Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкімнің «Онлайн» қабылдауы - АРҚА АЖАРЫ

Әкімнің «Онлайн» қабылдауы

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарға жеке мәселелері бойынша онлайн режимде қоғамдық қабылдау жүргізді.

Онлайн қабылдауда болған Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы «ПФК Табыс» серіктестігінің директоры Евгений Самусевич облыс әкіміне аталған ауданда салып жатқан көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Ендігі жерде көкөніс қоймасына электр желілерін, су құбырын тарту және жол салу мәселелерін шешу керек. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жағдайға қаныға келе, кәсіпкерге жол және электрмен жабдықтау жағынан көмектесуге әзір екенін жеткізді.
–Талапкер селолық округінің аумағында жүзеге асырылып жатқан, құны 700 миллион теңге болатын «Көкөніс сақтау қоймасының құрылысы» жобасы Целиноград ауданының аумағын дамытудың 2016-2020 бағдарламасына енгізілген. Бұл аудан үшін өте үлкен инвестиция болмақ. Сол себепті, біздің тарапымыздан барлық қолдау шараларын көрсетуге әзірміз. Тек, су құбырын тарту мәселесін әлі ойластыру қажет, – деді Ермек Маржықпаев.
Бұл күні онлайн қабылдау барысында әкім Көкшетау қаласының тұрғыны
Татьяна Липскаяның да өтінішін тыңдады. Екі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ана отбасына уақытша баспана беруді сұрады. Жалғызбасты әйел балаларына өзі қарайтындықтан, жұмысқа да шыға алмай отырғанын айтты. Пәтерге кезекте 3045-інші болып тұр. Мемлекеттен төленетін жәрдемақы пәтерақысынан, дәрі-дәрмектен қалмайтын көрінеді. Айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларының денсаулықтары да сыр беруде. Оларды жақын арада елордадағы емханаға апарып, дәрігерлерге қарату қажет екен. Облыс әкімі Татьяна Липскаяның өтінішін тыңдай келе, Көкшетау қаласы әкіміне жағдайды өз бақылауына алып, жалғызбасты әйелге жатақханадан екі бөлме беруді және облыстық денсаулық сақтау басқармасына мүгедек балаларды осында тексерістен өткізуді тапсырды.
Көкшетау қаласының теміржол сыртындағы «Шанхай» деп аталып кеткен мөлтек ауданында қоқыстың уақытылы шығарылмайтынына, Ақан сері-Станиславск көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер белгісінің жоқтығына уәжін айтқан Көкшетау қаласының тұрғыны Жеңіс Жанатаевтың мәселесін де Ермек Маржықпаев қала
әкіміне жіті бақылауға алуды тапсырды.
Онлайн қабылдауға облыс қалалары мен аудандарынан ғана емес, өзге де өңірлерден кәсіпкерлер байланысқа шықты. Мәселен, павлодарлық кәсіпкер Гүлнәр Қайдарова көп жылдан бері ақмолалық шаруа қожалықтарына дизель отынының кепілдендірілген көлемін жеткізумен айналысатынын айтып, биылғы күзгі орақ науқанында осы жұмыстар қалай болатынын анықтап беруді өтінді. Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, кәсіпкер Гүлнәр Қайдарова басқаратын «ҚазШер» фирмасына жеті мың тоннаға жуық дизель отынының кепілдендірілген көлемін жеткізу бөлініп отыр. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын кәсіпкер Игібай Шалов облыс әкімінен «Кластер Ақмола» жобасын іске асыруда қолдау көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі онлайн қабылдауда болған кейбір азаматтардың өтінішін сол арада шешсе, кейбіреуі бойынша жақын арада тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар