Ақмола облысы бойынша мал шаруашылығын дамытуда алдыңғы орында келе жатқан Біржан сал ауданы мал саны бойынша облыста үшінші орында тұр. Ауыл шаруашылығының осы саласын дамытуға үлес қосып жүрген шаруа қожалықтарына назар аударсақ, өткен жылдың маусым айында ғана өз жұмысын бастаған «BURABAY ASTIQ» серіктестігінің атқарып жатқан істері ауыз толтырып айтарлықтай екен. Оны сол ауданға іссапар барысында аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қабылдауында болған кезде айтқан әңгімесінен-ақ аңғардық.
Бүгінде мемлекеттен асыл тұқымды мал өсіруге субсидия бөлінуде. Соған орай, болашақта аталмыш шаруашылықта ұзақ мерзімді жоспарға сай 4500 бас асыл тұқымды абердин ангус малын өсіруді қолға алу көзделуде. Қазіргі кезде бұл шаруашылықта 2700 бас ірі қара мал өсірілуде. Облыста мал шаруашылығының дамуы үшін маңызды болып табылатын бұл жобаның құны 800 миллион теңгені құрайды.
Іссапар барысында Кеңащы ауылының әкімі Аян Нұрмұханов:
– Өткен жылдан бері ауылымызда мал шаруашылығы кешені ашылған болатын. Алғаш рет Австралиядан 1158 бас ірі қара мал әкелінді. Оған биыл тағы 44 бас бұқа мен 489 бас абердин ангус малы қосылды. Қазір жалпы саны 1716 бас асыл тұқымды еттік бағыттағы мал бағылуда. Шаруашылық техникамен толық жабдықталған. Мал қораларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Серіктестікті осы саланың қыр-сырын жақсы білетін Хамит Әбсаматов басқарады, – деген еді. Шаруашылық басшысының қайырымдылық шараларын жасап, ауылды абаттандыру жұмыстарына қатысып отыратынын да әкім мақтанышпен жеткізді.
Сонымен, алғашқы еңбек жолын мал дәрігерінен бастаған серіктестік директоры кейін бас маман, совхоз директоры болып айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Сондықтан да, 1971 жылдан ауданның мал шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан Хамит Кәрімжанұлының мал басын көбейту мен оны өсірудің қыр-сыры туралы сағаттап әңгімелесуге дайын екені байқалады. Осылайша ауыл шаруашылығында 50 жылға жуық еңбек еткен ол еттік бағыттағы сиырларды көбейту еліміздегі фермерлер үшін басым бағыт болып табылатындығын жақсы түсінеді.
Біз серіктестікке атбасын тірегенде шаруашылық басшысы мен ондағы он екі мал қорасын жөнге келтіріп жатқан жұмысшыларға кездестік. Ал, шетелден әкелінген сиырлар мамыр айының соңында осы жерден 15-20 шақырым қашықтықтағы жайылымға жіберілген екен. Сондықтан, мал қыстайтын кешенді аралап көрген біз, ондағы өткен қыста мал тұрған алты баздың көңі жаңа технология бойынша алынатынын байқадық. Өйткені, күн сайын малдар баз сыртындағы кең шарбақта жемшөбін жеп тұрады. Сол кезде сабанның жаңа қабаты төселеді де жұмсақ әрі жайлы орынға айналады екен. Көктемде тығыздалып, тапталған көң сапалы тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығы алқаптарына тасымалданады.
Қазіргі таңда серіктестіктің аз уақыт ішінде біршама жұмыстар атқарғаны көрініп-ақ тұр. Әңгіме барысында:
– Біз орналасқан кешен Қазақстан Республикасының инвестициялық қорының қаражатына сатып алынған. Өткен жылы алты баз жөнделді, қалған алтауы өздеріңіз көріп тұрғандай, ретке келтірілуде, енді оларға су өткіземіз. Бұйырса алдағы қыста 3000 бас малды қыстатуды жоспарлап отырмыз. Өткен қыстан малдарымыз күйлі шықты. Малды ұстағанда жемшөптен тарықтырмай, уақытында жағдайын жасап тұрған абзал, – деген Хамит Кәрімжанұлының малдың қыстық жем қорын да ерте бастан ойластырып, тыңайған жерлерді игерумен де айналысып жатқанына куә болдық. Бұл орайда, үш ауылдық округ аумағында 8550 гектар жер, жалпы алғанда, 26 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптары бар екен. Жемшөп дақылдарын себу алдында егістік жерлерді арамшөптерден тазарту мақсатында химияландыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, серіктестік механизаторлары шамамен 4,5 мың тонна жемшөп дайындауды көздеп отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, Хамит Әбсаматов басшылық ететін серіктестік малдарды өсіріп, еншілес кәсіпорындарға жеткізу мақсатында құрылған. Осылайша облысымыздың аудандары мен көршілес өңірлердің өзге де фермерлері осы шаруашылықтан асыл тұқымды абердин ангус бұқаларын сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Серіктестік басшысының айтуынша, кейбір сатылмайтындары етке өткізіледі. Сондай-ақ, елордадағы бас кәсіпорын «Aizet Farms» серіктестігі ет комбинатын салып жатыр, оны пайдалануға беру 2020 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Өндірістік-техникалық базаның дамуы және адами ресурстардың қолжетімділігі еңбек өнімділігінің деңгейіне тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан, серіктестік төрт жаңа Беларусь тракторы мен үш К-700 тракторы, екі жаңа тырма, бүріккіштер, азықтандыру жабдықтары және жемді ұнтақтауға арналған қондырғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, серіктестік басшысы бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларының ең негізгілерінің бірінен саналатын «Manitou» әмбебап жүк тиегішінің қалай жұмыс істейтінін жан-жақты айтып, қуана таныстырды.
Қазіргі таңда Хамит Әбсаматов басшылық ететін серіктестікте өзімен бірге отыз үш адам еңбек етеді. Оның үшеуі Степняк қаласынан болса, қалғаны Кеңащы ауылының тұрғындары. Ал, серіктестік басшысы Көкшетау қаласының тумасы. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жұмыстарына жастарымыздың келуі өте сирек. Жалпы, шаруашылықта механизаторлардың жалақысы 150 мың теңге шамасында, ал, мал өсірушілердікі 170-180 мың теңге екен. Оны осы шаруашылықта еңбек етіп жүрген жұмысшылар да құптады.
– Мен өткен күзде 1200 бас асыл тұқымды малдың алғашқы легі әкелінгеннен бері жұмыс істеп келемін. Осы көктемде тағы 500 бас әкелдік. Күзде тағы мал әкелінеді. Қораларға су өткізіп, осы малдарды орналастыратын боламыз, – деді серіктестіктің мал дәрігері Болат Құсайынов.
Сондай-ақ, қазіргі карантин шараларына байланысты елімізде көптеген кәсіпорындардың уақытша тоқтап, экономикамызға да кері әсерін тигізгені жасырын емес. Алайда, серіктестік басшысының жұмысшыларымен тіл табысып жұмыс істеуінің арқасында уақытша қиындықтан шығу жолдары қарастырылған. Өйткені, серіктестік егістік жерлерге жемшөп дақылдарын ғана емес, сонымен бірге, дәнді дақылдар себуді де ойластыруда. Сондықтан, шамалы қиындықтардың барын шаруашылық басшысы да жасырмайды. Оның баса айтқаны, қазір аса байқалмағанмен, келесі жылы малдар жаппай төлдей бастағанда жұмыс күшінің қажеттігі туындайды. Сол себепті, Кеңащы ауылының жұмыс істеймін деген біраз тұрғындарында осындай мүмкіндік болады. Жалпы, Кеңащы ауылының азаматтары вахталық ауысыммен «Көкше-Цемент», «Өркен-Атансор» кәсіпорындарында еңбек етуде. Ал, біз арнайы барған «BURABAY ASTIQ» серіктестігінің кешені басында өз кеңсесі мен жұмысшыларына арналған асханасы бар. Бұл бүгінде Кеңащы ауылындағы бірден-бір базалық шаруашылық. Өткен жылы Қарттар айлығы кезінде ауылдың 41 еңбек ардагеріне қайырымдылық көмек көрсетіп, әрқайсысына ұн және макарон өнімдері мен бес мың теңгеден сый-сияпат жасаған. Оған қоса, өткен жылы 38 ауыл баласы оқитын мектепке көмек қолын созып, оларға мектеп формасы мен оқу құралдарын алып беріп, азық-түлік сатып алуға қаражат та бөлген. Негізінен, шаруашылық өзінің 8550 гектар егістік алғаптарын игерген кезде жұмысшыларын әрқашан малдың жемшөбі, сабанмен, пішенмен қамтамасыз ететіні айтпаса да түсінікті. Алдағы уақытта шаруашылық басшысы мал басын көбейтумен бірге, наубайхана құрылысын да жоспарлап қойған. Біржан сал ауданындағы «Көкше-Цемент», «Өркен-Атансор», «Семізбай U» кәсіпорындары, «Қазгерқұс» фермасы, «Казбиф» шаруашылықтарынан кейін құрылған «Бурабай-Астық» серіктестігіне бір жыл толды. Осылайша еңбекқор басшы мен ұжымның игі ісін көзбен көріп, көңіліміз толып, өңірде мал шаруашылығын дамытудың инновациялық бағдарламасының жүйелі жүзеге асырылып жатқанының куәсі болып қайттық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.
Суретті түсірген Василий УСТЬЯНЦЕВ.