Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қаржы бөлініп, мәселелер біртіндеп шешімін табуда - АРҚА АЖАРЫ

Қаржы бөлініп, мәселелер біртіндеп шешімін табуда

Облыс әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев кезекті брифинг барысында денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының қалай игеріліп, коронавирус пандемиясы кезінде туындаған бірқатар мәселелердің қаншалықты шешіліп жатқандығы туралы ақпарат берді.

Облыста 4 апталық локдаун енгізілді. Бұл коронавирус індетінің таралуын азайтады деген сенім бар. Ол үшін барлық қажетті шаралар жасалып жатыр. Медицина ұйымдары күшейтілген эпидемиологиялық режимде жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта COVID-19-бен ауырған 1727 адам тіркелсе, оның 1109-ында коронавирус індеті білінбей өтуде. Науқастарды емдеу 10 инфекциялық және 26 провизорлық стационар базасында жүргізілуде.

Ағымдағы жылы облыста денсаулық сақтау саласын нығайтуға 62,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл өткен жылғы бөлінген бюджет қаржысынан 45 пайызға артық. Коронавируспен күреске Үкімет резервінен 611,2 миллион теңге бөлініпті. Үш траншпен берілген бұл қомақты қаржыға жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмектер, бір реттік және көп реттік қолдануға болатын обаға қарсы костюмдер, 60 шақты өкпені жасанды желдету аппараттары (ИВЛ) сатып алыныпты.

Пандемиямен күресу мақсатында облыстық резерв қорынан 1,1 миллиард теңге бөлініп, оған пирометрлер, бетперделер, қажетті техникалық құралдар алыныпты және медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметі мамандарының жалақылары мен үстемақылары төленуде. Оған қоса, екі наркоздық демалдыру аппараты сатып алынған.

Бүгінгі таңда облыста дәрігер тапшылығы айқын көрініс беруде. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде 413 дәрігер жетіспейді. Нақты айтар болсақ, Көкшетауға – 164, Степногорскіге – 37,  Есіл, Атбасар, Целиноград, Бурабай аудандарына 20-дан астам дәрігерден қажет.

–Кадр тапшылығын шешу үшін еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарымен және олардың түлектерімен келіссөздер жүргізілуде. Енбек.кз ақпараттық жүйесі арқылы біздің ұсыныстарымызға үн қатқан 200-ге жуық дәрігердің жүзден астамы облысқа келіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, еліміздің жоғары оқу орындарында облыстық бюджет есебінен білім алған 35 резидент оқулары аяқталғаннан кейін келеді. Алдағы уақытта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жалпы медицина мамандығы бойынша оқып жүрген 50 бакалавр мен облыс әкімінің шәкіртақысы негізінде оқитын 68 дәрігер келетін болды, –дей келе, Көкшетаудағы жоғары медициналық колледжін биыл бітірген 135 түлектің көмекке келгенін жеткізді. Олардың 42-сі жедел медициналық, шұғыл медициналық жәрдем қызметін күшейту үшін қалалық емханаларға жіберілген. Бастапқы медициналық санитарлық қызметті күшейту үшін әлі де 100-ге жуық орта медициналық қызметкер келеді екен. Бұл жаңадан келіп жатқан жас дәрігер мамандарды қолдау үшін әлеуметтік көмек шаралары қарастырылған. 2019 жылы 39 дәрігер тұрғын үймен қамтылса, биыл 100-ге тарта дәрігер баспаналы болады. Осы мақсатта Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданында 280 миллион теңгеге 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталған. Зеренді ауданында 40 пәтерлік 5 қабатты үй салу жоспарланса, Атбасарда бұрынғы қан орталығы ғимаратының бірінші қабаты медицина қызметкерлеріне жатақхана етіп қайта жабдықталуда екен.

Мемлекеттік жеке меншік әріптестік шеңберінде Көкшетауда қуаттылығы 630 төсекті қамтитын көпбейінді аурухана салу,  Біржан сал ауданында емханасы бар аурухана салу жоспарланыпты. Целиноград ауданындағы халықтың тығыздығын ескере отырып, 3 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталмақшы. Ағымдағы жылы Көкшетауда бой көтерген онкологиялық емхана іске қосылады. Целиноград ауданының Қосшы, Софиевка ауылдарында бір ауысымда 100 және 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялар ашылады. Шортанды ауданындағы Степное селосында да бір медициналық мекеме ашылмақшы.

Қазіргі уақытта облыстың медициналық ұйымдарында 316 өкпені жасанды желдету аппараттары бар екен. Ағымдағы жылы тағы 41 аппарат сатып алынбақшы. Сонымен бірге, қазіргі уақытта емханаларда онлайн-консультация, виртуалды консилиум бағдарламалары енгізілген. Дәрігерлер бүгінге дейін 350-ден аса онлайн консультациялар өткізіп үлгерген. Облыста 76 шағын мобильді бригадалар құрылып, олар науқастың жағдайын бағалау, көмек көрсету және қажет болғанда госпитальдау үшін барады. Ол үшін медициналық ұйымдарға басқа мемлекеттік органдардан 25 бірлік автокөлік тартылыпты.

Бүгінгі таңда дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болмауы да өзекті мәселеге айналуда. Облыста 352 дәріхана бар. Көтерме сауда жеткізушілерімен жұмыстар жолға қойылып, тиісті шаралар жасалып жатыр. Негізгі ірі жеткізушілері —  «Аманат», «Гелика», «СтоФарм, «Арша» серіктестіктері. Дәріханаға дәрілер түскен кезде, бірден сатылымға қойылып жатқандығы айтылды брифинг барысында.

Ы.ШАМШИЕВА.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар