Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Есімдері ешқашан ұмытылмайды - АРҚА АЖАРЫ

Есімдері ешқашан ұмытылмайды

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев коронавирус індетімен күресіп жүріп, қауіпті дерттен қайтыс болған жерлес дәрігер Олег Исаев пен орта медициналық қызметші Сәуле Байғабылованың қайтыс болғаннан кейін тағайындалған мемлекеттік жоғары наградаларын туған-туыстарына табыс етті.

Адамның өмірі үшін аса қауіпті коронавирус індеті еліміз бойынша қаншама белгілі тұлғалардың, осы дертпен алғашқы күннен-ақ күрескен медицина қызметкерлерінің өмірін қиып әкетуде. Бұл – еліміз бен отандық денсаулық сақтау саласы үшін үлкен орны толмас қаза. Адам өміріне араша түсіп, ауыр науқастарды өлім аузынан алып қалу үшін жан беріспей күресіп жүріп, өздері де осы дерттің құрбаны болып кеткен ақ халаттылардың ішінде Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының анестезиолог және реаниматолог дәрігері Олег Исаев пен Егіндікөл аудандық ауруханасының орта медициналық қызметкері Сәуле Байғабылова да бар. Олардың жұқпамен күрестегі еңбегі ересен. Талай жанды ажалдан құтқарған олар өздері сұм ажалдың құрбаны болды.
– Коронавируспен күрестегі олардың қаһармандығы мен ерлігі, баға жетпес еңбегі әрқашан да медицина қызметкерлеріне үлгі-өнеге болмақ. Олардың туған туыстарына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, –дей келе, аймақ басшысы бір минут үнсіздікпен марқұмдарды еске алды.
13 шілде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланып, дәл осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індетпен күресте қайтыс болған дәрігерлерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы №370 Жарлығына қол қойған болатын. Бұл тізімде коронавирус індетімен күресте алғашқы күндерден-ақ адамдардың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, өз өмірін құрбан еткен қаһарман дәрігер Олег Исаев та бар еді. Оған жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордендері тапсырылатыны белгілі болды. Бұл жоғары дәрежелі награда марқұм Олег Исаевтың қызы Алинаға тапсырылды. Ол өз кезегінде әкесінің денсаулық сақтау саласына сіңірген зор еңбегін бағалап, құрмет көрсетіп жатқан Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғыс айтып, көзіне жас алды.
Азаматтардың денсаулығын сақтауда жанқиярлықпен еңбек еткен Егіндікөл аудандық ауруханасының орта медициналық қызметкері марқұм Сәуле Байғабыловаға «Құрмет» ордені тапсырылды. Награда аудандық аурухананың бас дәрігері Асхат Әбілбековке табысталды.
Олег Николаевичпен бірге денсаулық саласында жиырма жылдан астам бірге жұмыс істеп, үзеңгілес болған әріптестері де бұл жиында өз ісінің кәсіби шебері, білімді де білікті, еңбекқор дәрігер туралы жүрекжарды пікірлерін білдіріп, оның аты халқының жадында мәңгі сақталатынын айтты.
Жиын соңында өңір басшысы облыстағы коронавируспен күрес барысындағы қазіргі жағдайдың күрделілігі, тиісті іс-шаралардың жан-жақты жүргізіліп жатқандығы жайында мәлімет берді.
Облыста осы күні коронавируспен күреске арналған 10 жұқпалы аурухана мен 12 провизорлы емхана жұмыс істеп жатыр. Өңірде індет жұқтырушылардың саны 1500-ден асыпты, олардың жартысынан көбі емделіп шыққан.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен Алтын жұлдыз және «Отан» ордендерін марқұм Олег Исаевтың қызы Иринаға, Егіндікөл аудандық ауруханасының орта медициналық қызметкері марқұм Сәуле Байғабылованың «Құрмет» орденін аудандық аурухананың бас дәрігері Асхат Әбілбековке табыс етті.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар