінде едім. Ішкі істер органдарынан зейнетке шыққаныма оншақты жыл болған. Қызметтік бөлмем әкімдіктің 6-қабатында орналасқан. Сол кездері аталған қабатқа республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің аппараты да келіп жайғасты.Орталық кеңес төрағасының орынбасары Бекболат Бапанұлы Мұқышев әрі өтіп, бері өткенде ашық тұратын көрші бөлмеде компьютерден бас алмай отырған мені байқайды екен. Алпысты алқымдап қалған осы адам ардагерлер аппаратына келіп қалар деп ойлап, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Оразкүл Асанғазықызынан «Қандай адам? Біздің аппаратта жұмыс істеуге жарар ма екен?»,- деп сұрайды. Оң пікір естіген соң, мені шақырып, сөзге тартты. Мен болсам, мемлекеттік қызметте жұмыс жалғастырып жүрген зейнеткермін, енді кішкене уақыттан кейін жастарға орын беріңіз дегенді де естіп қалуым хақ деп, және генералдармен бірге қызмет істеу мәртебесіне қызығып, тағы бір генерал аға-досым Еркін Рысқанұлы Белғожановпен ақылдасып, келісімімді бердім. Ол кезде ардагерлер Орталық кеңесінің төрағасы, екі мәрте ҚР ІІ министрі болған генерал-полковник Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов еді.Қайрекең де, Бекең де менің 30 жылдай ішкі істер органдарында қызмет істегенімді білмейтін. Ол кісілер басында, бір аппаратқа үш бірдей милиционер қалай болар екен дегендей күмілжіді де, қызметтік тәжірибемде адамдармен тәрбие және ұйымдастырушылық жұмыстары болғанына қарап, бас маман қылып қабылдады.Содан, Бекболат Бапанұлымен бірге 9 жыл, оның ішінде 4-5 жыл бір бөлмеде қоян-қолтық қызмет атқардық. Ағалы-інілідей болдық, тіпті екі жағымыз да ертерек кездеспегеніміз ай дестік. Мен Бекеңді ұятқа қалдырмауға тырыстым, ол кісі болса, әр жерде мендей кадрды қалай тауып алғаны туралы қанағаттанарлық сезімін елге жариялап жүрді. Жасыратыны жоқ, келіспей қалатын кездеріміз де болатын. Бекең тарапынан «генералдық сілтемелер», мен жағымнан «еркелік» орын алып қоятын. Ондайда менің біраз бұртып жүруім бар да, Бекеңнің ашуы бір сағатқа жетпейтін. Бекеңмен бірге болған кездерімді қазір сағынамын, біраз жасқа өзім де келгенменен, қосымша «Бекеңнің мектебінен» өткеніме ризамын.Бекболат Бапанұлы асыл қасиеттерге ие, ерекше болмыс-бітімді азамат болатын. Кейбір қасиеттеріне тоқтала кетсем деймін. Ең алдымен асыл жар, ардақты әке, баталы ата болды. Өле-өлгенше өмірлік серігі Алтын апайды сүйіп, құрметтеп, мәпелеп өтті. Екеуінен өрбіген төрт ұл, бір қызды лайықты азаматтар қылып тәрбиеледі, немерелерді жеткізді, шөберелер көрді. Әсіресе, жалғыз қызы Жанарына ықыласы ерекше болды.Еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі де айтарлықтай еді. Өзі туып өскен Бестөбесін бір сәт те естен шығармайтын. Ел-жұртының мұң-мұқтажын үнемі қадағалап отыратын, көптеген әлеуметтік мәселелерінде шешуге септігін тигізетін, мысалы шалғайдағы елді мекенге мобильді байланыс орнатуға тікелей бар беделімен, көптеген ел азаматтарының жұмысқа орналасуына көмектесіп және олардың жақсы істеп кетуіне атсалысты. Ұлттық дәстүр-салтты, қазақи әдеп-болмысты жетік білетін, имандылық жағы да өз орнында, ағайын-туыспен, дос-жарандармен қатынаста адал, ақ ниетті болатын.Университеттік және академиялық білім иесі еді. Өресі жоғары жан жақты, екі тілде де шешен сөйлей алатын, небір үлкен жиындарда келелі мәселелер көтеріп, іркілмей, кейінге қалдырмай, тың пікір- ұсыныстар енгізетін.Республикалық ардагерлер ұйымының ұйымдастырушылық жұмыстарына, ардагерлерге қамқорлық және жастарға адамгершілік, ұлтжандылық тұрғыда тәрбие беру мәселелеріне зор үлес қосқан. Бекең бармаған, араласпаған аймақтық ардагерлер құрамы жоқ деуге болады. Және барған жерлерде аймақ басшыларымен ардагерлер мәселелері бойынша тіл табыса білетін.Кезінде қызметтес болған, аға басшыларын тек қана жақсы жағынан еске алып, мақтап отыратын. Әсіресе, Мақтай Сағдиевті, Мақан Есболатовты, Оразбек Қуанышевті, Мұрат Қалматаевты аузынан тастамайтын, ол кісілер жайында реті келгенде естеліктер жазған да еді.Бекең басшы ретінде қарауындағы қызметкерлерге жайлы болды. Көмек қолын созуға қашан да дайын тұратын. Сонымен қатар, берген тапсырмасын орындатпай қоймайтын. Қандай істе болмасын, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында жол тауып, керекті нәтижеге жеткізетін. Өзі қашан да жинақы жүретін, сәнді киінетін, басқалардан да соны талап ететін, немқұрайлыққа төзбейтін. Ал, енді өңірлік әріптестерін сыйлау, құрметтеу үрдісі де ерекше болатын. Жылына бір рет өткізілетін Пленум жиналысына өңірлерден келетін ардагерлер белсенділерін қабылдап, қарсы алуға көп көңіл бөлетін. Оларға қонақасын ұйымдастыруда, арнайы концерттік бағдарлама жасап, әншілерді таңдап, репертуарын анықтап, жоғары дәрежеде өткізетін. Кейде өзі де қонақтар құрметіне ән айтатыны болатын. Сондай бір Пленум жиналысынан кейінгі қонақасыда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы марқұм Сейілбек Шаухаманов: «… әсіресе, бүгін Бекболат Бапанұлына деген ризашылығымыз ерекше. Бейне бір қырық жылғы құдаларын қарсы алғандай, жүгіріп күтіп, концерттік бағдарлама құрып, басқарып, өзі де ән салып, құрметтеп жатыр. Толық бір мәдениет министрлігінің қызметін бір өзі атқаруда», – деп сөз қалдырып кетіп еді.Бекболат Бапанұлы ақ адал, кіршіксіз мемлекеттік қызметі үшін де, қоғамдық қызметі үшін де талай жоғары марапаттарға ие болған азамат. Дегенмен өзі олардың ішінде «КСРО ІІМ еңбегі сіңген қызметкері», «Ақмола облысының құрметті азаматы» атақтарының, «Парасат» орденінің иегері болғанын аса ризашылықпен атап отыратын.Бекең марқұм «Мен осы қызметте 80 жасқа дейін істеймін, содан кейін таза демалысқа кетемін», – дейтін еді. Өкінішке орай, Жаратқанның жазуы басқаша болды. 80 жастық мерейтойын ұжымымызбен бірге атап өту бұйырмады. Бірге қызмет атқарғандар Бекеңді жиі еске алып отырамыз. Сағынамыз. Дұға арнап, жаны жаннатта болғай дейміз!Бекең туралы, жанкешті еңбегі мен азаматтығы жайында талай материалдар газет беттерінен беріліп, кітаптарға да түскен. Кәкімбек Салықов, Серік Тұрғынбеков өзге де арқалы ақындар Бекеңе өз жырларын арнаған.Сөз соңында Бекеңе алдыңғы бір мерейтойында жазылған Бестөбенің Бекболаты атты өз арнауымды қоса ұсынып отырмын.Бестөбе – кіндік қаны тамған жері,Балалық шақ ойынға қанған жері.Балғын жүрек жар құшып, отау құрып,Білім алып, жұлдызы жанған жері.Бестөбе – киелі жер, алтын аймақ,Бағасын бар әлемге халқы жаймақ.Бес генерал шығыпты тек өзінен,Болмаспа соның өзі айқын айғақ.Бекболат Бапанұлы ер ұланы,Биікке самғап ұшқан бір қыраны.Болса да небір күйде, небір жәйтта,Бір өзіне арналған әр жыр-әні.Бестөбені мақтаудан жаңылмаған,Бабасынан өрлікті қабылдаған.Беделі мен берері азаймайды,Бітпегенде, кезі жоқ дамылдаған.Болар іске қашанда бекемдігін,Баяғыша дәлелдер Бекең бүгін.Бір сәтке де ұмытып көрген емес, Бөгенбайға жұрағат екендігін.Батыр адам болмыстан жасқана ма,Басқарманы тегіннен басқара ма.Бұл күнде әулетімен қанат жайды,Бар Алаштың мақтаны Астанада.Биіктің небір шыңын алғанменен,Бақытқа баратын жол салғанменен.Бестөбесін ұмытпас адал ұлы, Бастау болған асқарға, арманменен.
Көпболсын БЕКМАҒАНБЕТ,
Қазақстан Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары.
Нұр-Сұлтан қаласы.